Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Ел байлығын халыққа жұмсамағандарға дивиденд төлемеу керек

Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған нақты тапсырмаларды енді барлық мемлекеттік органдар тез арада бұлжытпай орындап, ауқымды шаралар жүзеге асырылады деп үміттенеміз.

БҮГІНДЕ ЕЛДЕ БОЛЫП ЖАТҚАН ӨЗГЕРІСТЕР ОСЫДАН ЕКІ-ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН «ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ» КОНЦЕПЦИЯСЫ ЖАРИЯЛАҒАННАН КЕЙІН ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ ДЕП ОЙЛАҒАНМЫН. «БАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ЗЕРТТЕП, ЗЕРДЕЛЕП, ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫН, ТІЛЕГІН ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖЕТКІЗЕДІ» ДЕГЕН ҰҒЫМДА БОЛДЫМ. СЕБЕБІ, СОЛ УАҚЫТТА ХАЛЫҚ КӨТЕРІП ЖҮРГЕН ПРОБЛЕМАЛАР АНЫҚТАЛЫП, ЗЕРДЕЛЕНГЕНДЕ ОЛАРДЫ ШЕШУ ЖОЛЫ ҚАЗІРГІДЕЙ ТҮРЛІ ЗАРДАПТАРҒА СОҚТЫРМАҒАН БОЛАР МА ЕДІ?..

Президент ел экономикасындағы қордаланып қалған көптеген проблемалардың бетін ашты. Енді жаңа Үкіметтен нақты жұмыс күтеміз. Мемлекет басшысының «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін, адамға қызмет етуі керек» дегенін жылы қабылдадым. Өйткені, мемлекеттік қызметтегілердің бәрі «қарапайым халыққа қызмет етуіміз керек» деп түсінбейінше, өзгеріс болмайды.

«Самұрық-Қазына» қорына қатысты айтқаны да көңілден шықты. Конституциямыздың 1-бабында «республика қызметінің түбегейлі принциптерінің бірі – бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму» деп атап көрсетілген. Алайда, осы мақсатта құрылған қор өзінің мақсатын орындаған жоқ. Сондықтан, Президенттің айтқанымен толық келісе отырып, өз ұсынысымды білдіргім келеді.

Жаңа жыл басталып жатқан кезеңде Президент өзінің Жарлығымен «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың барлық ірі акционерлері мен директорлар кеңесінің, бақылаушы кеңесінің, тағы басқа сайланбалы және атқарушы органдарының мүшелеріне өткен жылдың қорытындысымен есептелетін дивидендтерін төлеуге тыйым салғаны жөн. Қор қызметін дұрыс ұйымдастырмаған, ұлттық компаниялардың табысы мен байлығын халық игілігіне жұмс амаған о сы лауазым иелеріне дивиденд төлеуден бас тартып, ол қаражатты әлеуметтік проблемаларды шешуге жолдау қажет.

Президент жекешелендіруге түсіп отырған мемлекеттік компаниялар мен кәсіпорындардың жекешелендіру процесі ашық, жария түрде жүргізілмей отырғанын айтты. Бұл рас. Оған қоса, олардың құны төмендетіліп, арзан бағада сатылуда. Мен былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің сол кездегі басшысы мен Энергетика министріне «Қазатомпром» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары мен кен орындарының заңсыз саудаға түсіп жатқанын көрсетіп, екі рет әлеуметтік желіде үндеу жариялап, хат жолдағанмын. Алайда, ол өтініш қараусыз қалды. Мұндағы мақсат – кен орындарымыз бен ұлттық байлықтарымызды заңсыз жекешелендіруге, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне жол бермеу еді. Президенттің Қазақстан – Қытай шекарасындағы заңсыз ақша айналымына тосқауыл қою мен «Самұрық-Қазынаға» ревизия жүргізу, барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы мемлекеттік сатып алу процестерінің толық ашықтығын қамтамасыз ету, бір көзден сатып алуға мүлдем тыйым салу туралы ұсыныстары қоғамдағы жемқорлықты жоюға бағытталған нақты қадамдар деп білемін.

Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған нақты тапсырмаларын енді барлық мемлекеттік органдар тез арада бұлжытпай орындап, ауқымды шаралар жүзеге асырылады деп үміттенеміз.

Салтанат РАХИМОВА,

«Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрайымы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button