Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Дренаж қаланы батпақтан арылтар жобаға айнала ма?

Биылғы қыс атыраулықтарды қыспаққа алмаса да, дренаж жайы облыс орталығында ешқашан маңызын жойған емес. Жаңбыр жауса, «айдын көлге» айналатын көшелерді айтпағанның өзінде, қала маңындағы елді мекендер тұрғындарының әлі батпақты кешетіні белгілі. Алайда, күрмеулі мәселенің шешімі бар. Бұл бағытта нақты жұмыстарды қолға алып, тың бастамаларды ұсынған «Атыраугидрогеология» ЖШС директорының кеңесшісі Едіге Сабуров алда да  атқарылар ауқымды іс барын жасырмайды. Ал, тәжірибелік әдісті сараптап, талдау үшін Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, геология-минерология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Вячеслав Завалейді арнайы шақырды.

дренаж

Жерасты су деңгейін бірқалыпты сақтау не үшін қажет?

Едіге Сабуров сіңімділігі нашар топыраққа құрылыс жұмыстарын жүргізіп, қала салған кезде оның жер асты су деңгейі көтерілетінін айтады. Ал, Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендер осындай аумақта орналасқан. Тәжірибелік-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында мамандар мұны дәлелдеп отыр.

— Кестеде көрсетілгендей, 2003 жылы бір мезгілде екі ұңғы қазылды. Оның бірі Береке ауылында, екіншісі Геолог-2 елді мекенінде орналасқан. Бірінші аумақта ешқандай құрылыс жүргізілген жоқ. Екіншісінде үйлер бой көтерді. Он үш жыл ішінде екінші аумақта су деңгейі үш метрге көтерілгені анық байқалды. Біз ғалымға осыны дәлелдедік,-деді ол.

Маманның сөзіне қарағанда, қала салынбай тұрған кезде жерастының су деңгейі 2-6 метрде болады. Ал, теңізге қарай жерасты суы да тұзды, ащы болады. Қаламыздың кейбір аумақтары Каспий теңізінің орнында орналасқандықтан, топырақта тұз тұнбалары сақталып қалған. Жылдар өткен сайын құрылыс та, жаңа елді мекендер қатары  да көбейді. Демек, су деңгейі де көтеріліп, жерге тақалған.

— Шіркеу маңындағы ұңғыларда су өте жоғары деңгейге көтерілді, жер бетіне дейін тақалды. Соның салдарынан жауын-шашын сіңбей, шалшық сулар пайда болды. Жеке секторда үйлер көбейген сайын сіңімділігі нашар жер астынан судың деңгейі көтеріледі. Мұндай жағдай жаңадан бой көтерген Жұлдыз, Талғайраң және тағы да басқа елді мекендерде орын алады деп болжап отырмыз, — деген Едіге Сабуров жаңа ықшамаудандар, елді мекендер қатары көбеюіне орай қала аумағын ұлғайтып, «биік қала» тұрғызуды ұсынды. Шынымен де, жылдан-жылға ауыл тұрғындарының облыс орталығына жаппай көшіп, қоныстануы артып келеді. Сондықтан, облыс орталығында халық саны көбейе беретіні даусыз.

— Қалада тағы да жүздеген шақырым жол салынады деп күтілуде. Бізде жол «жыры» таусылар емес. Шаһар батпаққа айналмас үшін қалада үйлер шағын және биік болуы керек. Сондай-ақ, инженерлік коммуникация жүргізген кезде оған кәріз жүйесін де қосу керек. Әйтпесе, батпақ көбейе түседі,-дейді Е. Сабуров.

сабуров дренаж

Тік дренаждың тиімділігі неде?

Ендеше, су деңгейін қалайша бірқалыпты сақтауға болады? Бұл ретте сала маманы ұңғыларды тоқтатпай, оны үнемі сорып отыру қажеттілігін атап айтты. Себебі, техногенді су деңгейінің көтерілуіне жол бермеу керек. Оған шағын әрі тайыз тік дренаж оң әсер етеді. Ал, ақтөбелік мамандар жерасты суын ірі диаметрлі вертикальды  ұңғымен соруға ұсыныс білдірген еді.

Е.Сабуровтың сөзінен ұққанымыз, тік дренаждың тиімділігі сол — өсімдіктер тамыры өсетін жерді ащы судан азайтуға мүмкіндік туады. Суды сорған кезде топырақта қалып қоятын тұздан арылу үшін экран (ащы судың бетіне тұщы судан-авт.) жасау қажет. Босаған топырақ тұщы сумен жуылып, шайылады. Ал, экран жасауға «Атыраугидрогеология» ЖШС патент алған.

