Екі елдің тарихындағы тірі аңыз
«Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді, Күдерін құштарынан бір үзбейді…» деп жүрек қылын тербейтін Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әні кімнің болса да жүрегінен ерекше орын алатыны анық. Ал, бұл әннің басты кейіпкері – шынайы шабыт иесі, өмірде де, сахнада да әсемдіктің бейнесін сомдап жүрген танымал актриса Әдемі Сисекенова.
Әдемі Ділханқызы – тек әнде ғана емес, шынайы өмірде де жүрекке жылы сөз бен әсемдіктің символы болған өнер жұлдызы. Оның өмір жолы, адамгершілігі мен мәдениетке қосқан үлесі қаншама жанға шабыт беріп, ерекше із қалдырды. Әнде бейнеленген нәзіктік пен қайсарлық, биік рух пен тұнық жан дүниесі осы бір ғажап есіммен тығыз байланысты.
Міне, ғажап әннің ғажайып кейіпкері – Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы, Қарақалпақ АКСР-ның Халық әртісі, сахна шебері, мәдениет қайраткері, «Театрдың анасы» деген құрметті атаққа ие Әдемі Ділханқызы бүгінде сексеннің бесеуіне толып отыр.
Осыған орай театр сахнасында Әдемі апайдың шығармашылық бенефисі ұйымдастырылды. Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Жәмила» драмасы сахналанып, көрермендер Әдемі Ділханқызының өнерімен қайта қауышты. Біз де сол бақытты көрермендердің қатарында болдық. Аңыз адамды, нағыз сахна шеберін көріп, оның өнерімен сусындауға тағы бір мүмкіндік алғанымызды зор мәртебедей сезіндік.
Кеште Әдемі апай өзінің актерлік шеберлігімен ғана емес, өмірге деген сүйіспеншілігімен, сахнаға адалдығымен де көрерменді баурап алды. Әдеттегідей, қойылымға тура бір сағат бұрын барып, мерейтой иесімен әңгіме-дүкен құруды ұйғардық. Әдемі Ділханқызы грим бөлмесінде қойылымға дайындалып жатқан сәтінде бізді жылы қарсы алды. Қауырт уақытына қарамастан, бізге де уақыт тауып, сұхбат беруге келісімін берді. Бір ғасырға жуық ғұмырды көрген тірі аңызбен сұхбаттасу барысында бойымызды ерекше толқыныс билегенін де жасырмаймыз.
– Әдемі апа, сізден сұхбат алуға талай тілші келіп жүр. Сондықтан қай сұрақтан бастарымды білмей отырғаным рас. Дегенмен, «өнерге қалай келдіңіз?» деген дәстүрлі сұрақтан бастайын…
Жауыр болған сұрақ болса да, Әдемі апай бәлсінген жоқ. Бірден әңгімесін жалғап әкетті.
– Дәл осы сұрақты өзіме қазір ғана қойып отыр едім. Ойлап отырсам, мені өнерге тағдырдың өзі әкеліпті ғой, — деп күлімсірей қарады.
Сөйтсек, Әдемі апай кіндік қаны осы топырақта тамған жергілікті адам екен. 1939 жылы Атырау облысының Бақсай ауданындағы Сорочинко, қазіргі Аққайың ауылында қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген. Бес жасында анасынан айырылып, балалық шағы ауыр болады. Тағдырдың сынақтары мен қиындықтары оны ерте есейткен екен. Әкесінің қасында жүріп, бала кезінен еңбекке араласқан оның жаңа өмір бастауға деген арманы асқақ болса да, шынайы өмірі әрқашан әдемі бола қойған жоқ. Бірақ бойындағы қайтпас қайсарлық пен өмірге құштарлығы ғана оны алға жетелейді.
Жетінші сыныпты аяқтағанда туыстары оның жұмыс істеп, өмірін жолға қойғанын дұрыс деп шешеді. Әдемі Балықшы ауданының орталығында тұратын туыс апасының қолына келіп, сол уақыттағы ең ірі В.И.Ленин атындағы Гурьев балық консерві зауытына жұмысқа тұрған. Жас қыздар жиналған өндіріс ошағында сегіз сағат бойы тынымсыз еңбек етіп, ауыр жұмыстарды мігірсіз атқарады.
Өмірдегі алғашқы қадамы осындай күрес пен қажырлы еңбектен басталған Әдемі апа тағдыры қиындық пен сынға толы болса да, ешқашан мойыған емес. Керісінше, қиындық оның қайтпас мінезі мен шығармашыл тұлға ретінде қалыптасуына зор үлес қосыпты.
– Мен кәсіби артист болу үшін оқыған жоқпын, бірақ тағдыр осы жолды маған нәсіп еткен екен. Бала күнімнен әнге құмар едім. Тілім шыққан кезден-ақ ән айтып жүретінмін. Біздің заманымызда Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Күләш Сәкиева, Бибігүл Төлегенова сынды сахна жұлдыздарының әнін тыңдап, соларға еліктеп өстім. Әнші болсам деген арманым бала кезден-ақ жүрегімде ұялап қалған. Алайда балық консерві зауытында жұмыс істеп жүргенде, бұл арманым маған алыстағы қиялдай көрінді. Бірақ зауыт жанында жұмысшылардың шағын клубы, «Қызыл бұрыш» бар еді. Соның құрамына қосылып, өнерімді көрсетуге мүмкіндік таптым. Жұмысшыларға концерт қойып, ауыл-аймақты аралап жүрдік. Шығармашылыққа алғаш рет осылайша қадам бастым, — дейді Әдемі апай өткен күндерді еске алып.
1956 жылы зауытқа Қарақалпақстанға жолдама келеді. Мойнақ ауылында ашылған балық консерві зауытына бес адамды жіберу қажет. Солардың бірі болып, Әдемі апа тағдырдың айдауымен Қарақалпақстанға аттанады. Атыраудан барған қыздармен бірге бұл жерде екі ай бойы талмай жұмыс істейді. Тіпті, «Правда», «Известия» сынды одақтық дәрежедегі басылымдарда олардың еңбегін дәріптеген мақала жарық көріп, талай мәрте мадақ-мақтауға да ие болған.
Осы сапар бойжеткеннің өміріне әсер етіп, оның сахнаға шығуына мүмкіндік береді. Жан дүниесіндегі өнерге деген сүйіспеншілік пен талпыныс ешқашан сөнген емес, Мойнақ сапары оны нағыз сахна майталманына айналдырды.
Іссапардан оралған соң, Әдемі апайдың өнер жолындағы тағы бір серпінді сәті туады. Мәдениет үйінде алғаш рет «Бәрінен де сен сұлу» әнін жан тебірентерліктей орындап шығып, Алматыға жолдама алады. Алатау баурайында шебер орындалған Шәмшінің «Ақсұңқарым» әнін көпшілік жылы қабылдап, орындаушысын қошемет пен марапатқа бөлеген. Осылайша, өнер жолындағы қадамы нығая түскенде, Қарақалпақстаннан қайта шақырту келеді. Ол кезде өз жағдайы оңай болмаған, туыстарының үйінде тұрып, көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жүрген Әдемі апа шақыруды қабыл алыпты.
– Сол зауыттың жанынан жұмысшылар клубын ашып, өнерлі қызметкерлерді жинадым. Нүкіс қаласына 16 жасар Гүлбаршын деген қыз екеуміз барып, концерт қойып жүрдік. Қазір ол да Халық әртісі атанған. Екеуміз Ташкенттегі концертте диплом алып, қайтар жолда Бердақ атындағы Қарақалпақстан филармониясы бізді өздерінің ән мен би ансамбліне жұмысқа шақырды. Сол сәт мен үшін бала кезімдегі арманымның орындала бастағанының белгісі еді, — деп Әдемі апа артта қалған сағым күндерге шегініс жасады.
Зауыттағы қара жұмыстан киелі сахнаға дейін талай сыналып, мұқалған Әдемі қыз қиналса да, сынбады. Ол қыш құмырадай отта қатайғанымен, нәзіктігі мен өнерге деген құлшынысы мен махаббатын еш жоғалтқан жоқ. Филармония сахнасында ән шырқап, би билеген Әдемі Ділханқызының өнері оның табиғи талантымен үйлесіп, зор жетістіктерге жетелейді. 1965 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, үш жылдан соң «Қарақалпақ АКСР-ның Халық әртісі» атағын иеленген.
Өнер әлемінде танымалдығы артқан әнші Әдемі 1969-1970 жылдары Ақтөбе мен Орал, ал 1971 жылы туған жері – Гурьев қалаларына гастрольдік сапармен келіп, концерттер қояды. Сол сапар оның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі еді. Қалалық атқару комитетінің басшылары шетте жүрген талантты өнерпазға елге оралу жөнінде ұсыныс білдіреді. Оны халық та қолдап, тіпті, Әдемі апа бұрын жұмыс істеген балық зауытының алдына тұрғындар жиналып, әншінің елге оралуын талап еткен. Әнші жұрт алдына шығып, олардың көңілін бірлемек оймен бірден он бір әнді жанды дауыста орындап шығады. Бұл оқиға әншінің халық арасындағы абыройы мен өнерінің қаншалықты жоғары бағаланатынын көрсетті. Сонда да ол үшін туған жерге оралу жөнінде нақты шешім қабылдау оңайға түспейді. Өйткені, Қарақалпақстанда оған барлық жағдай жасалған, пәтер де, құрметті атақтар да берілген болатын.
Гурьев қаласының басшылары да өнерпазды қайтару үшін барынша қолдау көрсетіп бағады. Тіпті, пәтер беріп, жұмысқа орналастыруды да қадағалауға алып, Әдемі Ділханқызының туған жерінде толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік жасады. Осылайша, он жыл бойы сырт жерде өнер көрсеткен Әдемі әнші бастапқыда облыстық филармонияның әншісі болып жұмысқа орналасқан. Бір жылдан кейін драма театрына ауысып, актерлік шеберлігін де сахнада көрсете бастайды. Шынында Әдемі Ділханқызы театр сахнасына шығудан жасқанып жүріпті.
– «Кәсіби білімім жоқ, бұл салада қалай жұмыс істеймін?! Әртістік – еріккеннің ермегі емес қой» деп бас тартуды да ойлап жүр едім. Бірақ басшылықтан хабарласып: «Филармония – Алматыдағы орталықтың ғана филиалы, ол жерде сен өсе алмайсың. Ал, өнердегі сенің орның – театр, осы қара шаңырақ деген тұжырым жасалып отыр. Осы жерде өсіп, үлкен биіктерге жетесің, қорықпа!», — деген ұсыныс жасалды. Бұл сөздер көкейіме сенім ұялатып, туған жерге орнығып, театрда өнерімді жалғастыруға итермеледі. Театрға мені шақырғандардың бірі Қуат Төлековтің өзі екен. Өйткені, сол уақытта театрда жұмыс істейтін жастар өте аз еді. Сахнадағы алғашқы сомдаған образым Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» Насиха болды, — деді Әдемі апа.
Осы қойылымнан кейін ол «Қамбар батыр», «Махамбет», «Айман-Шолпан», «Ай тұтылған түн», «Супер келін» секілді әйгілі спектакльдерде негізгі рольдерді сомдаған. Осылайша, оның сахналық өмірі 100-ге жуық қойылыммен толықты. Солардың ішінен актрисаның жанына жақыны – «Жәмила» драмасы. Сол себепті бенефисте қойылымның актриса өміріндегі ерекше орны аталып өтті.
Әдемі апаның айтуынша, нағыз актер таңдамауы керек, қандай рольді де жан-тәнімен сомдап шығу – оның басты міндеті. Ал, өзі ешқашан жанр немесе роль таңдап көрмеген екен. Режиссер қайсысын берсе, сол образға жан бітіріп, барлық күш-жігерін жұмсап алып шығуға ұмтылады. Жарты ғасырдан астам уақытын театр сахнасына арнаған Әдемі апа жастарға деген шынайы ықыласын білдіре отырып, оларға өмірлік ақыл-кеңесін де айтты.
– Қазір бәрі бар, заманымыз тыныш, тек оқу, білім алу керек. Бүгінгі біздің ізімізді басып келе жатқан жастар да нағыз ізденімпаз, қарапайым әрі талантты. Оларға үнемі қара шаңырақ – театрды көздің қарашығындай сақтап, одан әрі дамыту жөнінде айтып отырамын, — деп жымиды сахна ардагері риясыз пейілмен.
Бүгінде Атырау театры саласындағы кейбір мәселелер де мәдениет қайраткерін ойландырмай қоймайды. Әсіресе, режиссерлердің білімі мен шығармашылық деңгейіне кәсіби шеберлердің көңілі толмайтынын ашық айтты.
– Бұрын режиссерлердің қиялы, білімі, дүниетанымы ерекше болатын. Олар көрерменге ой салып, терең философия мен болашаққа бағдарлайтын қойылымдар қоятын еді. Ал қазіргі режиссерлер ұсақ дүниелерден аса алмай жүр. Бұл тек режиссерлерге ғана емес, жазушыларға да қатысты. Мүмкін, қазір жақсы драматургтер де бар шығар, бірақ олардың шығармаларын неге сахналамай жатқаны түсініксіз. Бұл жағдай театрдың дамуына кедергі болады, сондықтан жас буын осыған мән берсе деймін. Режиссер өз біліктілігін дамытып, шынайы өнер жанашыры, озық ойдың адамы болғаны жөн, — дейді.
Қазақ өнерінің айтулы тұлғасы, шығармашылық жолы мен еңбегі халыққа танымал, әрі құрметке ие Әдемі Сисекенова барлық жетістігіне еңбекқорлықтың арқасында жеткен, өнерге деген ықыласы мен сүйіспеншілігі де ерекше. Оның қазақ және қарақалпақ халықтарының өнер қайраткері атануында да табандылық пен қажырлы еңбек жатыр.
Әр жетістіктің артында зор еңбектің, маңдай тердің болатыны рас. Әдемі апа қандай қиындықта да қазір көбірек айтылатын «депрессия», «апатия» сынды күйге түспей, тек еңбекпен ғана жеңіске жетті. Халықтың оған деген махаббаты, жылы сөзі мен ілтипат-құрметі мен марапаттары – оның шығармашылығына берілген баға. Оның өмірі мен еңбек жолы жастарға үлгі ғана емес, адал еңбек пен өнерге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Ал, тағдыры, өнердегі шеберлігі мен парасаты қоғамға үлгі боларлықтай.
х х х
Көрермен «Жәмила» драмасында Әдемі Ділханқызының өнеріне тағы бір мәрте куә болды. Бенефис-кеш иесіне құттықтау хаттар табысталып, қазақы дəстүрмен арнайы сый-құрмет көрсетілді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