Ел тәуелсіздігі мерекесіне – ең сапалы жанармай
Бұл Атырау мұнай өңдеу зауытында дайындалады
Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрге айналған Жалпыұлттық телекөпір өтті. Отандық кәсіпкерлердің төл мерекесі Индустрияландыру күніне арналған шара барысында жиырма үш жобаның тұсауы кесілді. Президент телекөпір режімінде жаңа нысандарды іске қосып, индустрияландыру аясындағы жобалар құрылысының басталуына белгі берді. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 25 жылындағы индустриялық дамудың негізгі кезеңдеріне арналған фотосурет көрмесін тамашалады.
Сөз басында айта кеткен жөн, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4,6 трлн. теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Тек жыл басынан бері 179,2 млрд. теңгенің 63 жобасы жүзеге асырылып, 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал, бағдарлама аясында қолға алынған жобалар арқылы 7,5 трлн. теңгенің шамасында өнім өндірілсе, оның 1,8 трлн. теңгесі соңғы он айға тиесілі. Сонда жобаларды іске қосу арқылы ай сайын орташа есеппен 160 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілген.
Елбасының қатысуымен Астанамен тікелей телекөпірде, республиканың әр аймағындағы іргелі өндіріс ошақтарымен бірге, Атырау мұнай өңдеу зауыты да таңдалып, осындағы «қара алтынды» тереңдетіп өңдеу жобасы Мемлекет басшысының назарына ұсынылды. Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. Атырау тікелей телекөпірге төртінші болып қосылды.
— Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, — деді зауыттың бас директоры Ғалымжан Амантурлин телекөпір барысында Елбасына арнаған сөзінде, — біз зауыттың алғашқы жаңғырту кезеңін аяқтап, хош иісті көмірсутектер өндірісі кешенін іске қостық. Бүгінде кәсіпорында жаңғыртудың екінші кезеңі, яғни мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы қарқынды жүруде. Жоба жүзеге асқанда ішкі нарықтағы жоғары октанды бензин мен авиаотынның тапшылығы жойылады. Өнімнің сапасы артып, қоршаған ортаға залалы төмендейді. Ал, алдағы жылдан бастап каталитикалық крекинг қондырғысына шикізат қабылдай бастаймыз.
Кәсіпорын жетекшісінің сөзін ден қоя тыңдаған Елбасы:
— Атырау мұнай өңдеу зауыты – ел үшін аса маңызды кәсіпорын. Бүгінде әлемдік нарықта энергетикалық қуаттарға онша тиімді емес баға қалыптасқанымен, мұнай мен газды өңдеу біздің негізгі мақсатымыз болмақ. Бұл – елімізді индустрияландандырудың басты бағыты. Біз шикізатты өзімізде көбірек өңдеуге батыл бетбұрыс жасауымыз керек. Осы орайда зауытта ең ірі және өте қымбат жоба жүзеге асуда. Оны міндетті түрде соңына дейін жеткіземіз. Ал, әрі қарай мұнай химиясымен айналысамыз. Бұл жоба да Атырау облысында жүзеге асырылады. Баршаңызға рахмет, тың табыстар тілеймін, — деді.
Жалпы, мұнайды тереңдетіп өңдеу жобасы Қазақстанның Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Кешен құрылысы 2012 жылдың желтоқсанында басталған-ды. Оған тартылған инвестиция көлемі 530 млрд. теңгені құрады. Кәсіпорынды қайта жаңғырту нәтижесінде жылына 2,4 млн. тонна қосымша өнім алуға және «қара алтынды» өңдеу тереңдігін қазіргі 62 пайыздан келешекте 84-ке жеткізуге мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, ашық мұнай өнімдерін шығару 48-ден 77 пайызға көтерілмек. Сондай-ақ, мотор отындарының сапасы К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сәйкестендірілмек. Жалпы, мұнайды өңдеу көлемі жылына 5,5 млн. тоннаны құрамақ. Мұның бәрі – тұтас ел экономикасына үлкен серпін беретін қомақты көрсеткіш.
