Жарнама
Жаңалықтар

ДОСҚА ХАТ

Мұның бәрі – Таңатар дос алпысқа келдім дегенде ойға оралып жатқан өткен күндердің елесі де. Екеуіміз екі төбенің басында өстік. Сен бізден гөрі сұңғыла едің. Сұңғылалығың сол – кішкентайыңнан қалам құшақтап ұйықтап, баланың жаялығындай аудандық газеттің бетін бермейтінсің. Хабарды қағып алғыш сенің қабілетіңе қызығып өстік. Болашақ жазушы деп қарадық. Танысқым келді. Үйіңе іздеп бардым. Ақсақал – төрде, анаң ошақ басында екен. Қоңторғай тірлік. Қоңыр күй. Барға қанағат айтқан тәубешіл жандардың мейіріміне тойдым. Сені өзен қуалап құрақ шабуға кетті десті. Толқындары аунап аққан біздің жақтың суы қандай! Табан астына қарта мақпал төсегендей боп жататын көкорайы қандай! Өзенге таяй бергенімде алдымда тау боп үйілген құрақ келе жатты. Сол құрақтың астында екі аяқ келе жатты. Даусымды есіттің. Шөмеле ауып кетіп, солқ етіп жерге түсті. Өзің құшағыңды аша ұмтылдың. Сен әлі күнге достардың сол құрақтан да ауыр базынасы мен назын, өтініші мен өзімсінгенін төбеңе көтеріп келе жатырсың. Сендей жайсаң жоқ демейін, ілеуде біреу-ау…

Түні бойы кірпік қақпай сырласып ек. Ай жарығын әлсіз тамызып тұрды. Сөздің аштығы өтіп кеткен екен, түгесе алсақшы. Ойымыз — арман болған Алматыға жету. Сондағы газет-журналдарға өлең бастыру. Келе-келе кітап шығару. Атақ малдану. Абырой аулау. Неткен пәк едік. Айналамыздың бәрін өзіміздей аңғал санаппыз-ау. Өйткені, ішкі күшімізге, көкіректі кернеп тіл ұшынан міне, міне төгілгелі тұрған сөз сиқырына сенетінбіз. Сенетінбіз де, екінің бірі жүгіре алатын қашықтыққа жүгіргіміз келмейтін. Екінің бірі көтере алатын жүкті көтергіміз келмейтін. Екінің бірі жазатын нәрсені жазғымыз келмейтін. Болам деген көңіл, толам деген талап осындай-ақ болар.

Жолайрыққа түссек те тілектестіктен жазбаппыз. Сені де оқысын деп деканмен келісіп бір, облыстық теледидардың басшысымен келісіп, жұмысқа тұрсын деп екі қайта-қайта жеделхат салғаным есіңде шығар, досым. Өзі бауырмал адамға ауылды тастап, қара үзіп кету оңай ма?..

Мен болсам бәдәуи құсап дорбамды сүйретіп Алматы астым.

Сен болсаң ауылда жүріп-ақ өлең өсірдің. Баптадың. Қазақтың соғымына сойдың. Тісі жоқ ботқа жейтіндер оның дәмін қайдан білсін.

«Туған жерді тұсайтын күміс көген,
Мұның бәрін Құдай-ау, кім істеген?
Ақ шаңдаққа айналып орны жатыр,
Анам шелек батырған жіңішке өзен…
 
Құба талдар жағасын көркемдеген,
Сол арнаны сағынып көрсем деп ем.
Қалды ғой деп өзіңе келіп едім,
Бала күнгі бақытым өлшенбеген».

Туған топырақтың біз кешегі көрінісіміз. Бұл — бүгінгі келбеті. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады. Таңатар ақын қазақтың қара өлеңін мейлінше меңгерген. Болмыс пен бітім, түр мен форма, ой мен сезім, сүйініш пен күйініш сегіз өрме қамшыдай жымдасып жатады. Тобылғы сабы өз қолында. Өлең жүзген бұлт, бұлақ даусы, құрақ сыбдыры сынды көз арбаған сұлулықты жырға қосса құлпыра түсер. Бірақ, ол тым тәтті. Тәттіден қазақтың ұрты уылғыш. Демек, әр туынды тағдырлы болуы ләзім. Ол не деген сөз? Елдік мұң мен мұқтаж, аңсар әр шумақта төбе көрсетіп, төскейлеп тұруы керек. Жалқының ойы жалпының көкейіне қонса ғана – сол шын өнер!

Дәреловтің әр өлеңі сондықтан да елдік шежіре, кешегі мен бүгінгінің безбеніндей. Оқыдың-ақ, сан түрлі сурет тіріліп шыға келеді. Небір тұлғалардың есімі әуезе боп аталады. Төккен тер, шабысы мен табысы тізбеленеді. Сонымен де ол халықтың ұғымына жақын, сіңімді. Сүйкімі үстем. Соқыр көрсе, саңырау естісе болар. Бұл шеберлік оңайға түспеген. Ол үшін алдымен ата күші, ана сүтімен ақын боп туу хақ. Сосын жүректің ақтығы, көңілдің кеңдігі шарт. Келесіде барыңда баптайтын, жоғыңда таптайтын тірліктің алуан құпиясын ақтарып көргенің жөн. Санамалап саусақ  сындыра бер. Тауыстырмас. Иә, елдік сөз оңайлықпен шыға қоя ма?

Алғаш ауылыңа барғанымда ғұмыр бойы су маржанын терген әкең Дәкең жарықтық екі иығын қомдап қуанған. Қайтарымда бір мөшек балық беріп еді. Дәмі ауыздан кетер ме? Балықтың емес, жомарттықтың. Иә, біздің ауылдың шалдары жоғында да жомарт еді-ау…

Нар жайылар көңілдің жайлауында жүріп аңғармаппыз ғой, сол шалдардың қадірін. Сені білмеймін, мен әкем Қасымғалиға бала боп жақсылық жасап жарытпадым. Жанын жалаңаштап, алысқа адым оздырдым. Бір ауыз үшбу хатыма зарықтырдым. Арманыммен алысып жүрген мен жайлы өңшең тоқал ешкі ойнақтап өсек айтып, қаралай күйдіргенін де білемін. Жә, қойшы, бәрін! Бар шапағатым – үстіне екі костюм, бір қаракөл бөрік кигізіппін. Бар-жоғы сол. Сол шалдардың көзін көрген дала мен дария, қырат пен қыр аман ба екен? Жанынан өткенде бір қарап қой.

Айтпағым, досым, сол түлкіқұрсақ, сыңариық кезде мені шыр-пыр боп қорғағаның. Көңіліңнің құшағына орап ап, дауға да, жауға да бергің келмей арпалысқаның. Оны жан-дүниеммен сезініп жүрдім.

Айтпағым, әкем сені өз баласындай жақсы көргені. Алматыға оқуға келгеніңде: «Таңатар досыңа көмектес. Бас-көз бол. Ол жайсаң жігіт қой», — деп сені аманаттағаны. Аманатқа қиянат жүрмейді. Әлім жеткен жерге дейін қол ұшын создым-ау деймін. Мен әкем жайлы әлі күнге бір ауыз сөз жазбаппын. Ал, сен поэма арнадың. Қарапайым еңбек адамының мәртебесін асқақтатып бақтың. Үрім-бұтағын тізбеледің. Атағы мен шатағы қатар жарысып жүретін мені әспеттеп, жыр тіліне түсірдің. Досқа – достық  қарыз іс. Сол қарызды сен артығымен өтедің. Менің мойнымдағы парыз ше? Ғұмыр шіркін қайырмасы жоқ әндей қысқа қайырылса, ұрпағыма аманат етермін.

Осы жылдар тек жасыңды ғана емес, қаламыңды да өсірді. Сезімге суарылған жырларыңның арнасы кеңіп, елдік пен ерліктің, жамағат пен жаһанның байыбын көңілдің көнермес безбеніне салдың. Азаматтық дауыс естіліп, адами қағиданы ардақтау — міндет. Қаламгер – қай заманда да қоғамның тілеуқоры һәм сыншысы. Бар оқиға соның жүрегінен өтеді. Демек, өлең жаздым, қара сөз қопардым, мақала тізбеледім, қалғаны өздеріңе аманат деп екі қолды қалтаға салып бос жүру — күнә. Өйткені, ол  — елдік қайраткер.

«Ұлы мақсат, арманың солай келді,

Көкті шарлап құшаққа орай келді.

Еділге де, Есілге елің қонып,

Орман өсіп, толтырды тоғай-белді» — деп тәуелсіздіктің тағылымын таңдайға тепкен тәтті сөлдей ғып жазасың. Бұл — алтын арқау, күміс жалғаудай ұзақ желі. Үзіліп қалмағай!

Ал, кей-кейде:

«Танымас болып шығар танығаның,
Жақпапты жүрегіне шамын анық.
Биік деп ойлағаным аласа екен,
Алданып жүргеніме қамығамын.
 
Қара деп айтып жүрген халқың екен,
Жылы деп ықтағаның салқын екен,
Төбе деп елемеген таудай биік,

Мыс қой деп менсінбеген алтын екен», — деп ішкі  ойыңмен арпалысқан сәттеріңнің де куәсімін. Аруақты жыр. Айналаңдағы адами болмыстың қылығы мен құлығын мұнан артық таңбалау қиын. Мынау бес күндік бұлағай дәуренде жалған жақсыға алданған жалғыз сен дейсің бе, досым? Түйежапырақтың көлеңкесіндей  қысқа күнге қырық құбылған тұстастың талайы жанымызда жүрмеді ме? Ал, кейде жадағай дегеніміздің жарық шамдай екенін де көрдік. Тіпті, аяқасты ілтипатына тойдық. Адамды ішпей-жемей семіртетін сол көңіл ғой. Қай-қайсысына да көнеміз. Екі аяғың жер басқанмен, төбең көкке тимеген соң сәлем беретін адам керек қой. Атадан жалғыздықтан гөрі, рухани жалғыздықтың қиындығын екеуміз ерте сезініппіз-ау. Қайыспа, досым! Жақсы жоғалып табылса, жаман сүйінші сұрауға жарамайтын заманды біз ойлап тапқан жоқпыз.

Зоя саған бақ боп жолықты. Бауырыңнан жарылқады. Құрақтай майыстырып ұл мен қыз сүйдірді. Сүрінсең — сүйеніш, жантайсаң  жастығың болды. Бүгінде қытығы азайып, немере-жиендерінің әжесі атанып отыр. Ел ортасында ақбас бурадай желкілдеп жүрсең, бір жағы, солардың арқасы. Өзіңе деген бата, тілегін қақтап айтып кеткен қариялардың арқасы. Бұдан артық байлық бар ма?

Жазар көбейсін. Әдебиет айдынына жер тепкілеп ағатын жіңішке бұлақтай боп қосылдық-ау деймін. Алматы асып мен де арманымды сарқып қайтқан жоқпын. Ауылда жүріп сен де айтарыңды түгескен жоқсың. Адам мен ақшаға мұқтаждықты жастарға қалдырайық. Біз Аллаға мұқтаж болатын жасқа келе жатырмыз. Ақ сөйлесем, уақытшалықтың кердең текірегі қажытып, кейде мәңгіліктің салқын сазын аңсаймын. Жарайды, қойдым! Біз әлі де мынау даңғаза өмірге керек шығармыз. Біреулерді нұрландыру үшін, біреулерді сұрландыру үшін. Иә, керекпіз.

Сеніскен дос, сен аман бол! Жақсының жарығы Ай жарығындай ғой. Алысқа түсетін. Айналаңа күміс тозаңыңды төге бер.

Құрметпен, Рахымжан ОТАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button