Дуальды оқыту жүйесі білікті маман даярлауға жол ашады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын жүзеге асыру бағытында бес негізгі басымдықты белгілеген болатын. Соның ішінде төртіншісі – адам капиталын сапалы түрде жақсарту. Ал, оның негізгі діңгегі ретінде білім, ғылым сапасын дамыту қарастырылып отыр. Осы орайда Атырау мұнай және газ университеті базасында дуальды оқыту жүйесін жетілдіруге бағытталған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев Атырауда бұл жобаны жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар жасалып жатқанын айтты.
— Күні бүгін Атырау облысындағы 25 колледждің 15-сінде, Мұнай және газ университетінде дуальды оқыту жүйесі жүзеге асып жатыр. Өткен жылы кәсіби-техникалық білім беретін коллеждерде бір мыңға жуық бала 73 мекемеде 23 мамандық бойынша тағылымдамадан өтсе, қолына диплом алған студенттердің 90 пайызы жұмысқа орналасты. Ал, оқу орны университет дәрежесін алған соң мұнда зертханалар ашылып, бес мамандық бойынша осы жоба іске асуда. Бұл бастама – жастарға жасалып жатқан үлкен қолдау. Өйткені, олар білім ала жүріп, еңбекақымен қамтылып, өзі тәжірибеден өткен мекемеге жұмысқа қабылданады, — деді Әлібек Ибатоллаұлы.
Айта кетсек, 2015-2016 оқу жылынан бастап университет ректоры, профессор Әли Әбішевтің бастамасымен «Полигон» эксперименталды оқу-білім беру бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бағдарлама мақсаты – білім ордасына оқу үдерісіне дуальдық оқыту жүйесін енгізу.
Әли Әбішев өз сөзінде оқу орнының стратегиялық даму жоспарына сәйкес, 2015-2016 оқу жылдарында органикалық заттардың химиялық технологиясы технологиялық машиналар және жабдықтар, мұнай-газ ісі – бұрғылау мамандықтары ашылғанын айтты. Осы мамандықтарды дуальды оқыту жүйесі бойынша оқыту үшін «Атырау мұнай өңдеу зауыты» мен «Жігермұнайсервис» жауапкершілгі шектеулі серіктестіктері базалық кәсіпорындар болып бекітілген.
— 2016 жылдың 1 тамызынан бастап органикалық заттардың химиялық технологиясы мамандығы IV курсының он студенті Атырау мұнай өңдеу зауыты базасында дуальды оқытуды бастады. Өткен жылдың 8 тамызынан бастап технологиялық машиналар және жабдықтар, мұнай-газ ісі – бұрғылау мамандықтарының IV курс студенттерін «Жігермұнайсервис» ЖШС базасында аталған жүйе бойынша білімдерін шыңдай бастады. Оқыту вахталық әдіспен жүзеге асуда. Вахтаның мерзімі – 28 күн. Төртінші курстың вахтасы аяқталғаннан кейін оларды осы мамандықтың ІІІ курс студенттері ауыстырады. Сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» АҚ-мен бұл бағытта келісімге келдік. Нәтижесінде 15 студентке дипломмен қоса еңбек кітапшалары да салтанатты түрде табысталды. Ал, биылдан бастап тағы қосымша автоматтандыру және басқару, электроэнергетика мамандықтары бойынша да студенттерді жүйеге сай оқытуды қолға алып жатырмыз, — деді ректор.
Дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алатын студенттер контингентінің өсуіне және мамандықтардың көптеп ашылуына байланысты университет басшылығы жаңа дуальды оқыту факультетін ашты. Бұл оқу үдерісін тиімді жоспарлауға және басқаруға мүмкіндік туғызады. Жаңа факультетке оқыту-дәнекерлеу, жону цехы және ашық аспан астындағы технологиялық мұражай берілді.
— Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының жүргізген сауалнамасына сәйкес, — деді жиынға қатысқан Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, – еліміздегі компаниялардың 70 пайызға жуығы жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіретін жас мамандардың кәсіби біліктілігінің төмендеуі бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп отырғанын айтқан. Бұл – ойландыратын мәселе. Сондықтан, бүгінгі конференцияның маңызы зор. Біздің алдымыздағы міндет – білім жүйесін өзгерту, заманауи тәсілдерді жетілдіру. Осы бағытта университетте атқарылып жатқан жұмыстарға қуаныштымыз және қолдауға дайынбыз. Өйткені, дуальды оқытуға байланысты мемлекеттің нақты ұстанымы бар.
Республикалық шараға еліміздің Алматы, Шымкент, Павлодар, Ақтау өңірлері мен Ресей Федерациясынан да мамандар қатысып, өздерінің өңірлерінде дуальды оқыту жүйесін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Атырау мұнай және газ университетінің проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Майдырова дуальды білім беру жүйесінің тиімділіктері мен проблемаларын ортаға салса, «Ембімұнайгаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Жігермұнайсервис» компанияларының өкілдері оның жүзеге асуына, студенттерді еңбекке даярлау бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Ғайни Сейтенова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты Айдарбек Болысбек, РФ Түмен индустриалды университетінің өкілі Ирина Александрова дуальды оқытуды ұйымдастыру ерекшеліктері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Айгүл Ертілеу