Жарнама
Жаңалықтар

Электронды тіркеу тұрғындар қызметтің осы түрін көбірек таңдап отыр

  Жуырда «Қазмедиа орталығы» ғимаратында ҚР Әділет министрі Берік Имашев бейнеконференция өткізіп, халық алдында есеп берді. Оған Атырау облыстық әкімдігінде жергілікті басқарма басшылары, заңгерлер тікелей байланыс желісі арқылы қатысты.

   ҚР Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, бүгінде электронды тіркеу деңгейі серпін алып келеді. Өткен жылы 11 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, соның 83%-ы электронды форматта (көпшілігі жылжымайтын мүлікке құқығын тіркеу саласына қатысты) ұсынылыпты. Яғни, электронды тіркеу өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге өсіп отыр. Мұны «тұрғындардың енгізіліп жатқан жаңалықтарды қолдайтындығының көрсеткіші» деп түйіндеген Берік Имашұлы өзі жетекшілік ететін құрылымның 50-ден астам мемлекеттік қызметке жауапты екеніне де тоқталды.

  — Реестрге сәйкес, Әділет министрлігіне мемлекеттік қызметтің 53 түрі бекітілген, оның ішінде министрлікпен тікелей 40 қызмет түрі көрсетіледі, 9 – жергілікті атқару органдарымен және 4 қызмет «Үкімет – азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясымен атқарылуда, — деді ведомство басшысы.

   Осы ретте ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқандығын жеткізді. Министрден естіген тағы бір жаңалығымыз – авторлық құқық саласындағы өтінімдерге қатысты. Қазіргі уақытта авторларға төленген сыйақы сомасы едәуір артыпты. Оның көлемі соңғы бес жылда үш есеге өскен. Ал, жиналған сыйақының жартысынан астамы қазақстандық авторларға аударылыпты.

  Бейнеконференцияда Әділет министрлігінің Еуразиялық экономикалық одақ қызметі аясында екі мыңнан астам жобаға сараптама жүргізгендігі белгілі болды. Үкімет мүшесінің сөзіне қарағанда, жаңа одақ ауқымында халықаралық шарттарды бе-кіткенге дейін және Еуразиялық экономикалық комиссиямен шешімдер қабылданар алдында министрлік бұл құжаттарға заңнама бойынша сараптама жасайды. Бұл шешімдер адамдардың конституциялық құқығы мен бостандығына, Тәуелсіздікке, республиканың басқару тәртібіне, аумақтық тұтастығына ықпал етпеуі тиіс. Әділет министрі конференцияға қатынасушылардың ғана емес, бейнебайланыс арқылы аймақ тұрғындарының сауалдарына да жауап берді. Олардың көпшілігі атқарушылық іс жүргізу, құқықтық қызмет көрсетуге қатысты мәселелерге қатысты болды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button