Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Ел мүддесі – мәслихат назарында

Былтырғы жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, VІ  шақырылған Құрманғазы аудандық мәслихаты депутаттарының белсене қатысуымен бес жоспарлы және тоғыз кезектен тыс мәслихат сессиясы  өтті. Онда мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерге байланысты 154 нормативтік  құқықтық актілер қабылданып, оның 13-і облыстық әділет департаменті арқылы мемлекеттік тіркеуден өтті.

Мәслихат сессиясы

 

Аудандық мәслихатта экономика, салық және бюджет саясаты мен әлеуметтік сала, жастар саясаты, заңдылық және құқықтық мәселелер жөніндегі екі тұрақты комиссия жоспарлы жұмыс жасап келеді. Жыл ішінде бұл комиссиялардың 14 біріккен отырысы өткізіліп, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер жан-жақты талқыланып, сараланды. Біріккен комиссиялар отырысында ауданда дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, жергілікті полиция қызметінің жұмысын жетілдіру, «Ветеринария туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң талаптарының аудан бойынша орындалу барысы, «Аудан көлеміндегі мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету, білім саласы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәйі туралы», «2018-2020 жылдарға арналған ауданның бюджетін, ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту жәйі» туралы мәселелер талқыланып, бірқатар атқарылған істер мен кейбір орын алған кемшіліктер жөнінде депутаттар нақты ұсыныстар енгізді, оңды шешімдер қабылдады.

Өткен жылы аудан тұрғындарының мақсат-мүддесі мен өтініш-ұсыныстарынан туындаған жағдайларға байланысты 14 депутаттық сауал тіркелді. Мәселен,  ауылға зейнетақы мен еңбекақыны уақытында жеткізу, Нұржау ауылдық округінің «Қарақамыс» учаскесіне газ желісін тарту, «Мұғалім» ауылына көше жарығын орнату, Шортанбай дәрігерлік емханасының жабылуын болдырмау сияқты сауалдар аудан әкімшілігі мен тиісті мекеме басшылары алдына мәселе етіп қойылды. Сөйтіп, депутаттардың қозғауымен «Қазпошта» акционерлік қоғамы басшылығы Азғыр өңіріне қатынайтын арнайы автокөлік бөліп, аптасына 2 рет қызмет көрсететін болды.

Газ желісі мен электр жарығын жүргізу мәселесі де қаралу үстінде. Шортанбай ауылдық емханасы күндізгі тұрақты дәрігерлік амбулаториясына ауыстырылды. Сондай-ақ, Сафон ауылдық округінен депутат Р.Сұлтанияевтың Кудряшов ауылында жаңадан клуб үйін салу және Сафон ауылының Затон учаскесіне көпір салу жөніндегі сауалдарына байланысты шаралар алынуда. Қазір бұған қаржы көздері қарастырылып, сметалық құжаттары жасақталды.

Азғыр өңірінің депутаты М.Қуанышәлиевтің «Қоянды-Балқұдық-Азғыр» топтық су құбырының су тұздылығын анықтау, Қиғаш орта мектебіне автокөлік бөлу, шекара мәселелері жөніндегі қойған сауалдары өз шешімдерін тапты. Депутаттар Нұрлан Хұсайынов Ұлы Отан соғысының жесірі,  Асан ауылында тұратын қария Уағиса Мұқтароваға өз қаржысы есебінен тұрғын үй салып берсе, Анар Хашуова, Бержан Кенжебаевтар аз қамтылған отбасылар балаларын азық-түлік, киім-кешекпен қамқорлауға жағдай жасады.

Сонымен қатар, ауданда салынып жатқан құрылыстар, базарлардағы сауданың ұйымдастырылуы, өнім сапасы, халыққа мәдени, дәрігерлік қызмет көрсету, қоғамдық тәртіптің сақталу жайы жөнінде бақылау шараларын ұйымдастырып, олқы тұстарды түзетуге нақты ұсыныстар беріп отырады. Каспий теңізінің тамағы мен Қиғаш өзенінің бойын тазалау жұмыстары да мәслихат депутаттарының, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы және аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің ұдайы назарында. Өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы жұмыстардың жүйесі, оларды дамытудың жолдары, кадрлардың белсенділігі, ақпараттық технологияны пайдалану әдістері, ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайының өркендеу барысына зерделеу жасап, көптеген оңтайлы мәселелердің барлығына қанықты.

Болат ЖҮГІНІСОВ,

Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button