Жарнама
ЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

Елбасы және халық: Биылғы Наурыз несімен ерекшеленді (+ФОТОРЕПОРТАЖ)

Atr.kz/22 наурыз, 2019 жыл.  Наурыз мерекесі халықтың есінде ұзаққа сақталатыны сөзсіз. Өйткені осы жаңа жылымыз тосын оқиғаларға толы болды және 19 наурыздан бері осы өзгерістерге баршамыз куә болдық…

Наурыз мерекесі ерекше тойланды

Биыл елордадағы ЭКСПО аумағында ұйымдастырылған Наурыз мейрамына бірнеше күннен бері қызу дайындық жүрді. Алаңда 17 киіз үй тігіліп, алтыбақандар құрылған. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, театрландырылған көріністерді, айтысты, қазақ эстрадасының жұлдыздары қойған концертті тамашалауға қызығушылық танытқан қала тұрғыдары таңертеңнен кешен аумағына қарай ағыла бастады.

Қонақтарды қазақ батырларының сауыт-сайманын асынған бойшаң жігіттер қарсы алып тұрды, қалың жұрт олармен жаппай суретке түсіп жатты. Сонымен қатар адамдар әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, көріністі тамашалауға кірісіп кетті.

20190321211326

Қызу қанды жігіттер қазақша күрес, гір тасын көтеру, қол күресі бойынша күштерін сынаған болса, балалар жағы арқан тартысты қызықтап мәз-майрам болып жатты. Этноауылға жиылған халық таратылған наурыз көже мен ыстық бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, көтеріңкі көңіл-күйде жүрді.

Сағат 12:00-ге қарай этноауылға кіреберіс жерде Парламент депутаттары және Үкімет мүшелері жинала бастады. Сағаттарына қайта-қайта қараған түрлерінен олардың мәртебелі меймандарды күтіп тұрғаны байқалды. Олардың арасында мерекелік шараға келген ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Мемлекеттік хатшысы Бақытжан Сағынтаев, Президент Әкімшілігінің басшылығы, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов болды.

20190321211713

Мұны сезген жұршылық та сол аумаққа қарай шоғырланды. Ал тілшілер қауымы диктофоны мен микрофондарын дайындай бастады. Бірер сәттен кейін сол жерге тоқтаған көліктен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев түсті. Елбасы қалың жұршылықтың арасына әдемі қоңыр шапанын киіп, көтеріңкі көңіл-күймен келді. Жиналған көпшілік қатар келе жатқан Тұңғыш Президент пен Мемлекет басшысын қаумалап қоршап, жаппай суретке, селфиге түсіп, құттықтауларын жаудыра бастады. Н. Назарбаев әдетінше тойшыл қуымды Наурызбен құттықтап, жанындағы адамдармен әзілдесуге де үлгеріп жатты. Елбасының президенттік өкілеттікті тоқтату туралы шешімінен хабардар халық Нұрсұлтан Әбішұлына қимастықпен қарап тұрғанын да аңғардық.

20190321211618

Қобалжыған адамдар көз жасына ерік беріп жатты… Елбасы мен ҚР Президентіне жақын тұрған жамағат олардың амандығын тілеп, елдегі бейбітшілік пен тыныштыққа алғыстарын айтып, тілектестік білдірді.

20190321211641

Қадірлі меймандар этноауылдың  орта кезіне қарай жеткенде, оларды өзінің дәстүрлі әнімен Халық әртісі Роза Рымбаева қарсы алды.

20190321211331

Айтпақшы, бүгінгі Наурыз тойында елордада некелерін қиған 9 жұптың ерекше жолы болды десек қателеспейміз. Шаңырақ көтерген елордалық жастарға Нұрсұлтан Назарбаев ақ батасын берді. Елбасы жас отбасыларды есте қаларлық осы маңызды күндерімен құттықтап, оларға бақытты ұзақ өмір тіледі. Сондай-ақ елдегі тыныштықтың сақталуын, әрбір отбасының өсіп, өркендеуін, жастардың патриоттық рухта тарбиеленуін тілек етті.

20190321125110

Елбасының серіктестері мен қызметтестері не дейді…

Осынау мерекелік күнде алаңға министрлердің де, депутаттардың да бірқатары келді. Олар тілшілер қауымына елорда атауын өзгерту бастамасына қатысты көкейіндегі ойын айтып, түсіндіріп жатты.

ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Елбасының еңбегін лайықты бағалау керектігін, қиын кезеңде, яғни 90-шы жылдары жаңа астананы құру туралы шешім қабылдау, мұндай зор жауапкершілік алу əркімнің қолынан келе бермейтінін атап өтті.

20190321125013

«Ол үшін үлкен жүректілік пен табандылық, сенімділік болу керек. Соның дәлелі ретінде жаңа елодамыздың жасы қазір 20 жылдан асты. Сондықтан бұл дұрыс шешім, өйткені ол болашақ үшін керек. Жастар өз Отанын, ұлтын, мемлекетін сүйіп өсуі керек жəне елге еңбек еткен адамдарды да еш уақытта ұмытпауымыз қажет. «Тарихсыз болашақ болмайды» деп айтамыз ғой, осы орайда 20 наурыз күні маңызды шешім қабылданды деп ойлаймын», — деді Бердібек Сапарбаев.

20190321125049

Сонымен қатар бүгін ЭКСПО аумағында Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановты да кездестірдік. Естеріңізде болса, ол бұған дейін елордаға Елбасының есімін беру бастамасын бірнеше рет көтерген еді.

20190321125102

«Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен ерлігіне орай қалаға Елбасының есімін беруді бастапқыдан құптаған едім. Сол үшін талай жайсыз сөздерді естіген болатынмын. Негізі, осы мәселеде әділ шешім қабылданып, кеше Парламент тиісті құжатты бекітті. Елорда Елбасының есімімен аталғанына мен қуаныштымын», — деді Қ. Сұлтанов.

20190321211629

Парламент Мәжілісінің тағы бір депутаты Бекболат Тілеухан да 20 наурыз күні Қазақстанда тарихи әділ шешім жасалғанын және осылай болуы керектігін жеткізді. 

«Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның жолы Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен тығыз байланысты. Тиісті қабылданған шешімге тоқталсақ, мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде бар», — деді депутат елордадағы Наурыз мерекесін тойлау шарасында.

20190321125200

Осы орайда Б. Тілеухан АҚШ-тың негізін салған Джордж Вашингтон есіміне кезінде лайықты баға берілгенін атап өтті.

«Сондықтан Назарбаевтың есімін ұлықтау — ол Тәуелсіздіктің қадірін білу деген сөз. Бұл тұрғыда мен осындай пікірді ұстанып тұрмын», — деді депутат.

20190321211706

Дереккөз: “ҚазАқпарат”

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button