Елімізде 80 мыңнан астам отбасы жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алды
Аtr.kz/2 мамыр, 2019 жыл. «Е-Халық» жүйесі арқылы 148 649 өтінім қабылданды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов мәлім етті.
«Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру аясында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құжаттар қабылдау жүргізілуде. Өтініштер Жұмыспен қамту орталықтарында және ауылдық әкімдіктерде қабылданады. Ағымдағы жылғы 2 мамырдағы жағдай бойынша «Е-Халық» жүйесі арқылы барлығы 148 649 өтінім (799 032 адам) қабылданды», — деді Қ.Құлшыманов.
Министр хатшысының мәліметінше, қабылданған 150 мыңға жуық өтінімнің 100 566 бойынша оң шешім қабылданды және 41 647-і қаралуда. Ең көп өтініш берушілер Түркістан — 30 382 отбасы (180 179 адам), Алматы облысында — 17 698 (93 399 адам) және Шымкент қаласында -17 275 отбасы (88 478 адам) тіркелді.
«Бұдан басқа, 48 380 (269 330 адам) АӘК алушыларға бұрын тағайындалған сомаларға автоматты режімде қайта есептеу жүргізілді. Бүгінгі күні жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 84 287 отбасына жалпы сомасы 9,4 млрд теңгеге төленді.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап тағайындалатынын және өтініш беру күніне тәуелді емес екенін еске салады», — дейді ол.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, осы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50% — нан 70% — ға дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өседі. Бұл ретте, егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңгені құраған болса, енді әр балаға 20 789 теңге төленеді. 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекке барлығы 130 млрд теңгеден астам қаражат көзделген.
Дереккөз: «Қаз Ақпарат»