ЕҢБЕК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Орталықтан келген білім беру саласының мамандары, қазылар алқасы атыраулықтардың білім бәсекесін өткізудегі ұйымдастырушылық деңгейін жоғары бағалады. Осыған орай, облыстық әкімдікте аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқан олимпиаданы ұйымдастыру жұмыстарына белсенді атсалысып, жоғары деңгейде өткізуге жан-жақты көмектесіп, ықпал еткен білім саласы қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
— Олимпиада – бұл ерекше білім сайысы. Дүбірлі дода өз мәресіне жетті. Келген қонақтардың барлығы риза, Атырау халқының қонақжайлығына тәнті болды. Бұл шараны, әрине, бір әкімдік немесе бір білім беру басқармасы өткізе алмайтын еді. Жан-жақтан көптеп қаумалап, ел болып, облыс болып көмектескендіктен, ойдағыдай сәтті өтті деп ойлаймыз, — деп Шыңғыс Жұмабекұлы Атырау қаласының әкімі Н.Ожаевқа және бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалар басшыларына Алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасарлары Шәкіржан Мырзағалиев, Зылиха Дүйсекенова, басқарманың бөлім басшысы Роза Қабдолова және бірнеше оқу орындары басшылары ие болды. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хаттары білім беру саласының бірнеше қызметкерлеріне табысталды.
Жиын барысында сөз алған облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев олимпиаданы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Шыңғыс Мұқанға, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке қолдауларын аямағаны үшін алғысын білдірді.
Қазақстан ұлттық ЮНЕСКО клубы федерациясы ЮНЕСКО-ның 70 жылдығын мерекелеу шеңберінде «Дети в ритме мира» атты шығармашылық фестиваль өткізген болатын. Осы шараны ұйымдастыруға көмектескен Атырау облысы әкімдігіне Ал-ғыс хат келіп, ол облыс әкімінің орынбасарына тапсырылды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.