Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Егін – ел ырысы

Биыл облыс бойынша егістіктің нақты көлемі 8 753,4 гектарды құрап, өткен жылғыдан 66%-ға артқан. Бұл өңірдегі шаруашылық құрылымдары мен жеке сектор иелігіндегі егін алқабын қоса алғандағы көрсеткіш. Көктемгі дала жұмыстарының бекітілген кестеге сай, белгіленген мерзімінде, агротехникалық  талаптарға сәйкес  жүргізілуінің нәтижесінде берекенің берік негізі қаланды.    

«Дастан» дәстүрінен жаңылмайды

Облыстағы егіні көп өңірдің бірі – Махамбет ауданы екені белгілі. Ежелден егіншілікті кәсіп еткен махамбеттік дихандар кейінгі кездері көкөніс-бақша дақылдарының ерте пісіп-жетілетін түрлерін өсіруге машықтанған. Соған байланысты халықтың оған деген сұранысы да артып отыр. Шілде айы басталғалы бері қияр мен қырыққабат, баялды мен тәтті бұрыш, қалаберді қызылша сауда орындарының сөрелерінен табылуда.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл мұнда 200 гектарға картоп, 700 гектарға көкөніс, 530 гектарға бақша және 2 700 гектарға малазықтық дақылдары өсірілуде. Тұтастай алғанда, аудандағы егіндіктің аумағы 4 130 гектарды құрап, былтырғыдан екі есеге жуық ұлғайған.

Өткен жылы көктемгі су тасқынының салдарынан өңірде егістіктің көлемі едәуір кеміп кеткен еді. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шегіп, тәсі қайтып қалған шаруагерлер «осы жолы қалай болар екен» деп іске алаңдап кіріскені де жасырын емес. Әйтсе де «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы берік ұстанған диқандар алған беттерінен қайтпауды мақсат тұтты. Сөйтіп, көктемгі дала жұмыстарына жұмыла кіріскен шаруалар ыждағаттылық танытып, егіннен жиналатын берекенің берк негізін қалады.. Міне енді баптай білгенге берері мол жомарт жердің  ырыздығын ысырапсыз жинап алудың қамында жүр, — деді Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев.

Өзге әріптестеріне өнеге көрсетіп, үлгі танылып жүрген ұжымдардың алдыңғы легінде «Дастан» шаруа қожалығын атауға болады. Қожалық басшысы Қоныс Ермановтың айтуынша, дастандықтар биыл жалпы ауданы 100 гектар жерге егін өсіруді межелепті. Бейнелеп айтқанда, олар егіншілікті атакәсіпке айналдырған. Қандай қиындыққа тап болып, кедергіге кезіккенімен бұл қожалықтың егін салмаған жылы жоқ. Аумағының азды-көптігіне қарамастан мұндағылар барынан өнжеулі өнім жиып, ырыздық-несібесін кемітпеуді мақсат тұтып келеді. 

Былтырғы су тасқынында егініміздің біраз бөлігін су шайып, жарамсыздыққа ұшырады. Жағдайды ескеріп, күш-мүмкіндігімізді жұмылдырдық. Шыққан шығын мен келтірілген зиян мемлекет қаражаты есебінен қайтарылып, бүлінген жеріміз қалпына келтірілді. Биылғы халіміз одан көш ілгері. Осы жолы да жылдағыша жалпы көлемі 45 тоннадан кем емес өнім алатын ойымыз бар. Шілденің алғашқы күндерінен-ақ ерте пісетін дақылдарды жинауға кірістік. Қазір оны біраз еңсеріп те қалдық, — дейді шаруашылық басшысы.

Ерте піскен дақылдың еншісі басым

Аудандағы кәсіпкер Вячеслав Юннің жетекшілігіндегі «Қызанақ Агро» шаруа қожалығы да биыл 135 гектар жерге егін салыпты. Көкөніс пен бақша дақылдарының оннан астам түрін өсіретін ұжым күтімін келістірудің арқасында оның қайсысынан да мол да сапалы өнім алуға дағдыланған. Бұлар да алдыңғы әріптестері сияқты ерте пісетін егіндіктен өз еншілерін алудың қамында жүр екен. 

Білгеніміздей, қырыққабаттың ерте пісетін сортынан науқан басталған алғашқы апталардың өзінде 4 тонна өнім жиюға қол жеткізген. Өңірдегі өзге шаруашылықтар да осы лекке ілесіп, маңдай тердің өтеуі қайтар шақта ширақ қимыл танытып, Жер-Ананың ырысын ысырапсыз теріп алуға талпынуда. 

Егіншілікті ежелден кәсіп еткен, еккенінен еселеп өнім алуға үйренген өңірлердің көшін Жайық бойындағы Индер мен Қиғаш бойын қоныстанған Құрманғазы ауданының дихандары да жіті қимыл, жемісті істерімен жалғастырып келеді. Бұл аудандардағы шаруашылықтар да көктемде еккендерінен мол өнім жиюдың жолында тынымсыз жұмыстанып жатқанын білдік. 

Сулы жер – нулы жер

Өткен жылдан бастап облыста «Табиғат» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылуымен байланысты бүгінде егіс алқаптарын суарып-суландыру мәселесі жүйелі жолға қойылған. 

Жаңа құрылымның басшысы Асыланбек  Рысжановтың сөзінше, ондаған жылдар бойына жөндеу көрмеген каналдар қалпына келтіріліп, судың баруы қиын, кедергісі көп учаскелерге тіршілік нәрі енді мезгілінде, қажетті мөлшерде жеткізілетін болды.  Ал сулы жердің қашан да нулы болары даусыз.

Сырттан келген жұмысшы 800-ден асады 

2025 жылы картоп –  621,  көкөніс – 2 460, бақша – 1 256 және малазықтық дақылдар – 4 408 гектарды қамтиды. Бүгінге дейін өңірдегі барлық егіндік алқаптың 435 гектары жиналып, нәтижесінде  6 940 тонна өнім алынды. Оның ішінде 65 гектар көкөністен – 2 100, 70 гектар бақшадан – 3 160, сондай-ақ, 300 гектар малазықтық дақылдарынан – 1 680 тонна өнімнің жиналуы қамтамасыз етілді. 
Биыл шетелдік жұмыс күшін маусымдық жұмысқа тарту үшін облыс бойынша 670 квота бөлінді. Шілде айының басына дейін 501 адамға рұқсат беріліп, жұмысқа тартылды. Қалған 169 квотаны көп кешіктірмей игеру көзделіп отыр.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button