Рахымжан Отарбаев туралы белгілі тұлғалардың лебіздері
Бүгін белгілі жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден өтті. Жазушының көзі тірісінде айтулы тұлғалардың айтқан жылы лебіздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Дүкен Мәсімханұлы, Қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы:
Әрбір нағыз шығармашлық адамы — жеке дара мінез бен көзқарастың иесі! Сол үшін де оны шығармашыл тұлға дейміз! Мына сұхбатта айтылған әдебиеттің төл мәселелері мен өзге қаламгерлер туралы ойлар Рақымжан Отарбаевтың жеке пікірі, өз жеке көзқарасы! Әсте соңғы шешім емес… Дегенмен, осы жеке көзқарасының өзін күлбілтелемей, күмілжімей батыл айта алған мінезінің өзі өнеге боларлық! Біраз мәселені батыл көтерген, тіліп-тіліп айтқан екен…
Мырзан Кенжебай, ақын, мәдениет қайраткері:
Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев шығармаларын оқып отырғанда өз өміріңнің сұлулығы мен сұрқайлығы, ащысы мен тұщысы аралас сонау бір сәттері аттаған сайын қырдан-қыр, белден-бел асып алыстай түсетін сағымдай біресе бұлдырай қашып, біресе кеудеңдегі жұдырықтай жұмыр етке ине сұққылағандай көріністер көз алдыңнан көлбең қағып өтіп жатады. Оның қаламынан балқыған алтындай құйылып түскен небір көркем дүниелері туралы білікті әдебиетшілер де, қарымды қаламгерлер де, көзі қарақты оқырман да ыстық ықыласын білдірумен келеді.
Рақымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы:
Қаламгердің қолтаңбасының айқындығы, өзінің тақырыбымен назар аудартатыны, Рекеңнің шығармашылығының арғы-бергі кезеңнің тарихы, белес тұстары айқын аңғарылады. Танымал тұлғалардың өмірі, кезеңі, шығармашылығы, қайсыбір оқиғалық сюжеттер бүгінгі күн мен кешегі күн тарихының тамырластығы байқалады.
Ғафу Қайырбеков, ақын:
Ой, айналайын, Рахымжан сен екенсің ғой, жазғандарыңды оқып жүремін, жұрттың тілі жер бауырлап кеудесін көтере алмай жатса, сенің сөйлемдерің сұңқардай самғап тұрады, сені оқысам арқаланып кетемін.
Жаныш Құлмамбетов, Қырғызстан театр қайраткерлері Одағының президенті:
Жалпы, Рахымжан Қасымғалиұлы драматург тұрғысында Қырғыз елінде қалыптасты деуге толық негіз бар. Оның тұңғыш пьесасы – «Әбутәліп әпендіні» өткен ғасырдың 90-жылдарында осы академиялық театрымызда атақты режиссеріміз Ескендір Рысқұлов қойған болатын. Содан бері бізде оның оннан астам драмасы қойылды. Бұл – театр өнері қоғамдық академиясының академигі, халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың драматургиядағы ерекше жетістігі.
Мереке Құлкенов, жазушы:
Рахымжан – қазақтың ғажайып жазушысы. Оның әңгіме, повестерінің, пьесаларының қай-қайсысы да оқырманын бейжай қалдырмайды, ойландырады, толғандырады. Өйткені, ол өмірдің құбылыстарын қарапайым жанның көргенінен өзгеше, басқаша көзбен көре алады. Сөйтіп, сол өмірден түйгенін оқырманына өзінше ой түю арқылы қайтадан жеткізеді: Сөзбен сурет салу арқылы! Рахымжанның суреткерлік қуатының өзі де осында жатыр. Ол – өзін мойындатқан жазушы. Қаламгер үшін одан артық бақыттың керегі жоқ…
Еркін Жуасбек, өнертану ғылымының кандидаты, театр режиссері:
Жалпы, «фестиваль» деген сөзді тікелей аударғанда «мереке» деген ұғымды білдіреді. Р.Отарбаевтың қырғыз жерінде 20 жыл бұрын басталған драматург ретіндегі жолын түйіндеп, бірнеше театрды шақырып, пьесаларын қою бұл да мереке емес пе? Ең бастысы, түрлі театрлардың, актерлердің, театр саласындағы мамандардың бас қосып, бір-бірінің шеберліктерін байқау, пікір, тәжірибе алмасуы үлкен олжа болды.
Қырғыз ағайындар басқа елдің жазушысын өз елдеріне шақырып, арнайы фестиваль өткізуді бірінші рет қолға алып отырған көрінеді. Р.Отарбаев өз пьесасын қырғыздың әр театрына ұсынып, «мынаны сахналаңдаршы» деп айтпағанына көзім анық жетеді. Жақсы шығармаға қырғыз театрларының өзі көңіл аударып отыр.
Есмұхан Несіпбайұлы, актер, театр режиссері, профессор:
Елді аралап жүрген шындықты драматургтеріміз көрсетіп жүр екен. Қазақтың ішінде запыран көп. Сол запыранды біліп жүрген санаулы драматургтеріміздің бірі Рақымжанның дауысы көрерменге жетті деп ойлаймын.
Жұмабай Шаштайұлы, жазушы:
Рақымжанмен 1980 жылдардан әріптес ретінде араласа бастадық. Рақымжан сол уақытта театрдың өмірлік мәселелерін қозғап жүретін.Сол әңгімелердің нәтижелерін бүгін көріп отырмыз.
Гүлзада Ниетқалиева, ақын, журналист:
Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты – психологиялық иірімге құрылған философиялық тұжырымы терең туынды. Ішкі монологқа құрылған көркем шығармадағы оқиғалар желісі елес-естеліктер арқылы дамып, шиеленісіп, шарықтау шегіне жетіп, шешімін табады. Бұрын-соңды қазақ прозасында қолданылмаған әдіс. Хикаят екі сөйлемнен ғана тұратын прологпен басталыпты: «Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?..» Антон Чехов «Краткость — сестра таланта» депті өз заманында. Келісуге тура келеді. Осы бір екі ауыз сөзді оқығанда жүрек ұйып, көзге жас тұнады. Бүкіл аспан асты, жер бетіндегі тіршілік атаулының үкілеген үміті мен алғаусыз арманы, бауырын күйдірген өкініші осыған сыйып кетіп тұрғанын айтсаңызшы!
Рахаң туралы енді жазылады. Мен «Фольклор және қазіргі әдебиет» атты ұжымдық монографияда Рахаңның пьесалары туралы жfзғанмын, әлі талай жазылады. Екінші ғұмыры басталды. Әттең, ерте кетті ғой, алпыс екі деген не қазіргі заманда. Жаны жаннатта болсын. Тіріде мақтауға сараңбыз ғой, өлгенде ғана жоқтаймыз. Біздің қоғам бере алмаған Рахаңның бағасын болашақ ұрпақ береді. Мен сенемін.