Егіс науқаны секілді жоспарлы жұмыстардың уақытымен атқарылуын қадағалау қажет
Atr.kz/1 сәуір, 2020 жыл. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жасаған мәлімдемесінде көктемгі егіс науқанын уақтылы өткізу аса маңызды екенін қадап айтты.
Сонымен қатар тиісті жұмыстардың бәрі жоспарлы түрде атқарылуына аса мән беру керектігін айта келіп, осыған орай мемлекет тарапынан 170 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінетіндігін жеткізді. Осымен қоса, ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсету қажеттігін мәлімдеді.
Сонымен бірге, көктемгі-күзгі егіс науқаны кезінде жанар-жағармайдың қолжетімді болуын есепке ала отырып, оның нарықтық бағасын 15 пайызға төмендетуді жүктеді. Арзан жанармайдың шаруаларға жетуін жіті қадағалап, оны жеткізетін «операторлардың» жұмысы толығымен ашық болуы керектігін айтты.
Мемлекет басшысының бұл нақты қадамдары еліміздегі барша шаругерлерге соны серпін беріп, алдағы күндерімізге сенімділік ұялатып отыр. «Биылғы егіс көлемін былтырғы көрсеткіштен түсірмейміз» деп отырған атыраулық шаруаларға бұл шынымен үлкен қолдау болды.
Мұрат САРМАНОВ,
Атырау облыстық Фермерлер одағының төрағасы