Доссордан жаңа жылыжай ашылды
Мақат ауданы Доссор кентінде жеке кәсіпкер Бақытжан Төлеуов халық игілігіне тағы бір жаңа нысанның есігін ашты.
Жылыжай кешенін салуды қолға алған кәсіпкер үй жанынан 170 шаршы метр көлемдегі аймақта көкөніс түрлерін өсіруде. Жылыжай бағында 400 түп қияр, 400 түп қызанақ, 100 түп тәтті бұрыш, баялды, шалғам көкөністерімен қатар, құлпынай жемісі түйіндей бастаған. Кәсіпкер отбасылық кәсіпті жандандыруға балалары мен бауырларын жұмылдыруда. Мереке қарсаңында ашылған жаңа нысанның келешектегі жұмысына аудан басшылары мен ауыл тұрғындары зор үміт артып, сәттілік тіледі.
«Бұл аудан басшысының қолдауымен жаңа инновациялық жобалармен тәжірибе алмасу мақсатында Индер ауданына барған сапарымда түйген ойым еді. Мақсат қойып, бірден іске кірістім. Нысан құны 4 миллион теңгені құрады», — дейдікәсіпкер Бақытжан Төлеуов. Енді, кәсіпкер отандық өнімдерін Доссор кентіндегі дүкендерінде саудалайды.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Шаңғалаевтың мәліметіне сүйенсек, Мақат ауданында тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы соңғы бес күнде 5 нысан ашылып, халық игілігіне ұсынылып отыр. Аудан тұрғындары арасында мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашуға ниеттілер көп.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет жергілікті басылымның Фейсбуктегі парақшасынан алынды
ATPress.kz сайтынан