Бүгінде жоба аясында 12 технологиялық қондырғы мен 49 жалпызауыттық нысандар салынып жатыр. Құрылысқа 46 компания тартылған. Соның төртеуі ғана шетелдік, басқасы – қазақстандық өндіріс ошақтары. Барлығы 1656 адам жұмылдырылған. Олардың да дені – отандық мамандар. Зауытқа жеткізілуі тиіс 1345 ірі құрылғының 1246-сы әкелінген. Соның ішінде «АтырауНефтеМаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен әрқайсысы 404 тонналық алып ыдыстар алынды. Бұдан басқа, құрылысқа «Белкамит», «СВХИ», «ГММОС», Петропавл ауыр машина жасау зауыты секілді қазақстандық кәсіпорындар қатысуда. Ақырында, келешек жаңа кешенде қызмет істейтін мамандар да дайын. Олардың бірқатары шет елдерде, өзгесі өзімізде біліктілікті арттыру курстарынан өтуде.
Жалпы, зауыт бас директорының даму және жаңғырту жөніндегі орынбасары Нұрлан Кейкиннің айтуынша, аталмыш жоба байырғы кәсіпорынды республикадағы алдыңғы қатарлы өндіріс ошақтарының біріне айналдырады. Кедендік одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкес К-4 және К-5 стандарттарымен автобензин, авиаотын, сұйық газ бен хош иісті көмірсутектерін қажетінше дайындауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, ішкі нарық сапалы отандық өніммен толық қамтамасыз етіледі. Лауазым иесі жаңа жобаның алдымыздағы жылғы шілдеде мәреге жететіндігін айтты.
Шара соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналған зауыттықтарды қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, оларға алдағы уақытта да тың табыстар тіледі. Журналистердің де өтінішін жерге тастамай қысқаша сұхбат берді.
— Дәстүрге айналған Индустрияландыру күні барысында бүгін елімізде жаңа 23 нысан іске қосылды. Елбасы атап өткеніндей, соның бәрі Қазақстанның жаңа деңгейге шығуына үлкен септігін тигізеді. Мұның барлығы – жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындары. Телекөпір барысында көргеніміздей, бұл – заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс ошақтары. Кейбір кәсіпорындар бұрын-соңды елімізде тіпті болмаған. Осы орайда қыруар қаражат жұмсалды, инвесторлар қаржысы тартылды. Мыңдаған адам тұрақты қызметпен қамтамасыз етілді. Жаңа нысандарда еңбек ететін қазақстандық кадрлар – жеткілікті білім алған, қажетті тәжірибе жинақтаған, бәсекелестікке лайық мамандар. Тұтастай алғанда, бүгін республикада пайдалануға берілген кәсіпорындар – ел экономикасын бұдан да жоғары деңгейге көтеретін өндіріс ошақтары, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына толымды тарту.
Иә, егемен еліміздің басты мерекесіне Атырау мұнай өңдеу зауыты да лайықты сый арнады. Енді еуропалық стандарттарға сай ең сапалы жанармай осында дайындалады. Мұны кәсіпорынның байырғы қызметкерлері армандай да алмаған. Ол, тікелей телекөпір шарасына қатысқан жас маман Ахат Оразбаев айтқанындай, бүгінгі жас ұрпақтың үлесіне тиді. Бұл да – Тәуелсіздігіміздің толымды табысы.
«Парыз» кімге бұйырды? «Алтын сапаны» кім алды?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру күні аясында өткен Жалпыұлттық телекөпірдегі сөзінен кейін «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарын салтанатты жағдайда тапсырды.
Биыл «Парыз» байқауының бас жүлдесіне корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда жоғары нәтижеге қол жеткізген «АқсайГазСервис» АҚ ие болды. Кәсіпорын басшысы Тілек Шектібаев жоғары марапатты Мемлекет басшысының қолынан алды. Жеңімпаз компания әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жыл сайын 25 млн. теңгеге дейін қаржы бөліп келеді. Кәсіпорын тұрақты түрде білім беру, мәдениет мекемелеріне қолдау жасауда, сондай-ақ, мұқтаж адамдарға көмек көрсету қорына өз үлесін қосады.
Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен «Қазақстан электролиз зауытының» президенті Р.Романов, «АтырауМұнайМаш» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы С.Түгелбаев (суретте), «Химфарм» АҚ директоры Р.Байғарин марапатталды.
Осы жиында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанттарына арнаулы дипломдар табыс етілді. Байқау жеңімпаздары үш аталым – «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Ең үздік азық-түлік тауарлары» бойынша анықталды.
Айта кеткен жөн, биыл «Алтын сапа» сыйлығына 100-ден астам кәсіпорын үміткер болған. Ал, «Парыз» байқауына қатысуға еліміздегі 501 кәсіпорын өтінім берген екен.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.