ЕХРО-2017: атыраулық еріктілер оралды (ФОТО)
Халықарлық ЕХРО-2017 көрмесі кезінде келушілерге қызмет көрсеткен атыраулық еріктілер бүгін өлкеге оралды. №48 «Астана – Атырау» бағытындағы жүрдек пойызымен келген еріктілерді ата-аналармен бірге, жергілікті билік өкілдері де күтіп алды.
ЕХРО көрмесінің ең алдымен шет тілін еркін меңгеруге ерекше ықпал еткендігін атап өткен еріктілер, халықаралық шара кезінде қызмет көрсету арқылы үлкен тәжірибе жинақтағандарын айтады. «Ерікті болу – жай ғана адамдармен жұмыс емес. Ең бастысы, біз тайм-менеджментке, яғни, уақытымызды үнемді пайдаланып, тиімді іс атқаруға үйрендік. Барлық ісін алдын-ала нақты жоспарлай білген адам уақытты бағындыра алады» дейді ЕХРО көрмесінен алған әсерлерімен қуана бөліскен еріктілердің бірі Диана Әліпова.
Үш айға созылған көрме жұмысына Атыраудан 52 ерікті аттанған еді. Енді, олар өздерінің білген-түйгенін кейінгілерге үйрететін болады. «Инфо Центр» қоғамдық бірлестігінің өкілі Абай Әміровтың айтуынша, Атырауда көп ұзамай еріктілер мектебі құрылады. Онда халықаралық шарадан тәжірибе жинақтап келген еріктілер кейінгі жастарға бағыт-бағдар көрсетумен айналысатын болады.
Айта кетелік, 10 маусым мен 9 қыркүйек аралығында халықаралық көрмеге келген адамдардың саны 3 миллион 860 мыңды құрады.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.