ЕЛДІҢ ДӘУЛЕТІ СӘУЛЕТІНЕН КӨРІНЕДІ

Атырау қаласындағы Құр-манғазы атындағы мәдениет сарайында құрылысшы күніне орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

 

Аймақ басшысы өлкенің шырайын арттыруда құрылыстың маңызды сала екенін айтып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады.

Құрылысшылар – жер бетіндегі бейбіт, жасампаз мамандықтың иесі. Елбасының айтқанындай, құрылыс – ел экономикасының локомотиві, елдің дамуына бағытталған даңғыл жол. Осы тұрғыда миллиардтаған қаржы құрылыс саласына бөлінуде. Соңғы жылдары елімізде бұрын-соңды болмаған жұмыстар іске асты. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының бірі «Қазақстан – жаңа Сингапур болуы мүмкін, Ресей Қазақстаннан жеті бағытта үлгі алуы керек» деп жазады. Мұның өзі – бізге берілген үлкен баға. Бүгінге дейін Атырау аймағында да бұл салада бірқатар жұмыс атқарылған болса, мұны іске асыруда құрылысшылардың еңбегі зор. Осы еңбектеріңіз жандана берсін! Толағай табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Сондай-ақ,  аймақ басшысы мәртебелі мамандық иелерінің бір тобын марапаттады.

Салтанатты жиында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаров, «Атакент Жылыой» ЖШС директоры Ғизат Бисенов, Құрманғазы ауданы, Орлы селолық округі әкімінің кеңесшісі Мәлік Матыбаев, «Ғимарат» ЖШС директоры Қайыржан Балжігіт және «SolarА.kz» ЖШС директоры Бауыржан Жолмұханов «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды. Ал, ҚР Сәулетшілер одағының Алтын медаліне ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚР қала құрылысшылары одағының төрағасы Ізімберген Санабаев ие болды.

Сондай-ақ, бірқатар сала қызметкерлері «ҚР Құрметті жолшысы» төсбелгісімен, ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР Кәсіподақ федерациясының Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.   

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз