Дулаттан дарыған дауа

 Дәрігерлерді «ақ халатты абзал жандар» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, олардың тұла бойында басқа біреудің өмірі үшін жанын сала күресетін мықты қажыр-қайрат, ажалмен арпалысқанда қолдарын қалтыратпайтын үлкен күш-жігер, қиналса да саспайтын салқынқандылық бар. Міне, облыстық балалар ауруханасының анестезиология, реаниматология және сәулелі радиологияның білікті маманы, бас дәрігердің орынбасары Дулат Рамазанұлы Сабыров туралы осылай деуге болады.

Дулат бұрынғы Балықшы ауданы Октябрьдің 40 жылдығы (қазіргі Фариза Оңғарсынова) атындағы орта мектепті үздік бітірген соң Ақтөбедегі мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсті. Дәрігерлік ілімнің терең сырларын үйреткен студенттік жылдар көзді ашып-жұмғанша өте шығып, аталмыш оқу орнын 1989 жылы бітіріп шығады. Атырау қаласына келіп, алғашқы дәрігерлік еңбек жолын осындағы облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде анестезиолог-реаниматолог болып бастайды. Содан бірер жылдан соң аурухана басшылығы жас маманға зор сенім артып, оған осы бөлімнің меңгерушілік қызметін жүктейді.

Дулат аталмыш бөлімде анестезиолог-реаниматолог болып істеген жылдары талай баланың өміріне араша түсіп, ата-аналардың шексіз алғысына бөленді.

– Дәрігер болу, оның ішінде, бала дәрігері, бала хирургі болу үшін тек медициналық білім алып қана қою жеткіліксіз, – дейді Дулат әңгімесінде.

– Бала дәрігері – ең әуелі нәрестелердің өміріне араша түсетін, денсаулық сыйлайтын шипагер-оташы, аман алып қалатын анестезиолог-реаниматолог. Жаңашыл да, білікті маман 2013 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде қайта даярлау курсынан өтіп, анестезиолог-реаниматолог мамандығына қоса дәрігер радиолог мамандығын алып шықты. Бұдан әрі аурухананың диагностикалық кеңес беру бөлімшесінің меңгерушісі болып істеді. Бұл саланың күрделі де, жауапты екенін екінің бірі біле бермейді. Ауруханаға қала, аудандардан келетін сырқат балалар алдымен осы сәулелі диагностика арқылы тексеруден өтеді. Дулат осы радиолог мамандығымен бірге аурухананың бас дәрігерінің медициналық көмектің сапасын бақылау ісі жөніндегі орынбасары қызметін де қоса атқарып келеді. Бұл ретте ауруханадағы дәрігерлер мен мейірбикелердің күнделікті емдеу саласындағы қызметіне бақылау жасаумен қатар, емделушілердің құқығының бұзылмауына да ден қояды.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз