Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Электронды ақшалар: Бүгін және ертең

Жылдам, әрі қолайлы. Әсіресе, уақыт атты басты ресурс қат саналатын бүгінгіге керекті «үнемшілдік формуласы» осындай элементтерден тұруы тиіс. Мемлекет қазір уақытты максималды түрде үнемдеуге мүмкіндік беретін бірнеше жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Бір терезе», «Азаматтарға арналған үкімет», «Электронды кезек» қағидаттары бүгінде телефондар мен гаджеттерге үңілген толқын арасында кәдімгідей танымалдылыққа ие. Электронды ақшалар да – заман ағымына байланысты қолданысқа енген «ноу-хаулардың» бірі.

%d1%8d%d0%bb%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%80%d0%be%d0%bd%d0%b4%d1%8b-%d0%b0__%d1%88%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d0%b1__%d0%b3%c2%a6%d0%bd-%d0%b6__%d0%bd%d0%b5-%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%b5__

Жаңа  жүйе эволюциясы

Бір қарағанда, электронды ақшалардың банктегі есеп-шоттардан аса айырмашылығы жоқтай көрінуі мүмкін. Бірақ, оның ең басты артықшылығы  – электронды шот ашу үшін сайтта тіркелудің ғана жеткілікті болуында. Және электронды есеп-шот сізден жеке куәліктен басқа құжатты талап етпейді. Тағы бір кереметі, электронды қызмет үшін қосымша комиссиялық төлем төлемейсіз.

«Ең алдымен, электронды ақша интернет арқылы сауда жасауға, тамаққа тапсырыс беру, киім-кешек, тұрмыстық техникалар алудан бастап, коммуналдық төлемдер бойынша есеп айырысуға ыңғайлы. Осындай ең маңызды қызмет түрін ұсыну арқылы — электронды ақшалар сіз бен біз сөз етіп отырған уақыттың үнемделуіне, базарлардан бастап, коммуналдық мекемелердегі ұзын-сонар кезектердің азаюына мүмкіндік берді. Сондай-ақ, интернет қолданушылар үшін тауарлар ассортиментімен бірге, нарықты да кеңейтті. Себебі, кез келген электронды шот иесі Қазақстаннан ғана емес, қалаған елінен тауар таңдап алу мүмкіндігіне ие болды» — дейді ІТ технология саласының маманы Фарид Галиахметов. Оның пікірінше, электронды ақшаның болашағы зор. Себебі, қазір неғұрлым онлайн режімінде жүруді таңдайтын ұрпақ қалыптасып жатыр.

Мысалға, сіз өзіңіз тұратын қаладан төмен бағаға сапалы тауар таба алмауыңыз мүмкін. Ал, электронды есеп-шотыңыз болса, қалаған тауарыңызды тікелей өндірушіден, яғни, делдалсыз және айтарлықтай жеңілдіктермен де ала аласыз. «Электронды ақшалар таңның атысы, кештің батысы кеңседе отыратын мен  сияқты қызметкерлер үшін, тіпті керемет дүние болып отыр. Себебі, біз қалағанымызды интернеттен лезде іздеп, тауып, тапсырыс беру арқылы  алып отырмыз», — дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өкілі, магистр Мұрат Махамбетов.

 

Тұрмыстық деңгейдегі танымалдылық

Электронды ақшалар ұсынатын сервистік қызмет түрлері күн санап кеңейіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары қалта телефонына баланс жүктеу үшін, арнайы орталықтарға барып, бірлік сатып алушылардан гөрі, терминал қызметіне жүгінушілер санының едәуір артқанын статистикалық деректер көрсетіп отыр. «Актив», «Кселл», «Beeline», «Теле2», «Dalacom» байланыс құралдары ұсынған баланстың 90 пайызға жуығы терминал арқылы сатып алынады екен. «Forbes Kazakhstan» таратқан мәліметке қарағанда, терминал жүйесінің жылдық айналымы  700-800 миллион (!) долларға дейін жетіп артылады.

