Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Дихан Қамзабекұлы: «Алаш идеясының негізі – ел мен жер тұтастығы»

Screenshot_1

Дихан Қамзабекұлы, сізді барша қазақ алаштанушы ретінде таниды. Алаш зиялылары ұстанған идеяның мәні неде?

– Еліміздің Ұлттық ғылым академиясында жұмыс істеп, қазақтың ғылымын өркендетуге айрықша үлес қосқан көрнекті тұлға, академик Рахманқұл Бердібайдан тәлім алу бұйырды. Ол кісі басқарған Алматыдағы М.Әуезов музейі жанындағы Халық университеті тәуелсіздік атмосферасының негізін қалағанын жұрт жақсы біледі. Кейін Рахаң елшілдік, отаншылдық жұмысын Түркістанда жалғастырды. «Әр зиялы азамат, ғалым барған жерінде үш міндетті жүзеге асыруы қажет. Біріншісі – білім ордасына соғып, дәріс оқу. Екіншісі – жергілікті баспа-сөзге немесе телевидениеге шығу. Үшіншісі – қызығушылық білдірген ортамен кездесу» деуші еді осы кісі. Яғни, ғалым адамның  жиған-терген деректері өз қоржынында қалып қоймау керек. Біз осы өсиет дерлік сөзді ұдайы жадымызда ұстап жүреміз.

Атырауға Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына орайластырған мерейтойлық конференцияға келерде де Рахманқұл ағамыздың сол сөзі санамда жаңғырды. Өйткені, Атырау –тарихи, рухани, мәдени мекен. Алашқа олжа салған Махамбет пен Мұрат секілді, жалпы Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жаһанға танылғанға дейін де, одан кейін де руха-   ниятқа өлшеусіз еңбек сіңірген өзге де  тарихи тұлғалары бар – бәрінің туған топырағы зерттеушіні қызықтырады. Бұл өңір – намыс пен намысты өнердің  бір ұстыны секілді киелі өңір. Атыраумен шектес өңірлердің де ел тұтастығында рәміздік орны бар.

Ал, Алаш тақырыбына ойыссақ, біріншіден, мына мәселені баса айтқым келеді. Біз Алаш автономиясын, оның халық кеңесі Алашорданы біртұтас, бірақ, қайсыбір объективті жағдайларға байланысты территориялық атаумен ғана уақытша бөлінген мемлекеттік тәжірибе, құбылыс санаймыз. Кейде осы тақырыпқа терең бойламаған оқырман «Алаш бөлінген бе?» деп сұрап жатады. Шындығында, Шығыс Алашорда немесе Батыс Алашорда деген ұғымдар – территориялық басқарудың икемді жүйесі ғана. Алаш зиялыларына  ә дегеннен большевиктермен текетіресіп жұмыс істеуіне тура келді. Сондықтан Алаштың қалыптасуы мен дамуының өзі территориялық жағдайларға байланысты болды. Тіпті, Алаш зиялыларының Қытайға шығып кетуінің өзі мәжбүрліктен  туындады. Кейін Алаш тұлғаларының біразы эмиграцияға кетті. Олар да бұл қадамға амалсыздан барды. Сол сияқты Батыс Алашорданың құрылуын, оған қатысты  басқа да іс-шараларды ешқашан Алаш автономиясы тұтастығынан бөліп қарауға болмайды. Бұл жерде территориялық атауы ғана Батыс Алашорда, ал, заты да, мақсат-мұраты да – елдің тұтастығы.

Екіншіден, Алаш тақырыбы қазақтың тарихымен, жаңғыруымен қатар көрінуі, бағалануы тиіс. Елбасының бір жыл бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бұл қоғамның барлық буыны күткен ізашар дүние еді. Міне, біз осы бағдарлама аясында Алаштың ізденісін, қалыптасуы мен дамуын қарастыруымыз керек.

Неге?

– Өйткені, қай тұрғыдан алсаңыз да Алаш идеясы нағыз жаңғыруға келеді. Демек, тарихта болған, аталған, атауы бар идеяны жаңа мазмұнмен қайта жаңғырту – біздің міндетіміз. Бір кезде «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш!» деген елдік ұранымыз болды. Біртуар  Шоқан Уәлихановтың  «Қазақтың әрбір руының терең тарихы бар, өз таңбасы мен ұраны бар. Бірақ, қазақтың басын біріктіретін жалғыз ұран – Алаш!» деп жазғаны бар. Осынау рәміздік ұғымды Әлихан, Ахметтер ХХ ғасыр басында орайымен жаңғырта білді. Бұл ұғымның ішінде білім мен ғылым, мәдениет және саяси жаңғыру қатар көрініс тапты. Осының бәрін елге деген адалдық, ұлтқа деген жанқиярлық сезім біріктірді.

«Алаш зиялыларының Отан тарихындағы орны қандай?» деген сұраққа әрқашан «Олар – ағартушы тұлғалар. Ағартушылық – жаңғыру бастауы» деп жауап береміз. Жалпы ағартушылық – әлемнің барлық елінің тарихында бар қозғалыс. Бұл ұғым бір синтез сияқты. Әр елдің сұранымына, тарихи талғамына сәйкес қалыптасып отырады. Мысалы, біздің тарихымызды діннен, дәстүрден бөліп қарауға болмайды. Сондай-ақ, тарихымыз бен тағдырымызды Қазақстанның географиялық орналасу жағдайымен де байланысты қарастыру керек. Расында, біз түрлі империялардың өткелінде тұрдық. Халқымыз түрлі жаугершілікті де, қырғын мен  соғысты да бастан кешті. Осының бәрі тағдырымызды шыңдады, сонымен бірге, оған нұқсан да келтірді. Мысалы, террито-рияны алайық. Біріншіден, территория – елдің байлығы, екіншіден, бұл – өзін көрсетудің бір белгісі.

Қазіргі түркі халықтарының ішіндегі ең үлкен жер қазақ пен сақаныкі (якут) екен. Кезінде асықтың сақасындай болған сақаның өзін де, жерін де кім ту-талақайын шығарғанын жақсы білесіздер.  Якуттардың қазіргі жалпы саны 500 мыңға да жетпейді. Біз ХХ ғасырдың басында 6 миллион едік. Байырғы өсіммен сақа бүгінде кемі біздің санымызға, ал қазақ кемі 50-60 миллион болуы тиіс еді.

Халықтың саны территорияның тұтастығын, халықтың өз деңгейіне сай  коммуникациясын көрсетеді. Халықты тек Алаш зиялылары ғана  оятқан жоқ, солар аман алып қалған жоқ. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы түрлі қырғындар, отаршылдықтың зардабы  өз деңгейінде намысын жаныды, дүниеде қалу-қалмауын байыптатты.

Алаш зиялыларын не біріктірді?

– Алаш зиялыларын ел алдындағы жауапкершілік пен отаршылдыққа қарсы күрес біріктірді. Қиын кезеңде ақын-жазушылардың басын қосқан бір тұжырымдама бар. Оның аты – «Алқа». Мұның мәнісін қазақ тілін, ұғымын білетін азаматтар жақсы түсінеді. Алқа деген бірлікті аңғартатын ұғым. Әдетте алқаны әйел заты мойынына тағады. Біз атаның күшінен, ананың мейрімінен жаратылдық. Әдетте қазақта алқа – бірлік пен татулықтың нышаны. Алқа қотан жинала қалып, келелі әңгіме-дүкен құрады. Алаш зиялылары «Алқа» деген ұйым құрып, ұлт әдебиетін сақтап қалу концепциясын, жүйесін айқындаған. «Алқа» идеясының тууы 1922 жыл болса, нақтылануы, бағдарламасының қағазға түсуі – 1924-1925 жылдар. Бұл – Алаштың күштеп таратылып, қуғындалған кезеңінің оқиғасы.

«Алқа» ұйымының бағдарламасында Алаштың принциптері, ұстанымдары туралы мағлұмат беріледі. Онда «Қазақтың өзінше терең әдебиеті болған һәм бар. Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, өрі, қыры, қайғысы, қуанышы, ойы, қиялы әдебие-тіне түсіп отырған. Әзір тіпті тексерілмеген дәуірді қоя тұрып, соңғы дәуірді алсақ, кешегі Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сері сықылды ақындардың елдің мұңын, зарын, ой, қиялын жырлай білген шын жыраулар екені анық. Бұлар – қазақ даласына бет алған Еуропаның, қара жүз отаршылдықтың қарасын көріп, бірінші уланған ерлер. Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жат-қан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірінші құрбаны» делінеді. Міне, Алаш қиын кезде де тарих шындығын айтып, біріге алған.

Алаш2

Жалпы Алаш қалай пайда болды? Кейінгі тағдыры қалай қалыптасты?

– Алаштың жолы – бірліктің  жолы. Демек, тарихта үзіліп қалған біртұтас дүниені қалпына келтіру. Қазір тарихымызды әр қырынан зерттеп, түгендеп жатырмыз. Мәселен, Сарайшықта археологиялық қазба жұмыстары, қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр. Мысалы, құнды, таңбамен бедерленген құмыра сынықтары табылды делік. Ар-хеологтар сол құмыраның  сынған бөліктерін ақ балшықпен жалғап, бас-тапқы қалпына шамамен келтіретіні секілді, біз де Алаштың тарихын, оның жүріп өткен жолын, ұлттың тарихын қайта жаңғыртуға тиіспіз.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Үлкен кемшілігіміз: әр дәуір өз адамдарының мойнына жүк салады, міндет жүктейді; оны межелі орынға апару керек. Біз оны әлгі көзделген жеріне жеткіз-бей, кейінгі буынның мойнына артып кетеміз» дегенді айтқан-ды. Алайда, осындай сын айта білген Алаш ардақтылары кейінгі буынға проблема тастамай, міндеттерін адал орындады. Арада жүз өткеннен соң, сол кездегі экономикалық көрегендікті сарапталық. Сол кездің экономикалық байлығы – жер. Жер мәселесінде Әлихан Бөкейхан да, Ахмет Байтұрсынұлы да, Әлихан Ермеков те, Халел Ғаббасұлы да, басқа да Алаш зиялылары қазақ елінің тұтастығы үшін, шекарасының шегенделуі үшін жанын да, білігін де аямады. Екіншісі – білім, ғылым мәселесі. Бір қарағанда, Еуропаның да, Ресейдің де үлгісі бар. Бірақ, оның маз-мұнын қазақтың  мақсат-мүддесіне қалай  сәйкестендіру керек?  Былайша айтқанда, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қазақтың білімі мен мәдениетін дамыту қажет. Міне, Алаш зиялылары осы бағытта ел менталитетіне сай келетін формасы еуропалық, мазмұны ұлттық жолды қалыптастыруды көздеді.

Қазір «Алаш қайраткерлері  билік басына толық келе алмады ғой» деген пікір айтылады. Бұл – жан-жақты талдайтын мәселе. Біріншіден, Түркістан автономиясы жарияланды. Бастапқыда Ташкентте (Түркістан) жариялануы керек еді. Алайда, оны большевиктер басып алғаннан соң, 1917 жылы 27 қарашада Қоқанда жария етілді. Алаш зиялылары сол жылы 13 желтоқсанда Орынборда Алаш автономиясын жариялады. Өйткені, Орынбор  сол кезде қазақтың белгілі бір дәрежедегі мүмкіндігін таныта алатын қала еді.

Екіншіден, мемлекеттік құрылымды коммуникациясы бар қалалық жерде жариялау қажет болды. Бірақ, большевиктер Түркістан секілді Орынборды да басып алды. Алаш зиялылары Семейге үдере көшті. Сөйтіп, осы тұста икемді басқару үшін Батыс Алашордаға да жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Осылайша, Алаштың идеясы, мемлекетшілдігі ылғи аттың жалында, түйенің қомында жүзеге асты. Мұны «соғыс жағдайындағы басқару» десек дәл келер. Алашорда төрағасы немесе премьер-министрі Әлихан Бөкейханның бұйрықтары қиындық үстінде жарияланғанын  көреміз. Мемлекеттік құрылым іске асқанын – екі жылға жуық  мемлекетшілдік тәжірибе жиналғанын анық айта аламыз.

Үшіншіден, Алаштың зиялылары биліктен күштеп шеттетілді. Олардың көбі большевиктер тарапынан бірер жылдай қуғында жүрді. Мұстафа Шоқай амалсыз шетел асты. Ыбырайым Жайнақұлы да эмиграцияға кетті. Әлихан, Ахметтер «осы үкіметпен ымыраға келеміз, идеямызға адалмыз» деп, бұрынғы империяның зиялыларымен кеңесіп жүрді.  Олар «неге сыртқа қашамыз?» деп билікке сеніп жүріп, ең соңында қиын жағдайға ұшырады. Әлихан Бөкейхан большевиктердің билікке келуін «уақытша» деп түсініп, жастарға  «сендер большевиктік партияға кіріңдер, халыққа қызмет етудің басқа амалы жоқ» деді. Сол кезде ұлттық биліктің трансформациясы жүрді. Қазір Сәкенді, Тұрарды сынаушылар бар. Сол кезде Смағұл Сәдуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлы сияқты ресми коммунист, бірақ, аса елшіл мықты азаматтар болды. Осылардың қайраткерлігі Алаш пен Қазақстандағы жаңа үкіметтің арасындағы трансформация үдерісін көрсетеді. Алайда, осы күрделі де маңызды еңбекті бағалауға әлі де біраз уақыт керек-ау деймін.

Мысалы, қазір эмоциямыз 1920 жылы құрылған Қазақ автономиясын мемлекеттік құрылым ретінде мойындамай отыр. Рас, құрылым болды. Оның ішінде қазақтар да, орыстар да қызмет етті. Кремльдің функционерлері де, ұлттың зиялылары да отырды. Сол үкіметтің  бірінші министрлері қатарында Ахмет Байтұрсынұлы да бар. Кезінде Алашқа қарсы теріс әрекет жасаған Әліби Жангелдин де – сол үкіметтің мүшелерінің бірі. Бірінің атауы – Алашпен, екіншісінің аты большевиктік партиямен байланысты болса да, бәрі де қиын шақта қазақ қоғамын басқарған билік құрылымы ғой. 1918-1924 жылдардағы Түркістандағы жағдай да осындай. Сол билік біздің тарихымызға, халықтың тағдырына, ұлттың біліміне, ғылымына, дамуына қызмет етсе, уақыт өте келе мұның бәрін  мойындап, шынайы баға беруге тиіспіз.

– Сіз Алаш тарихын зерттей жүріп, бірнеше кітап жаздыңыз. Әлі де зерттелмей жатқан жайттар бар ма?

– Шындығында, кез келген тақырып түгесіліп зерттелуі мүмкін емес. Ғылымның талабы да сондай. Әр заманда, әр кезеңде өзекті тақырыпты зерттеушілер өзінің ойымен, пікірімен зерделеп, тұжырымдама жасайды. Осы тақырып зерттеліп болды-ау дегеннің  өзінде болашақта ол толықтырылып отырады. Тұлға ре-тінде абайтануға қатысты осыны айтуға болады. Ахмет Байтұрсынұлына байланысты да солай. Ал, енді Алашты мемлекеттік құрылым, елдік ақыл-ойымызда одан әрі жетілдірген құбылыс ретінде қарайтын болсақ, расында, бұл бағытта әлі де көп мәселе зерттелмей жатыр. Алдымен, «Алаш қозғалысының тууына не әсер етті? Алаш қайдан пайда болды?» дегенді зерттегенде, белгілі бір қалыптасқан саяси көзқарастарға. оқиғаларға тіреп қоямыз. Ресейдегі 1905 жылғы немесе 1917 жылғы төңкерістермен байланыстырамыз. Бұл –мәселенің бергі жағы, яғни, айсбергтің су бетіндегі бөлігі ғана.

Біріншіден, оған ұлттың тағдыры, оның дамуының  жетіліп келе жатқан үдерісі әсер етті. Бүгінгі рухани жаңғыру тұрғысынан айтар болсақ, сол кездің өзінде ұлттың дамуында жаңа бір серпін қажеттігі сезілді. Екіншіден, қай кезде де ұлттың серкелері шығады. Әлихан, Мұстафа, қос Халел (Ғаббасұлы, Досмұхамедұлы), Жаһаншалар ресейлік озық зиялылармен деңгейлес білім алғаннан кейін басында империяны, оның аймақтарын жаңа демократиялық федерацияның, мемлекеттің деңгейіне жеткізу мәселесін көздеді. «Бұл ойды тек қазақтар ғана ойлады» деп тар шеңберде қалмауымыз керек. Ресейде де, өзге Еуропаның артта қалған елдерінде де барлық ұлт  өкілдері әлемдік жаңғыруды ойлады. Ресей ішінде Кап тауындағы, Еділ бойындағы, сондай-ақ, Сібір ендігіндегі  ұлт  өкілдері Еуропаның озық үлгісін армандады. Мұхиттың арғы бетінде Америка оянып, Ұлыбритания т.б. елдердің отар аймақтары дүр сілкініп, қозғалыстар жүріп жатты. Еуропаның өркенді елдерінде парламенттік, демократиялық бағыт айқындалып, ұлт пен мемлекет дамуының жаңа тетіктері байқалды. Бұл жағдай үміт отын тұтатты.

Алаш зиялылары қазақтың түкпірде жатқан әлсіз және отар аграрлық ел деңгейінде қалып қоймауын ойлап, шарқ ұрды. Елдік оянуларды басқа ұлттың зиялыларымен бірлесіп бастады. Біз, міне, осыған назар аударуымыз керек. Себебі, бірде-бір ел  қиындықтан жеке-дара шыға алмайды. Бұрында да солай  болған, әлі де дәл осылай деуге толық негіз бар. Қазіргі терминмен экономикалық интеграция қажет десек, мұны  кезінде Алаш зиялылары да білген. Себебі, Алаштың бір проблемасы – интеграция яки ықпалдастық. Кезінде оны қалай жүргізді?

Мынадай деректер айтайын. Ресейдің мемлекеттік Думасына бірінші сайлау 1906 жылы болғаны мәлім. Екінші сайлау 1907 жылы өтті. Ресейде 1917 жылға дейін жалпы 4 парламент шақырылымы жұмыс істеді. Қазақтар алғашқы екі Думаға ғана сайланды. Ал, кейінгі екеуіне сайланған жоқ. Оның себептері болды. Сол тұста патша өкіметі арнайы заң қабылдап, онда «өзінің жерін заңдастырмаған ұлттардың сайлануға құқы жоқ» деп бекітті. Ресей басшылығы «әр отбасы 15 десятинадан жер алып, заңдастырсын» дегенді айтқан-ды. Сонда Әлихандар белгілі хан тұқымдарына, игі жақсыларға «Сендер бұл низамға көнбеңдер. Егер жер алсаңдар, басқалар да алып, башқұрттар сияқты өз жерлеріңді игере алмай, тентіреп қаласыңдар» деп хат жазады. Міне, осы тұрғыдан келіп,  Қазақ елі 1907 жылдан «жері жоқ» деп танылып, сайлау құқығынан айрылды. Сөйтіп, 6 миллион қазақтан бірде-бір депутат сайланбады. Бұл Алаш зиялыларының зор  ашу-ызасын туғызды. Ойласа келе, «біздің жайымызды кім айтады, біз күресуіміз керек» деп, Әлихандар орыстың, тіпті шетелдің баспасөзіне ашық шыққан жағдайлары болды.