— Осы әдісті тәжірибе ретінде пайдаланып, өз қаражатымызға қаладағы №2 мектептің шарбағына 15 түп тал еккен едік. Суару технологиясы сақталды. Жазда ағаштар өсті, — дейді ол.

Сонымен, су деңгейі төмендетіліп, ащы су бетіне экран жасалды. Сол жерлерге жасыл желек отырғызылып, өз кезегінде оның тамыры жерді қопсытып, топырақтың суды бойына жинау қабілеттілігін арттырады. Өзіміз күнделікті байқап жүргеніміздей, өсімдік өскен жерде артық су болмайды. Маманның айтуына қарағанда, мұнайлы өңір шөл және шөлейтті аймаққа жатады. Яғни, жылына небәрі бір шаршы метр жерге 200 литр ғана жауын-шашын, қар суы түседі. Ондай суды жоғарыда айтылған тәсілмен толықтай топыраққа сіңіруге болады.

завалей дренаж

Тәжірибе қалай жүзеге асты?

– Тәжірибе кезінде Тайманов көшесінен екі мың текше метрдей су айдадық. Асфальт астында ұсақ тас төселгендіктен су көп жиналады екен. Оның деңгейін түсіру оңайға соқпады. Біраз уақыт бойы тазаладық, — деген әңгімелесушіміз  ұңғы қазуға күрделі техника қажет еместігін атап көрсетті. Көшелер қопарылмайды. Тек өз әдісімен жер астына құбырлар жіберіледі. Алдымен су деңгейі түсіріледі. Әрі қарай жүйе өз жолымен жалғаса береді.

Тиімді әдісті тереңірек талдай түсу үшін қорытындылар мен ұсыныстар даярлап, зертханада сынамалар алынған. Оның бірнешеуі Алматыдағы зертханаға жіберілген.

Осындай күрделі мәселелерді тарқатып, үнемі басы-қасында жүрген сала жанашыры ұсыныстарын қала басшылығына да жолдады. Себебі, дренажға аса қымбат техника қажет емес. Тек алынған суды шығаратын коллектор керек. Оған әзірге мүмкіндік жоқ. Мәселе екі-үш жерге полигон жасап, автокөлікпен шығару арқылы шешілмек. Сол кезде коллектордың қажеттілігі анықталады.

— Бұл ретте қала әкімі Серік Шәпкенов алдымен екі-үш нысанды қарап шығуды ұсынды. Сол кезде коллектордың қуатын есептеу мүмкіндігі болады. Әсіресе, білім беру орындарының айналасын қарау керектігі айтылды. Қарапайым әдіс – тік дренажды әрбір тұрғын да өз учаскесінде пайдаланып, тиімділігін көре алатынын кеңінен насихаттау керек. Қала, елді мекендердегі ащы су деңгейін түсіріп, топырағын тұщытқанда елді мекендерді жасыл желекке орай алатынымызды жадымыздан шығармайық, — деді  Е.Сабуров.

P.S: Әрине, әзірге облыс орталығында жауын-шашын мөлшері қалыпты. Алайда, бұл дренаж мәселесін жауып қоюға жол ашпайды.  Күндердің күнінде өткен жылдардағыдай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Сол кезде бармақ тістеп қалмас үшін қазірден-ақ қамданған жөн болар. Сіз қалай ойлайсыз?

Айбөпе Сабырова

Related Articles

4 Comments

  1. Дренажды баяғыда С.Дәукеев әкім болғанда іске асырамын деп желпіне бастап еді. Сонда миллиардтан кем емес қаржы бөлініп, аяғы суға сіңгендей құрдымға кетті. Бұл жолы да сондай болып жүрмесін…

  2. «Шаруаны ұқсатқанның ұтары көп». Дренаж — бірнеше жылдан бері Атыраудың проблемасы екенін білеміз. Тек мәселе аяқсыз қалмаса екен.

  3. Батпақтан құтқарудың баламасыз жолы бұл – дренаж жүйесін іске қосу. Дегенмен, соңғы кездері дренаж салу идеясы түрлі себептермен жүзеге аспай қалды. Тек, осы салада тәжірибесі бар мамандардың жұмысына кедергі келтірмей, керісінше, қолдау көрсеткен дұрыс болар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button