
Егіс көлемі 66% артты: аймақта 8700 гектардан астам аумаққа егін егілді
Атырау облысы бойынша көктемгі дала жұмыстары белгіленген мерзімде және агротехникалық талаптарға толық сәйкес аяқталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Аймақтағы жалпы егіс көлемі 8 754 гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 66% артқан.

– Ауыл шаруашылығының барлық бағытында көрсеткіштер өсіп келеді. 11 гектар картоп алқабынан 260 тонна, 200 гектарға жуық көкөніс алқабынан 9500 тонна, 148 гектар бақша дақылдарынан 7700 тонна және 594 гектар мал азықтық дақылдарынан 4000 тонна өнім алынды. Бүгінде маусымдық жұмыстарға қажетті жұмыс күші де қамтылуда. Биыл облысқа шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 670 квота бөлініп, 1 шілдедегі жағдай бойынша 521 азаматқа рұқсат берілді. Қалған 149 квота бойынша жұмыс жалғасуда, – деді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапанов.

Қазіргі уақытта облыс көлемінде егін жинау жұмыстары басталды. 8 754 гектардың 1500 гектарынан астамы орылып, 21 мың тонна өнім жиналды.