ЕХРО – 2017 көрмесінің жабылу салтанаты қалай өтті? (ФОТО)
Әлемнің 115 мемлекеті мен 22 дүниежүзілік ұйымдарының басын біріктірген ЕХРО – 2017 көрмесі жексенбі күні Астанада ресми түрде жабылды. Халықаралық Көрмелер Бюросы жоғары бағалаған жаһандық шараның аяқталу рәсіміне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.
Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Президент ЕХРО көрмесінің ел экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыда оң әсер еткенін атап өтті.
– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті, – деген Елбасы үш ай бойына Қазақстанның астанасы әлем назарында болғанына тоқталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ЕХРО аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгенін атап өтті. Президенттің пайымынша, Астана көрмесі «таза энергетика» тақырыбын жаһандық деңгейде дамытуға үлес қосады.
Көрме инфрақұрылымы қалай пайдаланылады? Осы мәселеге айрықша тоқталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, халықаралық National Geografic арнасының бағалауынша, әлемдегі теңдесі жоқ ғимараттар қатарын толықтырған «Нұр Әлем» сферасының ЕХРО көрмесінің мұрасы ретінде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Алдын ала ақпараттарға қарағанда, бір ғана сфера ғимаратын 1 миллион 800 мыңға жуық азамат тамашалаған. Және көрменің кей нысандары қазір атқарып отырған функционалдық міндеттерін жалғастырады.
– Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Барлық қатысушы мемлекеттерге, Қазақстан азаматтарына алғысын білдірген Президент Нұрсұлтан Назарбаев:
– Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды, – деп сөзін қорытындылады.
Көрме жұмысының ресми аяқталу салтанаты ЕХРО қалашығының Амфитеатр аумағында эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама, от шашу шоуына ұласты.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Еліміз көркейіп, халкымыздың жағдайы көтеріле берсін!!!