Елімізде депозит өтеу мерзімі қысқарады
Atr.kz/9 шілде, 2019 жыл. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшылардың депозиттерін өтеу уақытын қысқартты.
4 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, микроқаржы қызметі және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда банк дәрменсіз болған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) резервінен салымшыларға өтем төлеу мерзімін қысқартуы қарастырылған. Заңның жаңа нормасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
«Қазіргі уақытта мынадай норма қолданылады: ҚДКБҚ банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде өтем төлеуді бастайды. Іс жүзінде, тіпті әрбір кезеңді, соның ішінде апелляциялық іс жүргізуді ескере отырып, соттарда істерді жедел қараған кезде де сот рәсімдері банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 4-5 айға созылуы мүмкін»,- делінген Қордың хабарламасында.
2018-2019 жылы бұл норма «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ және «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ 286 мың салымшысына қатысты қолданылды. ҚДКБҚ үш банктің клиенттері алдындағы өз міндеттемелерін уақытында орындауға кірісті. Осыдан соң ҚДКБҚ Қазақстан Ұлттық банкіне қаржы ұйымы дәрменсіз болған жағдайда салымшыларға өз ақшасын тезірек алуға мүмкіндік беретін бастама ұсынды. Бұл бастама Парламент Мәжілісі мен Сенаты тарапынан қолдау тапты.
1 қаңтардан бастап депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банкті барлық банк операцияларын жүргізуге берілген лицензиядан айыру ҚДКБҚ қаражатынан өтем төлеуге негіз болатын болады. Осылайша, кейіннен сотқа талап арыз беру жылдамдығына, соттарда істерді қарау және ықтимал апелляциялық шағымдарға қарамастан, банк салымшылары-жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер барлық банк операцияларын жүргізуге лицензиядан банк айырған күннен бастап 35 жұмыс күнінен кешіктірмей ҚДКБҚ резервінен төлем алады.
Қазақстандықтардың депозиттік шоттарының 99,8% жинақталған сыйақыны есепке ала отырып, толық сомаға ҚДКБҚ кепілдігімен қорғалған. Таратылатын үш банк салымшыларының 95%-ы толық сомаға өтемақы алды немесе алуға құқылы. Төлем мерзімінің қысқаруымен Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі тиімді болып отыр.