ЭКОНОМИКА: Сыннан сүрінбеудің жолы қандай?
Atr.kz/2 сәуір, 2020 жыл. Жадымызда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы еліміз бастан кешкен қиындықтар жаңғырып тұр. «Көгілдір отын» берілмегендіктен, жұрт қазанын арқалып көшеге шықты. Жарық жоқ, майшаммен отырды. Бұдан отыз жыл бұрынғы ауыртпалықты бүгінгі жастар үлкендердің айтуы бойынша ғана біледі…
Әйтсе де, Елбасы сонау жылдары нендей ауыртпалықтан аман өткеніміздің мысалы ретінде соны таяуда тағы еске салды. Бірақ, тәуелсіздігіміздің табалдырығындағы сын шақ пен әлемнің дамыған отыз елінің санатындағы қазіргі кезді салыстыруға болар ма? Мемлекет тарапынан алынып жатқан шұғыл шаралар үкілі үмітіміздің жалғауы емес пе? Оның үстіне, ілгерілеу тетігі ретінде ішкі мүмкіндіктерді іске қосып, соны соқпақ салатын сәт те туды.
Жарқын жобаларға ашылған жол
Жасыратыны жоқ, аймақта мұнайшы мамандығын меңгерген жастар көп-ақ. Бірақ, дені дипломын үйінде тастап, кез келген кәсіппен айналысып жүр. Міне, соларға білімі мен білігін көрсететін мүмкіндік туды. Коронавирусқа байланысты шетелдік мамандардың елімізге келуі қиындады. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, кен орнында еңбек етіп жатқан сырттан келген қызметкерлер ауысым мерзімі аяқталса да, осында қалатын түрі бар. Өйткені, олардың еліне кетіп, одан қайта оралуына қиындықтар туатын тәрізді. Бұл үшін тиісті құзырлы орындардың арнайы рұқсаты қажет.
Ал, қазір демалыста жүрген инвесторлар өкілдері ше? Олар шекарадан кері өте ала ма? Үкімет биыл іргелі жобаларда отандық мамандардың үлесін арттыруға бағытталған шараларды қолға алған-ды. Яғни, шетелдік қызметкерлерді жергілікті жұмысшылармен ауыстыруға кезекті қадам жасалмақ. Демек, қазақстандық инженер-техниктердің қарымын танытуға мүмкіндік берілмек.
Оның үстіне, Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов мұнай-газ саласында қолға алынған жобалардың жалғасатындығын айтқан. Бұл – біздің жағдайымызда Теңіз кенішіндегі кезекті кеңейту мен Қашаған газ өңдеу зауыты құрылысы. Қарабатанда тұрғызылып жатқан газхимия кешені тағы бар. Бұлардан басқа қос кәсіпорын жоспарланған. Солардың бәріне қыруар қаражат қаралған. Міне, осыны игеруге жастардың күш-қайраты қажет. Бұл олар үшін жарқын жобаларға ашылған жол емес пе?
Жалпы, әлемде кейбір мемлекеттер арасындағы текетірес былтыр-ақ байқалды. Экономикасы өзгелермен салыстырғанда көш ілгері елдер өзара қырқысып, көшбасшылыққа таласты. Бұл, әсіресе, мұнай бағасының тұрақсыздығына соқтырды. Ал, біздің даму тетігіміз, қаржылық қауқарымыз «қара алтын» құнына тікелей қатысты болғандықтан, бірқатар сарапшылар тоқырау ықтималдығын айтқан.
Бірақ, өткен жылдың қорытындысын саралағанда, ілкімді ілгерілеу орын алғандығын аңдаймыз. Мәселен, ішкі жалпы өнім 4,5 пайыз өсті. Өндірістік кәсіпорын қуаты 3,8 пайыз артып, инфляция 5,4 пайыз шамасында тұрақтады. Әлемдегі аумалы-төкпелі ахуалды бағамдағанда тым-тәуір көрсеткіш емес пе? Бұл да ішкі мүмкіндігіміздің ілкімді екендігін көрсетеді. Ең бастысы – елімізде өңдеу саласының өркендеуі. Сыртқа әлі де шикізатымыз миллиондаған тоннамен шығып жатқанымен, өзімізде өнім даярлауға да шындап бетбұрыс жасалды.
