Жарнама
Әлеумет

Елдің әлеуеті күшеюі керек

«Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан – әлеуметтік мемлекет деп тұжырымдаған. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап қалыптасу керек деп ойлаймын, сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз.

Әлеуметтік тенсіздікті бәсендету дегеніміз өте бай мен өте кедей азаматтардың арасын жақындату. Егерде іске асатын болса қоғамда наразылық және әлеуметтік қақтығыстар азаяды. Осыған байланысты орта таптың қалыптасуы өзектілікке және маныздылыққа ие болды.
​Дамыған деп саналатын елдерде орта тап халықтың ең үлкен тобы екені атап өтіледі. Жалпы алғанда, орта тап келесі критерийлер бойынша сипатталады: білім деңгейі, табыс деңгейі, тұтыну стандарттары, материалдық немесе зияткерлік меншікке иелік ету және жоғары білікті жұмыс істеу қабілеті. Мысалы, АҚШ, Жапония, Батыс Еуропа елдерінде халықтың 60% дан 80%-ға дейіні орта тапқа жатады. Бұл есептеулер келесі критерийлер бойынша жүргізіледі: жақсы ақы төленетін жұмыстың болуы, балаларды ЖОО-да оқыту мүмкіндігі, жеке көлігі, кейбір жағдайларда тұрғын үй.
Қазақстандағы зерттеуге сәйкес, халықтың 30-35 пайызын орта тапқа жатқызуға болады. Сонымен қатар, бұған орта тап пен кедейлер арасындағы шекарада тұрған протоорта таптың өкілдері де кіреді.
​Қазіргі кезде орта тапты қалыптастыруда екі факторларға тоқталуға болады: экономикалық және әлеуметтік. Сұхбатта айтылғандай, үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстарын жақсы нәтижелі болды деген.
​Әлеуметтік тұрғыдан қарасақ, былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.​
Орта тапты дамыту үшін Үкімет шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруы керек. Микрокредиттік ұйымдардың жұмысын, оның ішінде мемлекет есебінен де қолдау қажет. Олар біздің жүздеген мың азаматтарымызға жеке кәсіп ашуға қолдау көрсетуде. Шағын несиенің қолжетімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу шараларын қарастыру қажет. Дамыған кәсіпкерлік саласы кез келген елдің экономикасының тірегі болып табылады».
Азаматтарда әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ететін жұмыс болса немесе кіші және орта кәсібі дамыса олардың мемлекеттік органдарына және болашаққа деген сенім артады, елімізде қоғамдық оптимизм пайда болады.
Елге бүгінде дамыған орта тап ауадай қажет. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл негізгі салық төлеуші, саяси тұрғыдан алғанда, мемлекеттегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді негізгі тап болып табылады.

Айдын ЛҰҚПАНОВ,

әлеуметтанушы, Атырау университетінің «Журналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button