Жаңалықтар

Елімізде қазақ жылқысына қатысты заң қабылданды

Қазақстанда спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заң қабылданды.

Мәжілістің жалпы отырысында Заң жобасының қабылдануына бастамашы болған депутаттардың бірі Аманжол Әлтай тақырыпқа қатысты қосымша баяндама жасады.

Argymaq.kz сайтының хабарлауынша, Заң жобасының негізгі мақсаты – отандық мініс жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізу.
Аталған мақсаттарды іске асыру үшін заң жобасында «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізілді, осыған сәйкес асыл тұқымды жануарлардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштерімен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігіне, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттер тұқым стандартына жатқызылады.

Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары тек өнімді жылқы шаруашылығын қолдауға ғана бағытталғанын айта кеткен жөн.

Бұдан басқа, заңнамалық түзетулерге сәйкес отандық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау көзделген.

Сонымен қатар, заң жобасының тақырыбы өзгереді, өйткені «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 9- тармағының төртінші бөлігіне сәйкес тақырып нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.

Заң жобасының жаңа атауы – «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін
тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» деп аталады.

-Заң жобасы бойынша мүдделі уәкілетті органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және сарапшылардың, оның ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Парламентаризм институты, Жылқы шаруашылығы республикалық палаталары, Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Қазақстандық жокей клубы және «Бәйге» Федерациясы өкілдерінің қатысуымен таныстыру өткізілді, жұмыс тобының 5 отырысы және Комитеттің бір кеңейтілген отырысы өтті. Салыстыру кестесінде 10 түзету бар, – дейді депутат.

Мәжілістің барлық комитеті оң қорытынды ұсынған.

-Осыған байланысты, әріптестерімнен осы Заңды қабылдау және оны Парламент Сенатына жіберу туралы ұсынысты қолдауды сұраймын, – деді Аманжол Әлтай.

Сурет: Joryk.kz

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button