Джавахарлал неру сүйген әйел
1947 жылы наурыздың 22-сінде Эдвина мен Луис Маунтбеттендер Делиге келіп жетті. Королева Викторияның келбеті келіскен, сымбаты сыртынан-ақ көз сұқтандыратын сұлу шөбересінің 46 жастағы жұбайы Эдвинаның жүзінен сан уақыт сарсылтып, әбден шаршатқан соғыс зардабының табы байқалады, өзі тым қобалжулы. Өйткені, бүгін Эдвина өмірінде сан-сапат оқиғалар мен қайғы-мұңға толы жаңа кезең басталады. Ақпанның 20-сында лордтар мен қауымдастық палаталары Луис Маунтбеттенді Үндістанның вице-королі етіп бекітті. Мұның өзі, әдеттегі ресми қызмет орынтағына отыру ғана болып есептелгенімен, сонымен қатар, белгілі бір үстемдік дәуірінің аяқталуының да нышаны еді. Эдвина мен Луис Маунтбеттендерге Британия империясы тәжінде жақұттай жарқырап тұрған осы бір елді бірте-бірте тәуелсіздікке өтуге аса ұқыптылықпен дайындау жүктелген болатын. Атақтары аңызға айналған, аса ауқатты, қамсыз-мұңсыз дәурен сүріп келе жатқан жұбайлар үшін бұл бір тауқыметі таусылмайтын ауыр міндет еді. Сингапурдегі сәл ғана аялдама кезінде корольдік отбасына британ үстемдігіне қарсы ымырасыз күрескер, Гандидің шәкірті, қолында раушан гүлі бар Джавахарлал Неру сәлемдесе келді. Эдвина сол сәттен бастап-ақ, кейін өз тағдырында төңкеріс жасауға тиіс осы адамның ерекше сырбаздығы мен сыпайылығын, кішіпейілділігі мен талғампаздық танымын бірден аңғарды. Сыбай-салтаң, тұл бойдақ Неру бұл кезде 58 жаста және оның саясаткерлік болашағының боранды-борасынды болатыны да баршаға күні бұрын белгілі еді.
Корольдік резиденцияға келіп орналасқан соң, Луис Маунтбеттен әртүрлі саясат өкілдерімен кездесулер өткізіп, мәжілістер, келіссөздер жүргізуге кірісіп кетсе, Эдвина да қарап отырмай, деревняларды тынбай аралап, әйелдер делегацияларымен әңгімелесті, еріне көмектесіп, ресми қабылдаулар мен түскі, кешкі ресми ас берілгенде, бәйбішелік міндеттер атқарды, бұлардың бәріне де Неру міндетті түрде қатысатын еді. Әбден сілесін қатырған күнделікті жұмыстары тәмамдалған соң ол күнделігі мен өзінің үш баласына әрдайым жіберіп отыратын хаттарын жазуға кірісіп кетеді. Бұл жазбалардың қай-қайсысында да өзі жиі куә болып жүрген оқиғаларға орай Нерудің аты аталмай өтпейді. «Оған Нерудің үйінде болу өте ұнайтынын жұрттың бәрі білетін, — деп жазады бір көзкөрген, — олар Үндістан үшін көп шаруа тындырды, енді ескі достарша жиі кездесе берулеріне әбден болатын. Әйтсе де, 1947 жылдың қыркүйегінде, Үндістан тәуелсіздік жариялағаннан кейін екі аптадан соң, Эдвина өзінің жаңадан ғана премьер-министр болып тағайындалған Неруді сүйетінін кенеттен түсінді». Делиде тобыр толқып, түрлі тәртіпсіздіктерге жол берілді, оларды тыныштандыру үшін орталарына барған Нерудің өміріне қанжармен қаруланған бұзақылар қауіп төндірді. Нерудің бұл батыл қылығы Эдвинаны қатты тебірентіп, көзіне жас алдырды. Күнделігіне: «Ол аман-сау!» деп, оған деген өзгеше жан сезімін жасыра алмайтын қуанышты жолдарды жазды. Гандидің өлтірілуі Неру үшін аса ауыр соққы болды. 1948 жылдың қаңтарындағы Махатманы жерлеудің орасан зор рәсімдері екеуінің қарым-қатынасын біраз уақытқа алшақтатып жіберді, бірақ, ол ұзаққа созылмады. «Мен сізді көруім керек, — деп жазады ол Эдвинаға, — сізбен емін-еркін, кең отырып әңгімелесуім керек. Мені тек сіз ғана ұға аласыз! Эдвина мен Луис Маунтбеттендер өздерінің екі қызы – Паула және Памеламен бірге Неруді тауда оңашалау орналасқан, қалалықтар салқынына сая табатын, жас тәуелсіз республиканы жұлқылап жатқан азамат соғысының қанды дауысынан қағыстау жатқан Машобрадағы үйлерінде қабылдады.
