Елбасы атыраулық студенттермен кездесті
Мемлекет басшысы «ҚазТрансОйл» компаниясы «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру барысында Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартқан жаңа Студенттер үйінің ғимаратымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу кезінде Елбасы қазақ халқының үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, сондай-ақ отаныңды сүюге негізделген салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты.
Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.
– «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысында облыстың 18 оқу орны 6 мыңнан астам оқулықпен қамтамасыз етілді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы құны 9 миллиард теңге болатын 46 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақтың мәдениеті мен өнерін таныту мақсатымен әлемнің 12 елінің сахнасында өнер көрсетті. Аймақ кәсіпкерлерінің қаржысына Түркия астанасы – Анкараның орталығындағы Дина Нұрпейісова атындағы алаңда әйгілі күйшінің бюсті орнатылатын болады, – деді Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев.
Айта кетейік, 2020 жылға қарай облыстағы оқу орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1960 орындық 13 жатақхана салынады.