Тағы бір мәселе, Алаш неге Қытайға барып жүр? Неге Қытай арқылы Жапонияға шыққысы келді? Өйткені, Алаш зиялылары «Большевиктер біздің демократиялық, елдік қағидаттарымызға қарсы, әлі де империялық пиғылда. Біз Қытай арқылы басқа елдерге шығайық. Түркия арқылы басқа әлемге шығайық» деп, отаршылдық зорлықтың ықпалын әлсіреткісі келді. Мұның астарында қазақ елін жаһанға таныту мақсаты көзделді.  Себебі, сол кезде ақпараттың жетуі маңызды еді. ХІХ ғасырдың соңы  мен ХХ ғасырдың басында елімізге түрлі әлем жиһанкездері келді. Олардың қазақтың жағдайы туралы Еуропаға жеткізгені, жазғаны мардымсыз еді. Көп дегенде, бес-алты еңбек бар шығар. Бірсыпырасы өндіріс орындары жобасымен, енді бірі Еуропадағы денсаулық сақтау зерттеулері аясында  жүргізілген. Сондықтан ұлт зиялылары «Орталық Азияда осындай халық тұрады, олардың ойы, мүддесі мынадай» деп Еуропамен тезірек байланыс орнатқысы келді. Міне, Алаш қайраткерлерінің осындай елдік, ұлттық, тіпті еларалық мүддесі зерттеуден тыс қалып тұр.

– Бүгінгі жастарға Алаш зиялыларының қандай қасиеттерін үлгі етуге болады?

– Жалпы кез келген елдің тарихы ұлтының мүддесіне сай жазылады. Бұл ұлт шынайы тарихқа өктемдігін, билігін жүргізеді деген сөз емес. Тарих біздің болашағымыз үшін керек. Сол себептен тарих туралы айтқанда, сырттан келген жиһанкездің пікірін де, ауыл ішінде сақталған әңгімені де, барлық оқиғаларды, факторларды сараптап, зерттеуіміз қажет. Мәселен, жиһанкез келді делік. Ол не көрді, не айтты? Оның айтқанының бәрін тарих деп қарауға болмайды. Сонымен бірге, біз көбінесе архивке жүгінеміз. Онда қандай деректер қаттаулы тұр? Совет үкіметі тұсында сол кездің саясатына, мүддесі мен көзқарасына  лайықталған біржақты дүниелер қатталды. Біз оны соңғы ақпарат көзі деп айта алмаймыз ғой.

Қай кезеңде де ел, ұлт біліммен, ғылыммен ғана алға жылжиды. Алаштың тарихын зерттегенде, біздің жаңғыруға ұмтылған, сапалы кезеңіміз туралы көп айтуымыз керек. Бұл – Алаштың қолтаңбасы, бұл – Алаштың маңдай тері. Жас ұрпақты тәрбие-леуде солардың еңбегін, жеке бастамашылдығын үлгі етуге тиіспіз. Ал, «бұл қандай деңгейде?» десек, осы орайда ізденіс бар, бастамашыл ғалымдар жазып жатыр.

Бүгінгі буын талапты өте қаттықояды. Әлемдік өркениетке тереземіз ашылды. Олар бәрін салыстырып қарайды. «Ол – жақсы адам, ура-ура…» деп жаттанды сөзді айта бергеннен, бала бойында еш қызығушылық тумайды. Осылай жалғаса берсе, баланы жаттандылыққа, таптаурындыққа алып келеміз. Мысалы, Әлихан Бөкейхан мен  Ахмет Байтұрсынұлының даналығы неде? Халелдің, Жаһаншаның, Мұстафаның, Мұхамеджанның, Смағұлдың, Сұлтанбектің, Жалаудың, Сейітқалидың қайраткерлігі, мықтылығы неде? Олардың еңбегінің қандай маңызды тұстарын оқыта аламыз? Біз түсіндіру форматын өзгертіп, аз дерекпен көп мағлұмат берудің жолын табуымыз қажет деп есептеймін.

– Алаш қозғалысы жайлы қилы деректер айтылады. Жалпы, бұл қозғалыс қалай  басталып еді?

– Алаш қозғалысының басталуына келетін болсақ, оның негізі ХІХ ғасырда жатыр. Алаш зиялыларының бәрі  Кенесарыны үлгі тұтты. Өйткені, Кенесарының артында көп тұлға тұр. Сырымды да, Жанқожаны да осы қатарға қосуға болады. Біз Әлиханды  айтсақ,  оның артында Халел де, Ахмет те, Мұстафа да – бәрі де бар. Абылайхан десек, хандардың тұлғалық келбеті көз алдыңызға келеді. Абайдың ізін дара ақындар жалғайды. Ғылымда тұлғаны жинақтап көрсетеді. Ал, Кенесары ­– ерекше құбылыс. Себебі, Кенесары  қазақ жерін азат ету үшін, қазақ жерінің тұтастығы үшін табандылықпен күресті.

Елдің бірлігін ойлаған Алаштың зиялылары «империя отаршылдығына қарсы қай тұлға батыл күресті?» деп толғанғанда, олар бірауыздан Кенесарыға тоқтады. Сол себептен Алаш қозғалысының қайраткерлері ұдайы Кенесарыға сілтеме жасап отырады. Осылайша, қозғалыстың идеялық негізі пайда болды. Бұл – батыл күрескерлік, әділдік іздеу жолы. Бұл қоз-ғалыстың рухани тұлғалары кімдер? Олар – «зар заман» ақындары Мұрат, Шортанбай, Дулаттар. Абай – Алаш зиялылары үшін рухани даналықтың тұлғасы.

Ал, 1922 жыл – Алаш зиялыларының жаңа бағытын айқындаған меже. Кейбірі большевиктер жағына өтті, екіншілері эмиграцияға кетті. Енді әрі қарай қандай қадам жасау керек? Қазақтың байлығын шашау шығармай болашаққа қалай жеткізу қажет? «Алқа» деген ұйымның бағдарламасында ұлт өнерімен рухты сақтауға үндегені байқалады. Ұлттың өнері – ұлттың жаны. Мысалы, отарланған қазақ ұлты әділеттілікті қалады. Осы аңсары сан ғасырлық фольклорында тұр. Саяси оянуда қазақтың өз жолы бар. Бұл әлемдік әділет пен бірлік жолына қайшы келмейді. Әр ұлттың жаны, жолы әдебиетінде көрініс табады.

Осы ретпен келгенде, Алаш қозғалысының түп негізін ХІХ ғасырдың 40-жылдарынан бастау орынды секілді. Сол ғасырдың 80-90 жылдарында Ресей империясының түркі дүниесінде жәдитшілдік қозғалысы пайда болды. Бұл «жаңаша оқу» дегенді білдірсе де, арғы мағынасы – қоғамды өзгерту еді. Оны құрған қырым татары Исмаил Гаспринскийдің көздегені – әлем игілігін тезірек пайдалану. Негізінен бұл – Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы секілді дүние. Осылай жаңа танымдық үдеріс басталды. Оған газет шығарып, халық арасында ағартушылық жұмысын жүргізу де кірді. Жаңа медреселер ашылып, оқу бағдарламасына дүниелік ғылыми пәндерді енгізу үшін  Гаспринский әлемдік оқулықтарды аударуды қолға алды.

Осы батыл тәжірибе Алаш зиялыларына  ерекше әсер берді. Сол кезде ұлт ардақтылары ізашар болған елдік, отандық мүдде бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде жалғасын тауып отыр. Ширек ғасыр бұрын азаттық алдық. Әлемнің бар елімен іскерлік, дипломатиялық байланыс орнады. Әлеуметтік-экономикалық саламызға, білім-ғылымымызға жаңалықтар, технологиялар енгізіліп жатыр.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында  ұлттық кодты сақтауға айрықша назар аударылған. Алаш зиялыларының армандағаны да  осылай серпілу мен жаңарудың ұлтқа тигізер оң амалы еді.

– Өзіңіз сұхбат беріп отырған «Атырау» газетінің оқырмандарына айтар тілегіңіз…

– «Атырау» газеті алғаш 1923 жылы «Ерік» деген атаумен шығуының өзінде азаттықты аңсаған Алаш арыстарының идеясы тұнып тұр. Демек, бұл басылымның маңдайына  ұлттың, елдің мүддесін көтеру әу бастан-ақ жазылған. Газет ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, оқырманға ой салар сараптама, зерттеу мақалаларын шығармашылық ізденіспен ұсына беруді тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен: Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button