
Домбыра- халық үні
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп «Домбыра үні – ұлттың үні» атты мәдени шара өтті.
Шараны ашқан музей директорының орынбасары Сая Ғазымова қонақтарды құттықтап, жылы лебізін білдірді:
– Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – ұлтымыздың рухын көтеретін киелі құндылық, ата-бабамыздың үні, ұрпақтар сабақтастығының символы. Біздің міндетіміз – осы қасиетті мұраны жастардың жүрегіне жеткізіп, дәстүрді тек сақтап қана қоймай, оны дамыта түсу, – деп атап өтті ол.

Көрмеде музей қорындағы 80-нен астам бірегей домбыралардың ішінен 40-қа жуық домбыра қойылып, келушілерге таныстырылды. Экспозицияда белгілі күйші-композиторлар Сейілхан Құсаинов, Абай Құнанбаев, Нұрғиса Тілендиев, Мекес Төрешіов, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев, Рысбай Ғабдиев сынды өнер майталмандары ұстаған домбыралар ұсынылды.

Көрменің ең құнды жәдігерлерінің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Тыныбай Лекеровтің домбырасы болды. 1975 жылы музей қорына тапсырылған бұл домбыра – ХІХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан үлгісінде жасалған, күміс әшекейлермен, сүйекпен көмкеріліп, оюлы өрнекпен нақышталған тарихи мұра. Ардагердің ұлы Ыбырай Лекеров отбасылық естелігімен бөлісті.

-Қадірлі ағайын, құрметті Атырау жұртшылығы!Бүгінгі Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Қазақтың киелі қара домбырасы – ұлтымыздың үні, рухымыздың тірегі, тарихымыздың аманаты. Осыдан 18 жыл бұрын, марқұм жұбайым, осы қасиетті домбыраны «Бұл домбыраны Иманғали ініме табыстаймын, кейін өзі шешер, музейге тапсыра ма, әлде өзінде сақтай ма – ол енді өзінің қалауында» деп аманаттап еді. Содан төрт жыл өткен соң Атырауға қонақ болып келгенімізде, осы домбыраны музейге тапсырамыз деп ниет еткен болатынбыз. Аллаға шүкір, бүгін сол аманат орындалып, жұбайымның көзінің нұры болған қара домбыра туған елі Атыраудағы музей төрінде сақталып, халыққа көрсетіліп отыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Осы домбыраны көздің қарашығындай сақтап, халқымыздың рухани байлығын насихаттап жүрген музей қызметкерлеріне ерекше алғысымды айтамын,- деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешіовтың жұбайы Жақсыгүл Төрешова.

Шараның соңында жергілікті өнерпаздар күмбірлеген күй тартып, залды домбыраның сырлы сазына бөлеп, кешті әсем әуенмен қорытындылады.

Айта кету керек, дәл осы Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) 1957 жылы алғашқы облыстық күй фестивалі өткен екен. Бұл оқиға өңірдің музыка өнері тарихында айрықша белес болып, атыраулық күйшілердің өнерін шыңдауға зор ықпал еткен.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