Ел боламын десең…
Жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтай ұлттың көкейкесті мәселелерін қаузады. Секциялар барысында құрылтай мүшелері маңызды тақырыптар бойынша өз пікірлерін ортаға салып, елдегі өзекті проблемаларды ашық айтқан болатын.
Иә, мұнайлы өлкеде өткен алқалы басқосуда ауыз толтырып айтарлықтай тұшымды әңгімелер айтылды. Мәселен, Маңғыстау облысынан сайланған депутат Еділ Жаңбыршин келесі жылы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы қарсаңында қан майданда қаза тапқан жауынгерлер ерлігі тиісті бағасын ала алмай отырғанын жеткізді. Сұрапыл соғыста Отан үшін кеудесін оққа тосқан майдангерлер арасында отбасына оралмағандардың ұрпақтары әлі күнге дейін батыр бабасының қайда жерленгенін біле алмай жүр.
Ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігін жас буынға жеткізіп, есімдерін дүйім жұртқа жариялау үшін көрші Ресей еліндегідей платформа қажет. Халық қалаулысы «майдангерлер туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары жанданса» деген пікірде. Ал, академик, экономист Оразалы Сәбден абайтану жайына кеңірек тоқталды. Хакім Абай философиясын кеңірек насихаттау әрбір адамның тұлға болып қалыптасу жолында сана-сезіміне айтарлықтай әсер етіп, оң ықпалын тигізетінін атап өтті. «Меніңше, ұлы Абайдың әрбір ой-тұжырымдарын бойымызға сіңіре білсек, одан ұтылмасымыз анық» деді халық қалаулысы.
Құрылтайда қозғалған тағы бір мәселе – әйел құқығын қорғау жайы. Қазір елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық кеңінен етек жайғанын бәріміз білеміз. Отбасының ұйытқысының құқығын қорғау жағы кемшін қалып жатқаны да жасырын емес. Ал, тарихымызға үңілсек, қыз баланы үйдің қонағы санап, келешек ана ретінде ерекше сый-құрметпен қараған. Алайда, бүгінде сол әйел-аналардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болып жатқанын жиі естіп жүрміз. Осыған байланысты, құрылтай қатысушысы, заңгер Айман Омарова «осынау проблеманы прокуратура да бақылауға алса» деген пікірін айтты. Сондай-ақ, ол жастар арасында нашақорлықтың белең алып бара жатқанына қынжылыс білдірді. Демек, бұл маңызды тақырып тереңірек зерттеуді қажет етеді.
Бүгінде жоғары оқу орнын аяқтаған мамандардың барлығы бірдей мамандығы бойынша жұмыспен қамтылмаған. Оның үстіне, еңбек нарығында техникалық мамандық игерген кадрлар тапшы. «Сондықтан, арнаулы орта білім беретін оқу орындарының ролін арттыру керек» дейді жас депутатымыз Никита Шаталов. Шындығында, дәнекерлеуші, инженер болып та егеменді еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуға болады.
Құрылтайда балалар құқығын қорғауға да айрықша маңыз берілді. Жарқын болашақ кепілі – жас ұрпақ десек, олардың келешегіне бейжай қарамауымыз қажет.
Алқалы басқосуда сөз сөйлеген баяндамашылардың пікіріне мемлекет басшысы қолдау білдірді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазірден бастап жастар тәрбиесіне мән бермесек, ертеңгі күні «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп опық жеп қалуымыз әбден мүмкін.
–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасында біраз мәселе қамтылды. Зерделеп қарасақ, бұл құрылтайдың наурыз айында өтуі тектен-тек емес. Өйткені, Наурыз-жыл басы. Бұл шақта табиғат ұйқысынан оянып, жаңарады. Ел-жұрт бір-бірімен қауқылдасып, жер беті көгере бастайды. Яғни, Наурыз – жаңашылдықтың бастауы. Демек, құрылтайда айтылғандай, ұлттық құндылықтарымыз, халықтың салт-дәстүріміз қайта жаңғыртылады. Ұмытылып бара жатқан игі дәстүрлеріміз қоғамымызға қайта дендейді.
Шыны керек, қазір кеңес үкіметі тұсында біраз мәселеге шектеу болғаны айтылып, бір дәуірдің азаматтарын бір-біріне қарсы қою үрдісі байқалады. Ол елдің бірлігіне нұқсан келтіретіні белгілі. Сондықтан, мемлекет басшысы өткенді саралап, болашаққа көбірек үңілу керектігін баса айтты. Ана сүтімізбен бойымызға дарыған ана тілімізде жарық көрген кітаптарға қолдау көрсетілетіні де белгілі болды. Сайып келгенде, халықтың рухани азығы саналатын кітап оқу да дамытылады.
Қазір қоғамда белең алған лудоманияның соңы жақсылыққа апармайды. Ал, насыбай ату онкологиялық ауруларға шалдықтырады. Демек, ұлт тамырына балта шабатын осындай келеңсіз жағдайлармен халық болып бірге күрескеніміз жөн,-деді Ұлттық құрылтай кезінде кездесіп, пікірін білген экономист, құрылтай қатысушысы Жақсыбек Құлекеев.
Тәуелсіз еліміздің құндылықтарын саралаған Президент ең бастысы, егемендік пен отаншылдықты көзіміздің қарашығындай сақтау керектігіне тоқталған болатын.
Біздің жалғыз Отанымыз бар, ол – әділетті Қазақстан. Оны құрайтын – адал табыс тауып, еңбек етіп жүрген өзіміздің азаматтарымыз. Олар – еліміздің мақтаныштары. Екі күнге созылған құрылтай барысын ой елегінен өткізе отырып, мемлекет басшысының баяндамасынан қоғамдағы ең өзекті деген мәселелердің біразы қамтылғанына көз жеткіздік. Хан ордалы Сарайшықтың маңында, Еуропа мен Азияны қақ жарған ақ Жайықтың жағасында өткен маңызды жиыннан ерекше әсер алдық. Ашық диалог алаңына айналған құрылтайдың егемендігімізді нығайтуда шешуші роль атқаратынына шүбә келтірмейміз.
Айбөпе САБЫРОВА