Жарнама
Жаңалықтар

Домбыра – қазақ руханиятының қазығы

Домбыра күнінің маңыздылығы өте жоғары.
Бұл күн – мен үшін ерекше, жүрекке жақын мереке. Соңғы жеті-сегіз жылда бұл мейрам кең көлемде аталып өтіліп, үлкен мерекеге айналды. Домбыра күні – бүкіл өнер мен мәдениет өкілдері бас қосып, ұлттық аспапты ұлықтайтын маңызды шара. Бұл – қуантарлық жағдай. Өйткені домбыра – қазақ музыка мәдениетінің қазығы. Басқа да аспаптар бар, бірақ олардың ішінде қазақтың жан дүниесін дәл домбырадай жеткізе алатыны сирек.

Қазақ халқының салт-дәстүрі де домбырамен тығыз байланысты. Беташар да, мұңды зар, қуаныш та – бәрі осы қасиетті аспап арқылы жеткізіледі. Сондықтан домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны ерекше. Соңғы уақытта жастардың домбыраға қызығушылығы артып келе жатқаны қатты қуантады.

Домбырамен шұғылдануым мектеп кезінен басталды. Әкем домбыра тартатын. Кішкентай кезімде үйде әкемнің домбыра тартқанын тыңдап отырып, мен де сол өнерге қызықтым. Төртінші-бесінші сыныптардан бастап музыка мектебіне қатысып, бес жыл оқыдым. Кейін Атыраудағы колледжге түсіп, оны бітіріп, Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға қабылдандым. Төрт жыл сол жерде білім алып, кішкентайымнан жанымда болған домбырамен кәсіби жолымды жалғастырдым.

Студент кезімде түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алдым. Қазір болса, домбыра жасаумен айналысамын. Бұрынғыдай күндіз-түні дайындық болмаса да, шеберханада домбыра жасап, халықты сапалы, жақсы үн шығаратын аспаппен қамтамасыз ету – мен үшін үлкен жетістік.

Сонымен қатар жеке шәкірттерім де бар. Қазір он шақты оқушыға домбырадан сабақ беремін. Олардың арасында алғырлары мен ынталылары көп. Республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларым да бар. Тіпті шетелге шығып, өнер көрсетіп жүргендері де кездеседі.

Ал шеберханалық жұмысты енді бастап жатқандықтан, әзірге шеберлік мектебі ретінде шәкірт тәрбиелеу ойда жоқ. Өзім де әлі үйрену үстіндемін. Бұл салада жүргеніме бес-алты жыл болды. Дегенмен, болашақта тәжірибе жинақтап, шәкірт тәрбиелеу – басты мақсаттарымның бірі.

Домбыра – менің өмірімнің бөлшегі. Сол үшін бұл өнерді әрі қарай дамыту, кейінгі ұрпаққа жеткізу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі бақыт.

Махамбет СӘБИТОВ, домыбрашы, домбыра жасау шебері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button