
Елімізде несиені мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұлдар жойылды
Биыл 31 тамыздан бастап Қазақстан азаматтары тұтынушылық несиелерін мерзімінен бұрын ешқандай айыппұлсыз өтеуге мүмкіндік алады. Бұл өзгеріс жеке тұлғалар үшін қосымша шығындарды қысқартып, қаржылық еркіндікті арттыруға бағытталған.
Бұған дейінгі тәртіпке сәйкес, 1 жылға дейінгі несиелер бойынша – алғашқы 6 айда мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл салынатын. 1 жылдан астам мерзімге берілген несиелер – алғашқы 12 ай ішінде мерзімінен бұрын өтелсе, қосымша комиссия есептелетін.
Енді айыппұлдар мен комиссиялар тек заңды тұлғаларға ғана сақталады. Жеке тұлғалар кез келген уақытта, кез келген сомада несиесін толық немесе ішінара айыппұлсыз жаба алады.
Сала мамандары несиені жаппас бұрын банктен жаңа төлем кестесін сұратуға, қарыз толық өтелген соң құжат жүзінде растайтын анықтама алуға кеңес береді.
Мамандардың пікірінше, бұл бастама азаматтардың несие жүктемесін жеңілдетіп, артық төлемдерді үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жеке қаржылық жоспарлауды оңтайландыруға сеп болады.
Қ.ШӘКІРОВ