Елбасы латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасымен танысты
Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды,-деп хабарлайды Akorda.kz.
Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. «Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақылауымда болды»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін айтты.
«Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады»,-деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады.
Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мән беруді қажет ететін жекелеген мәселелерге тоқталды. «Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет»,-деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды.
«Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.
Осы орайда, «Атырау» газетінің тілшілері латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасына қатысты атыраулық қоғам қайраткерлерінің пікірін білен еді.
Қайыржан МАХМУТОВ, ҚР Мәдениет қайраткері: Мен негізі 1940-шы жылдарда латын әліпбиінде оқып, білім ала бастаған жандардың бірімін. Біз бірінші сыныпты, екінші қатардың партасындағы оқушылар үшінші сыныпты оқыды. Үшінші сыныптықтар таза латынша оқып, жазып жүрді. Біз қазіргі жазуды үйрендік. Бірақ, байқағаным, сол кездегі үлкен балаларға еліктеп латынша әріпті тез меңгеріп кеттік. Оқуға өте ыңғайлы еді. Керісінше, қазіргі жазуға (кириллицаға) үйрене алмай көп жүрдік.
Сегізінші сыныпқа көшкенде немісше жазып үйрендік. Онда да латын әріптеріне ұқсас болғандықтан, оқуды да, жазуды да тез үйреніп кеттім. Қазір латынша жазуды еркін оқи аламын. Оның үстіне смартфондар, компьютерлердің бәрінің тілі латын әліпбиімен бірдей.
Осы ретте айта кетейін, қазір бос уақытымыз көп болғандықтан, үйде кітап оқимыз, өткен-кеткенді еске алып естеліктер жазамын. Бір күні бұрынғы кітаптарымды қарап отырып, «Қазақ көркем әдебиеті» баспасынан жарық көрген «Тарту» («Тartu») деген кітапты тауып алып, ондағы латынша жазылған өлеңдердің мәтінін қазақшалап қойдым. Жамбыл Жабаевтың, Асқар Тоқмағамбетовтың, Нұрпейіс Байғаниннің өлеңдері басылыпты. «Қара жорға» күйіне лайықталған мәтін де бар.
Мен өнер саласында жүргендіктен, шет мемлекеттерде де көп болдым. Сол кезде көргенім, өнер туындыларының көбі латын әліпбиінде жазылған және оны аудару арқылы түпнұсқасын жоғалту қаупі бар.
Сонымен қатар, біздің келешек ұрпақ ғылыми-техникалық инновация дәуірінде өмір сүруде. Ал, техника тілі ағылшынша емес пе? Сол үшін жастар қазірден бастап латын әліпбиінде жазып үйренсін, дағдылансын деймін.
Светлана ХАН, «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің Атырау облыстық филиалы ақылдастар алқасының төрайымы: Латын әліпбиіне көшу мәселесі айтарлықтай қиындық туындатады деп ойламаймын. Себебі, қазақстандықтардың дені ағылшын тілін жетік меңгерген. Тіпті, өзімнің балаларым мен немерелерім де латын тілінде сауатты жазады. Ал, графика ауыстыру қазақ ұлтына ғана қатысты мәселе деген түсініктен арылуымыз керек. Себебі, латын әліпбиіне көшу – тұтас елдің тағдырына тікелей әсер ететін қадам.
Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы ғылыми кітаптардың латын тілінде жазылғанын көруге болады. Мәселен, математикалық, өзге де формулалар латын тілінде беріледі. Оның үстіне, ағылшын тілі бастауыш мектеп бағдарламасына да енгізілді. Дәрігерлер барлық медициналық мәліметтерді латын тілінде жазылған әдістемелік кітаптардан алады. Демек, осы факторлардың өзі әсіресе, жас буынға латын тілін жетік, әрі тез меңгеруге жол ашады деп ойлаймын.
Сондықтан, әліпби мәселесі жалпыхалықтық міндетке айналса, жаңа графиканың қарым-қатынас құралына айналарына сенемін. Ең бастысы, біз өркениет жолындамыз.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының жетекшісі: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жобасы ұсынылды. Президент осы бағытта құрылған жұмыс тобымен кездесуінде аталмыш реформаның қоғам санасын жаңғыртуда маңызы зор екенін атап өтті. Бүгінде қоғамның қызу талқысына түскен қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасында бәрі қамтылған деуге болады.
Елбасы латын әліпбиіне көшу идеясының еліміз егемендік алған мезгілде туындағанын, бұл мәселенің тікелей өзінің жеке бақылауында болғанын айтты. «Әлемде ешбір ел дәл осылай жаңа әліпби нұсқасын бүкіл халық болып талқыламаған болар. Біз үшін әркімнің пікірін білу маңызды. Президент әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Бұл үрдісті жастардың да қолдағаны қуантады»,-деп Елбасы өзі айтқандай, тіл реформасы түрлі қоғамдық бірлестіктер, ғылыми топ пен қалың бұқараның талқысынан өтті. Жай талқыланып қана қоймай, әлемдік тәжірибе негізге алынды.
Осы ретте, бір ескерер жайт, аталмыш реформа басқа тілдердің қолданысы мен азаматтардың құқығына нұқсан келтірмеуі керек. Мұны Президент те қатаң ескертіп отыр. Соның ішінде, кириллицадағы орыс тілінің қолданысы еш өзгеріссіз қалғаны да белгілі. Мемлекет басшысы қазақ тілін үйрене алмай жүргендер үшін де жаңа әліпбидің берері мол екенін де атап айтты.
Қалай болғанда да, басты мақсат – мемлекеттік тілді әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару болып табылады. Ендеше, жаңа әліпбидің еліміздің өсіп-өркендеуі мен қоғам дамуына тигізер пайдасы зор болады деген сенімдеміз.
Айқара Ғұмар