Былтыр бұл бағыттағы өсім 4,4 пайыз болыпты. Республикада үш мұнай өңдеу зауыты толық қайта жарақтандырылған соң бензин мен дизель отынына сыртқы сұраныс жойылған. Энергетика министрлігі ресми түрде осындай мәлімдеме жасады. Рас, оның бағасының бұғаулануы – бөлек әңгіме. Әйтсе де, осы өнімдер бізде, шынында да, қолжетімсіз бе? Басқалармен бағамдағанда арзандау екені жиі айтылып жүр емес пе?
Ал, тіпті тегін беру – мүлдем болмайтын нәрсе. Міне, бұл бағытта да қазақстандық кадрларға жол ашылуы ықтимал. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтандыруға Қытай мамандары белсене қатысты. Енді қазіргі қалыптасқан жағдайға орай олардың қатары кемуі мүмкін. Сонда орнын жергілікті жігіттер мен қыздар баспай ма?
Мейрамханалар жұмысына шектеу қойылғанына байланысты көптеген қызметкерлер босайды. Мысалы, Алматыда карантин жарияланған соң екі-ақ күнде, яғни 19 және 20 наурызда 102 мың адам шаһардан шыққан. Солардың дені қоғамдық тамақтандыру орны өкілдері екен. Енді қандай қызметке барады? Іздеген жанға жұмыс табылады. Мәселен, қардың қалың түсуі салдарынан, ішінде оңтүстік астана айналасы да бар, республиканың кейбір өңірінде көктемгі тасқын қаупі қалыптасты. Демек, жүздеген шақырым бөгет тұрғызуға, көнесін қалпына келтіруге тура келеді.
Міне, бұл – жастардың білек күшін керек ететін кәсіп. Тіпті, өз ойымша, жігіттерге даяшы болып, ыдыс-аяқ тасып жүргеннен күрек-сүймен ұстаған жарасымды секілді. Тігін цехтарына тыңнан қызмет табылды. Жеңіл өнеркәсіп әлі де аяқтанып кете қоймағанымен, көйлек тігіп жүргендердің қолынан бетперде даярлау да келеді екен. Қазір Атыраудағы әйелдерге арналған еңбекпен түзеу колониясында осы шаруа қолға алынды. Тіпті тауарлары күнделікті қолданыстағы медициналық маскадан да сапалы көрінеді.
Міне, бейімделу деген. Жаңа жоба, ішкі мүмкіндік осындай болады. «Қарапайым заттар экономикасына» қосымша бір триллион теңге бөлінбек. Бұл бағдарламаның мақсаты – күнделікті тұтынатын тауарларды шығару. Бұған дейін, шыны керек, ине-жіпке дейін тыстан тасып жүрміз ғой. Қытайлық арзанқол өнімдермен қажетімізді өтейміз. Енді соны өзімізде даярлауға мүмкіндік туды. Бұл да – тыңнан табылған жаңа жоба.
Өзгеге емес, өзіңе сен
Қазақстандықтардың қит етсе саулығын сылтау етіп шекара асып кетуі енді қиындады. Жерлестеріміз жиі барып жүрген елдердің өзінде тосын дерт тобықтан қағып жатыр. Демек, отандық медицинаға қауқарын танытатын кез келді. Халықтың сеніміне ие болатын сәт туды.
Расында да, алдыңғы қатарлы құралжабдықтармен жарақтанған денсаулық сақтау саламыз кімнен кем? Әсіресе, Атыраудағы ауруханалар екінің бірінің қолына түспейтін қондырғылармен жабдықталды. Тым-тәуір мамандар жұмыс істейді. Асқынып кетпесе, кез келген дертке тосқауыл қоя алады. Дәрігерлер арасында ғылым докторлары мен кандидаттары бар. Ендеше, алысжақын шетелдерге аттанып, ақшамызды далаға шашатындай жөніміз бар ма? Өзгеге емес, өзімізге сенгеніміз дұрыс емес пе?
Мемлекет басшысы қазіргі сын сағатта күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген ақ желеңді жандарға алғыс айтты. Азық-түлік өндірушілерге де өріс ашылды. Бұған дейін де айтқанымыздай, жылыжайлар қайтарымы қайда? Дихандарымыз егістік көлемін көбейте ала ма? Қазір коммуналдық төлемдерге де жеңілдіктер қарастырылуда. Демек, электр энергиясы мен ауыз суға, табиғи газға жұмсайтын шығын азды-көпті кемиді. Яғни, осы мүмкіндікті молынан пайдаланып қалған жөн емес пе?