Луис «Джипті» өзі жүргізіп келеді, жолаушылар орындығында балалармен қатар, Эдвина мен Неру отырды. Олар ашық алаңқайда біраз көңіл көтеріп, шәй ішті, әрі-беріден соң Неру Англияға жүруге жол жабдығын дайындап жатқан бұрынғы вице-королеваның кабинетіне келді. Оның ынтызарлық екпінінен ерекше әсерленген Эдвина бұрынғы ұстамдылығын былай қалдырып, бір сәт сырласуға көшкенін білмей де қалды. Ол өзінің қайғы-мұңсыз жастығын, жолы болып, жақсы күйеуге шыққанын, балалық шақта бастан өткен ұшқалақ қылықтарын да жасырмай еске алды. Неру болса оған Харроу мен Кембриджде оқыған кезеңдерін, түрмеде өткен жылдарын әңгімеледі. Екеуінің де көңілді жүздері бір уақыт тұнжырап жүре берді. Енді бірнеше күннен кейін қоштасуға тура келді. Қашан қайта көрісе алады? Аса сезімтал Эдвина біресе қызарып, біресе бозарды. Көкірегі мұңға толды.
Маусымның 20-сында Маунтбеттендердің Үндістанмен қоштасар күні, өзінің резинденциясының шағын қонақ бөлмесінде Эдвина Неруге XVІІІ ғасырда жасалған әшекейлі қобдиша, әулие Христофордың медалін «Мұны мен не істеймін? — деп таң қалады Неру. — Мойныма тағам ба? Бұл менің дініме жат» және жақұты жалтылдаған қымбат бағалы сақина сыйлайды. «Қашан да болса қаржыдан қысылсаңыз, сатып жіберіңіз» дейді оған Эдвина. Сыйға-сый ретінде Неру оған тиын тағады, оны Эдвина өле-өлгенше жүзігіне қосып тағып жүрді, манго дәнін және өз өмірбаянының бір данасын сыйға тартты. «Сіздің ғажайып сыйлығыңыз мені өзімнің қорқынышым мен ұяңдығымнан арылтты» деп жазды кейін Неру.
Англияға бет алған кеме үстінде Эдвина мұңға берілді. Өздерінің ата жұрты Бродлендс сарайы оны уақытша ғана тыныштыққа бөледі. Лондонда, Букингем сарайында немесе Даунинг-стрит, ондағы ағылшын премьер-министрлерінің резиденциясында ол өзін жат адамдай сезініп, жалғызсырап жүрді. «Менің өмірім – айтса адам нанғысыз, қаңыраған бір дүние» деп ашық жазады ол бұл кезеңін Неруге. Оның бірден-бір қуанышы – үнді студенттерімен кездесу, сосын Гаид-парк арқылы Үндістан Республикасы Жоғарғы комиссариатының штаб-пәтерінен Нерудің өзіне арнаған махаббат поэмалары толы хаттарын алуға бару болатын. Егер хат кешіксе, оған телефонды пайдалануға тура келетін… Эдвина үшін телефон поштадан гөрі сенімдірек еді. Бірақ, Делимен хабарласу оңайға түспейді. Әуелгіде ол өзінің хаттарын дипломатиялық қатынас арқылы «премьер-министрдің атына» деп жіберсе, кейін конверт сыртына жәй ғана: «Тек өзіне» деп жазатын болды.
1948 жылдың жазында Неру өз елін екіге бөліну қаупін туғызған Пәкістанның аймақтық-шекаралық талап-тілегінің тегеурініне тап болды. Мұндай ауыр, тығырыққа тірелген жағдайда оған Эдвинаның қандай қатысы болмақ? Алайда сол бір нажағайы шатырлаған кесірлі кезеңде де Неру өзінің Бродлендске баратынын хабарлайды. Луис Маунтбеттен осы жолы да өзінің нағыз джентельмендігін танытып, Плимутта бір жұмысы барлығын дәлел етіп кетіп қалып, Эдвина мен Нерудің оңаша кездесуіне мүмкіндік жасайды. Бірақ, адамгершілік әдебі бұзылмады. Бродлендсте олар Маунтбеттендердің үш баласы, қызметшілер мен халықтың көз алдында болды. Өзін принц Филипптің туысы санайтын Неру оның абырой-беделіне ешқандай кір жұқтырмауға тырысып бақты. Бірақ, өзінің Эдвинамен кездесу қуанышын еш жасыра алмай жүрді. Олар ғасырлармен бірге көнерген қалың орманды қол ұстасып бірге шарлады, құмарлары қанғанша сүйісті. Ол өз өмірінде талай-талай қызықты бастан өткерген осы бір жасамыс әйелдің махаббатына бас иді.
Орысшадан аударған:
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ.