Жарнама
Жаңалықтар

Дос жүрегін шекара бөле алмайды

ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖАРҚЫН КУӘСІ БОЛҒАН ДӘСТҮРЛІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ОСЫЛАЙ ДЕП АТАЛДЫ.

Түрлі ұлт өкілдері қатысқан салтанатты шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова көршілес елдер арасындағы өзара түсіністік пен келісімді, мемлекетаралық тұрақтылық пен толеранттылықты сақтау мәселелеріне маңыз берді.

– Ресей мен Қазақстанды әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы байланыстырады. Шекарада бірбірімен тығыз байланысты Ресейдің 12 субъектісі мен Қазақстанның 7 облысы орналасқан. Қазіргі уақытта біз Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы артып келе жатқанына куә болдық. Біздің ортақ міндетіміз – болашақ ұрпақ үшін достық, одақтас қарым-қатынастарды сақтай отырып оны одан әрі дамыту. Осы маңызды міндетті іске асыруда, халықаралық, мемлекетаралық байланыс орнатуда Қазақстан халқы Ассамблеясының өзіндік орны бар. Соның айғағы – бүгінгі өтіп жатқан Атырау және Ресейдің Астрахан облыстары этномәдени бірлестіктерінің «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» халықаралық фестивалі, — деді Гүлнұр Жалғасқызы.

Айтулы шараға астрахандықтарды бастап келген Астрахан облысындағы «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамының бірінші орынбасары Өмірзақ Бекмұханов «ежелден көршілік хақының маңызына баса мән беретін екі ел арасындағы ынтымақтастық, іскерлік әріптестік байланыс нығая түседі» деді.

– Көрші елдердегі халықтар, конфессиялар арасындағы түсіністік пен достықты дамыту – мемлекетаралық тұрақтылық пен толеранттылықты сақтаудың басты факторы бола алады. Өйткені, Ресейдің оннан астам өңірі Қазақстанмен шекaраласып жатыр. Соның ішінде Астрахан аймағының Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарымен тарихи, мәдени, әлеуметтік-саяси, экономикалық байланыстары тығыз. Астрахан өңірінде мәңгілік тыныстаған Бөкей ханға кесене, ұлы күйші Құрманғазыға музей салынуын шекаралас өңірлер арасындағы тарихи ынтымақтастықтың дәлелі дей аламыз, — деген Өмірзақ Қабылұлы екі ел арасындағы байланысты әңгімесіне арқау етті.

Астрахан облысындағы «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамының жауапты хатшысы, Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің қазақ тілі оқытушысы Әлия Ғұмарова мұндай халықаралық фестивальдің еларалық байланыстарды одан әрі жандандырудағы маңызына айрықша көңіл аударды. Қонақтың айтуынша, екі мемлекетте де халықтың мәдениетін дамыту, діни-рухани қажеттіліктері мен ана тілінде білім алуын қамтамасыз ету үшін жағдай жасалған.

Ал, Дүние жүзілік қазақтар қауымдастығы филиалының төрағасы Өтепберген Әлімгереев, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ-нің бас сарапшысы, философия ғылымдарының докторы Гүлмира Билялова, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылымисараптамалық тобы төрағасының орынбасары Жанна Қыдыралина халықтар мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен келісім туралы әңгіме өрбітті. Сөздерінің түйіні «Ресей мен Қазақстан ортасындағы алтын көпір іспеттес халықаралық фестиваль достық пен татулықтың жарқын үлгісіндей болды» деген ортақ пікірге тоғысты. Халықтар достығы мерекесі көршілес екі ел өнерпаздарының өнерін тамашалауға ұласты. Атап айтқанда, «Ажар» дуэті, «Поющая душа», «Гурьевчанка», «Татулық», «Саранг», «Иверия» шығармашылық ұжымдарының ән-билері, жеке орындаушылар Бақытбек Сәрсенов пен Олег Атанасовтың өнері халықтар достығын паш етті. Құшақ жая көріскен ұлттар арасындағы берік татулықтың үлгісі бір-біріне сый-сияпат жасаған қонақжайлығынан да көрінді. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова Астрахан мен Алматыдан арнайы келген қонақтарды облыс әкімінің орынбасары атынан Алғыс хатпен ұлығыласа, Астрахан облысындағы «Жолдастық» қазақ мәдениеті ұйымы кеңесінің мүшелері де қолөнер бұйымдары мен тарихи кітаптарды халықаралық фестивальді ұйымдастырушыларға тарту етті.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button