Атыраулықтар да жергілікті жаңа піскен қияр мен қызанаққа қарық болар еді. Қосымша егін бригадалары құрылса, өндірістен қолы босағандар қамтылмай ма? Төрт түлігіміз түгел. Қырда қой мен ешкі, түйе мен жылқы жайылуда. Мүйізді ірі қара табынымен жүр. Неден таршылық көргендейміз? Ендеше, ет пен оның өнімдері өзімізде неге өнікті өндірілмейді? Мемлекет басшысы әлеуметтік әлсіз топқа ұсынылатын көмекті қазақстандық тауарлармен толықтыруды тапсырды. Бұл, біріншіден, отандық өндірісті қолдау.
Екіншіден, жергілікті азық-түліктің тазалығына сенім білдіру. Демек, алдымен, соны ақтау қажет. Одан әрі, бизнес иелері қызметін әртараптандыруы керек. Ақырында, қазақстандық кәсіпорындар қолдауға ие болады. Биыл – Еріктілер жылы. Осы қозғалысқа қатысушыларға өздерін танытуға да мүмкіндік туды. Олар қазір құқық қорғаушылар қатарынан табылуда, дәрігерлерге жәрдемші болуда. Жастардың жалыны сын сағатында сезілмек. Қарттарға қамқорлық таныту арқылы өздерінің перзенттік борышын өтемек.
Өз ұлқызымызға сенім білдірмегенде, кімге иек артамыз? Меценаттар мерейін асыратын сәт туды. Ел басына қатер төнгенде ортақ шаруаны бірлесіп атқаруға болады. Рас, мемлекет тарапынан қажет қолдау жасалуда. Әйтсе де, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, сын сағатында тізе қосу азаматтық емес пе? Әлсізді демеу – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Атымтай жомарттар қайдасыңдар, ендеше?
Жаз – құрылыс қарқын алар кез. Мемлекеттік бағдарлама бойынша да, жеке азаматтар қаржысына да тұрғын үйлер көптеп тұрғызылуда. Бұған дейін, жасыратыны жоқ, қарақалпақтардың қол күшіне иек артып келдік. Пәтердегі шаңды да солар тазалайды, ауладағы шөпті де көлденең кісі жинайды. Енді сол жақтан ағылатын адам жоқ секілді. Күтпеген дерт көрші елді де қамтыды. Демек, тағы да өз күшімізге сенуге тура келеді. Қаржың қалтаңда қалады. Әрі шеберлігің шыңдалады. Турасын айтқанда, кеңестік кезде құрыш білек құрылысшы атанған, кеудесіне жарқыратып орден-медаль таққан жандардың ұрпағы да тас қалаудан қалыспақ емес.
Айта берсе, өзге емес, өзіңе сеніп атқаратын шаруа жеткілікті. Қазіргі қиын кезде ғана емес, алдағы уақытта да іргелі істерді тындыра білсек, тысқа тәуелділіктен толық құтылар едік. Салыстырмалы түрде айтқанда, кейбір елдерден экономикалық жағдайымыздың жақсылығы, қаражатымыздың көптігі, шындығында, жалқаулыққа жетеледі. Сәл нәрсеге көлденең кісі жалдау күнделікті көрініске айналды. Содан арылсақ, ішкі мүмкіндік деген де сол.
P.S.
Тәуелсіздік табалдырығында тап болған ауыртпалықтан аман өткен халық қазіргі қиындықты да еңсереді. Сол кезде мұнайдың әр баррелі қазіргіден де төмен еді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, Жылыой және Қызылқоға аудандары тасқынға тап болды. Тұтас елді мекендерді су басты. Жүздеген ғимарат құлады, мыңдаған жан баспанасыз қалды. Сонда сырттан қапшықтап доллар тасығанды көрмедік. Рас, ТШО компаниясы Құлсарыда 20 үй тұрғызды, гуманитарлық жәрдем жеткізді. Әйтсе де, негізі өз күшімізді көрсеттік. Ішкі мүмкіндіктерді пайдаландық. Қазір де сондай сын сағаты соқты. Содан шыңдалып шығып, болашаққа баянды бағдар жасауға жағдай туды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ
«Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден бұл – мүмкіншілік. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болуымыз керек»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