«ЕҢБЕК КҮНІ» КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНАДЫ
Үстіміздегі айдың 26-сында бұл күн республикамызда алғаш рет салтанатты жағдайда аталып өтпекші. Осыған орай ел ордасы — Астана қаласында бірінші республикалық Форум ұйымдастырылғалы отыр. Кешегі аптаның соңында Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен «дөңгелек үстел» басындағы дидарласу да осы мәселеге арналды. Онда алдымен облыстық кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Елена Мұстафина осы шараға дайындық жұмыстары жөнінде хабарлама жасады.
— Еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, мерейін үстеген, аға буынның тәлімді тәжірибесін кейінгі ізбасарларына үлгі еткен тағылымды басқосулар «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Ембіэнергомұнай», «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз» басқармаларында, басқа да бірқатар ұжымдарда жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап айтқанымыз ләзім.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтары облыстық комитеті медицина мекемелері арасында «Еңбек он күндігін» (17-26 қыркүйек) жариялады.
Өздерінің кәсіби мерекелері – Мұғалім күнімен тұстас келетін «Еңбек күнін» білім мен ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының облыстық ұйымы әдеттегіден гөрі өзгеше жағдайда атап өтуді мақсат тұтқан. Қос мереке құрметіндегі салтанатты жиындарға сапта жүрген мұғалімдермен бірге ұзақ жыл бойына шәкірттерге сапалы білім мен ұлағатты тәрбие берген ардагер ұстаздар құрметті қонақ ретінде шақырылады. Олардың өмір және еңбек жолдарынан сыр шертетін стенділер шығарылып, жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болғандардың есімдері ұлықталады.
Айта кетсек, өз кезегінде облыстық кәсіподақтар Федерациясы, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясымен бірлесіп, мұнай-газ кәсіпорындарында баспасөз турларын ұйымдастыруда. Бұнда да көзделгені-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қатыстыра отырып, жұртшылықты еңбек ұжымдарының тыныс-тіршілігімен таныстырып, озаттары мен үздіктерінің, еңбек әулеттерінің өнегелі қырларын көпке үлгі ету екендігін хабарламашы алға тартты.
Басқосуда екінші болып сөз кезегін еншілеген Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Ғанимұраттың түсіндіруінше, «Еңбек күні» Форумы алдында тұсауы кесілетін байқауды алты аталым (номинация) бойынша өткізу ұйғарылған. Нәтижесінде, металлургия, тау-химия, мұнай-газ, құрылыс, машина жасау және көлік жүйесі салалары бойынша жас өндіріс озаттары-мамандығының үздіктері анықталмақ. Және бір мәлімделгені, «Еңбек адамы» республикалық конкурсына қатысып, бағын сынаушылардың сапында атыраулықтардың да барлығы.
Соңынан Еңбек Форумына қатысушы атыраулық делегацияның құрамына енгендердің есімдері аталып, таныстырылды. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қорытындылап, оң бастамаға сәттілік, еңбек ұжымдарына табыс тіледі.
Дәулетқали АРУЕВ.