Елбасы: Тоқаев — әр іске жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері
Аtr.kz/19 сәуір, 2019 жыл. Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс деп санаймын. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Еліміздегі билік сабақтастығын жалғастыру — Ата Заңымызға толық сәйкес келеді. Екі апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жан-жақты ойластырылып жасалған қадам. Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері. Ол айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі», — деді Елбасы.
Осы орайда Н. Назарбаев Қазақстан бүкіл әлемге демократиялық даму жолын таңдағанымызды тағы да бір көрсеткенін атап өтті. «Президенттік өкілеттігімді тоқтатқаннан соң, бірқатар елдердің басшыларымен сөйлестім. Көпшілігінен әлі күнге дейін хаттар келіп түсіп жатыр. Солардың барлығы билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырып жатқанымызға құрметпен қарайтынын жеткізді. Ең алдымен, алдағы Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс деп санаймын. Еліміз үшін тұрақтылық пен татулықтан артық еш нәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін. Міне, ең бастысы осы», — деді Тұңғыш Президент.
Естеріңізде болса, 9 сәуірде республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымда өткізу туралы шешім қабылдағанын жария еткен болатын.
Дереккөз: «Қаз Ақпарат»