Интернет қолданушылар жиі жүгінетін электронды қызметтің бірі – жол жүру құжатын сатып алу. Әуе кассаларын аралап, вокзалдағы ұзын-сонар кезекте уақытын жоғалтқаннан гөрі, үйде отырып-ақ, билет рәсімдеуді қолайлы көретіндер  арасында қазір aviata.kz сайты кәдімгідей танымалдыққа ие. Өйткені, осындай онлайн сайт ақылы жол жүру құжатын рәсімдеушілер неғұрлым арзан билет алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Қазіргі таңда қазақстандықтар арасында «Qiwi Kazakhstan», «Kassa 24», «КиберПлат» терминалдар жүйесіне жүгінушілер саны едәуір көбеюде. Онда да отандастарымыз электронды ақшаны тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ғана пайдаланып келеді. Бірақ, әлемдік тәжірибе электронды ақша жүйесінің болашақта депозит деңгейіне дейін жететінін көрсетіп отыр. Яғни, болашақта жинақты электронды жүйе арқылы сақтау – қазақстандықтардың күнделікті өмір сүру салтына айналуы мүмкін. Себебі, электронды жинақтар қауіпсіздігімен, ыңғайлылығымен ерекшеленіп отыр. Мәселен, таңдау мүмкіндігінің кеңдігі, еркін әрекет ету, электронды картаның жарамдылық мерзімінің шектелмеуі сынды факторлар өркениетті елдер халқының онлайн жүйесіндегі ақшаға деген сенімін арттырып келеді.

«Еуропа елдерінде электронды төлем жүйесінің айтарлықтай дамығаны сонша, интернет ке-ңістіктегі көптеген сайттар ресми валюта ретінде электронды ақшаны ғана қабылдайды. Деректер PayPal, E-Gold жүйелерінің күніге мыңдаған электронды АҚШ долларын шығаратынын айтады. Осындай электронды валюта арқылы бүгінде еуропалықтар автомобильден бастап, жылжымайтын мүлікке дейін сатып алып жатыр» — дейді қаржы саласының маманы Самал Құлтуова.

 

Ұлттық  банк не  дейді?

Электронды ақша жүйесін Қазақстанның Ұлттық банкі де ерекше назарда ұстап келеді. Өткен жылы «Төлемдер және төлемдер жүйесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл заң қазір электронды  ақша айналымын белгілі бір деңгейде реттеуге мүмкіндік беріп отыр. Ұлттық банктің мәліметінше, электронды ақша нарығы Қазақстанда 2013 жылдан бастап ерекше қарқынмен дами  бастаған. 2014 жылы электронды ақша жүйесі арқылы, 7,9 миллион транзакция жасалып, айналымдағы ақша 21 миллиард теңгені құрады. Бұл электронды ақша арқылы жасалған операцияның 2013 жылмен салыстырғанда, 70 пайызға дейін ұлғайғанын көрсетеді. 2015 жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша, Қазақстандағы электронды ақша иелері 1 миллион 783 мың 546 адамды құраған. Оның ішінде, 295 мың 935 адам белсенді қолданушы екен. Бұл көрсеткіш, биыл да артып отыр.

P.S.

Мұның барлығы электронды есеп айырысу жүйесіне көшу кезеңінің елімізде жойқын жылдамдықпен болмаса да, өз ретімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Және  бұл адамзат эволюциясымен бірге жүре беретін табиғи үрдіске айналып бара жатыр…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Тақырыпқа  орай

Владимир КИМ,

QIWI Kazakhstan

компаниясының директоры:

«Электронды төлем жүйесінің артында болашақ жатыр. Себебі, бүкіл әлем электронды ақша айналымына өтуде. Біріншіден, электронды ақша жүйесі мемлекетке пайдалы. Себебі, электронды ақшаларды бақылауда ұстау ыңғайлы. Және мұндай транзакциялардың қауіпсіздігі де жоғары».

 

Ерлан  АШЫҚБЕКОВ,

Ұлттық банктің төлем жүйелері

департаменті директорының орынбасары:

2012 жылдан бастап Қазақстанда электронды ақшаның бірінші отандық жүйесі пайда болды. Ұлттық банк осы салаға қажетті құқықтық жағдайларды жасауға да мүдделі. Себебі, қаржы секторының алдында бұл салада көрсетілетін қызметті мейілінше кеңейту міндеті  тұр.  Сондықтан, инновациялық жаңалықтармен бірге, жаңа төлем жүйесін енгізу маңызды. Себебі, Қазақстан үлкен аймақтық территорияға ие».

Біздің анықтамалық

Электронды ақшалардың бірінші прототипі магниттік несие картасы түрінде 1980 жылдары пайда болды. 1990 жылдары смарт-карталары қолданысқа енді. Бұл карталар банк есеп-шотында сақталған ақшаларды түрлі транзакция үшін пайдалануға мүмкіндік берді.

Related Articles

3 Comments

  1. Ия, болашақ электрондық ақшаларда! Рахмет авторга

  2. Жүре берсен көре бересің деген осығо)

  3. Электронный карталар өзіме жақсы болды. Киви кошелек ашып, қазір ламодадан киімдерді 3 күн ішінде алып отырмын. Арасында пицца, сушиға тапсырыс та беріп қоямын. Шынымен де, электронды ақшалар жақсы болды. Уақыты жоқ біз сияқтыларға, әсіресе)))

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button