Доcсорда жаңа саябақ ашылды
Бүгін, 21 қазан күні Доссор кентінде Республика күніне арналған шаралардың алғашқысы Доссор саябағының ашылуы болды.
Бұл саябақ «Ембімұнайгаз» АҚ өздерінің құрылғанына 100 жыл толуына орай тұрғындарға жасаған сыйы ретінде мердігер мекеме «Alash Construction and Services» ЖШС жүзеге асыруымен кенттегі балалардың ойнауына, халықтың демалып отыруына ыңғайланып салынған болатын.
Ашылу салтанатында алғаш боп сөйлеген аудан әкімі Ринат Ибрагимов: «Республика күні қарсаңында екі саябақ ашқалы тұрмыз. Осы жер ауданымыздың ең бір көрікті жерлеріне айналады деп сенемін. Бұл саябақты халық игілігіне деп тапсырған мекеме басшылығына өз атымнан және жерегілікті жұртшылық атынан алғысымды білдіремін. Мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік! Саябақта серуендейтін жақсы күндеріміз көп болсын!», — деді.
Келесі боп сөз берілген «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлбану Шарафетдинова: «Өздеріңіз білетіндей, биыл мекемеміздің ғасырлық тойы. «Ембімұнайгаз» АҚ мұнайшылардың ғана жағдайын ойлап қоймай, белгілі бір кен орнын пайдаланушы компания ретінде сол жердің халқына игі іс жасауды жалғастыра береді. Әлеуметтік нысандарды іске қосып, қайрымдылық шараларын да ұйымдастырып отырады. Саябағымыз жастардың да, қарттардың да бас қосатын орыны болуына тілектеспіз. Сонымен қатар ұлттық мереке мәртебесіне жетіп жатырған Республика күні мейрамымен баршаңызды құттықтаймын! Қуанышты күндеріміз көп болсын!», — деп ізгі тілегін білдірді.
Ал арнайы қонақтардың арасынан сөз берілген ардагер-мұнайшы Марат Шайкүнов: «Биылғы жыл жаңалықтарға толы болып жатыр. «Ембімұнайгаз» АҚ өздерінің 100 жылдық мерейтойларын тамаша қылып атап өтуде. Соның жалғасы бүгінгі саябақтың ашылуы деп білемін. Өз басым мектеп бітіргеннен соң бұл мекемеде оператор қызметінен бастап еңбек етіп, биыл зейнет демалысына қалғаныма 10 жыл болған екен. Балалар жылында саябақты ашып тұрған тапсырыс беруші мен мердігерге рахметімді білдіремін», — дегенінен кейін, салтанатты түрде лента қию рәсімі Ринат Хисаұлы мен Гүлбану Әбутәліпқызына жолданды.
Айта кетейік, саябақ «Доссормұнайгаз» МГӨБ жанында орналасқан.
А.Есжан