Елбасының Алғыс хатына ие болды
Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев наурыз айында өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауына белсенді атсалысқан бір топ азаматты ел Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапаттады.
Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы сайлауға атыраулықтардың жоғары деңгейде атсалысқандығын атап айтты.
— Сайлау – маңызды саяси науқан. Себебі, Мәжіліс депутаттары – қоғамдағы барлық қарым-қатынасты реттейтін заң шығарушы орган. Әр деңгейдегі мәслихат депутаттары да еліміздегі реформалардың жүзеге асуына ықпал етіп, халықтың талабын, мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізеді. Аталған шараға Атырау жұртшылығы жоғары деңгейде атсалысты. Осыған байланысты сайлауалды тұғырнаманы халыққа жеткізген өңірлік, аумақтық штаб мүшелеріне, әрбір сайлаушыға және тұрғындарды бірлік пен болашақ табыстарға жігерлендірген сайлау алдындағы жұмысқа қатысушылардың барлығына алғысымды білдіремін.
Саяси науқанға атыраулықтардың 85,4 пайызы қатысса, олардың 82,4 пайызы «Нұр Отанға» дауыстарын берді. Бұл – елдің болашаққа деген сенімі. Елбасы саясатына деген қолдаудың айқын көрінісі. Облысымыздан Мәжіліс депутаттығына Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бейбіт Мамраев пен Бақытгүл Хаменовалар сайланды. Ал, топтың арасынан халықтың, биліктің сеніміне ие болған Бақтықожа Салахатдинұлы Мәжіліс спикері атанды.
Ең алдымен, мемлекетті дағдарыстан алып шығатын «100 нақты қадамнан» тұратын 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру қажет. Халық қалаулылары елдің үмітін ақтауы тиіс. Және мәслихат депутаттары бұл жауапкершілік жүгін түсінеді деп білемін, — деген облыс басшысы бір топ «нұротандықтарға» ел Президентінің Алғыс хатын табыстады.
Алғыс хат иелерінің атынан сөз алған «Нұр Отан» партиясының Индер аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиев пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Бақтыбек Таубаев Елбасы марапатының Атырау жұртшылығы үшін үлкен мәртебе екендігін атап айтты.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.