Депутаттар – тұрғындар арасында
Аймағымызға іссапармен келген Мәжіліс депутаттары Бейбіт Мамраев пен Бақытгүл Хаменова Атырау облыстық ауруханасында болып ондағы атқарылған жұмыстармен танысты.
Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Сайын Шомыров облыстағы медицина саласында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Іссапар барысында халық қалаулылары Елбасы Жолдауы Қазақстанның қарқынды дамуының басты бағыт-бағдары екендігі туралы айтып, ой-пікірлерімен бөлісті. Ал, медицина қызметкерлері депутаттар алдында өздерін толғандыратын мәселелерін көтерді. Кездесу барысында депутат Бақытгүл Хаменова облысымызда әлі де болса медицина саласының мамандары тапшы екендігін сөз етті.
— Халқымыз «Көш жүре түзеледі» дейді. Бүгін біз шындығында жылдар бойы жасалған жұмыстың нәтижесін көрдік. Әрине, шешуін күтіп тұрған күрмеуі көп мәселе де бар. Оның бірі – кадр тапшылығы. Атырау өңірінде дәрігерлер жетіспейді. Соның ішінде білікті мамандар аз. Десек те, дәрігерлерді қайта оқытып даярлау арқылы сапаны арттыруды көздеп отырмыз», деді ол. Содан соң, «Нұр Отан» партиясы облыстық ұйымында Мәжіліс депутаты Бақытгүл Қайыржанқызы қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады.
Қабылдауда болған Оңдасын Медениев есімді қала тұрғыны биыл мектеп бітірген қызының Ұлттық бірыңғай тестіден 67 балл жинағанын айтып, осы нәтижемен Астана қаласындағы медицина институтына түсуге мүмкіндік бола ма деп сұрады. Ол сондай-ақ, жолдасының өмірден өткенін, өзінің қант диабетіне шалдыққанын алға тартты. Тұрғынның бұл өтінішіне депутат қызының аталған оқу орнына түсуіне ұпайы жетпейтінін түсіндіріп, тек қана Атырау қаласындағы медицина колледжіне оқуға түсуіне мүмкіндік бар екенін атап өтті. Ал, Индер ауданы, Жарсуат селосынан келген 3-ші топ мүгедегі Гүлбаршын Текешова аталған аудандық аурухананың қызметкерлеріне ренішін жеткізді. Қаңтар айында қатты науқастанып алты ай бойына емханада ем алған ол ақ халатты жандардың жұмыстарына салғырт қарағандарын айтып, шағымданды. Аталған мәселе бойынша депутат тиісті орындарға хабарласып, жағдайды білуге жұмыстанатынын айтты.
Зейнеткер ана Балжан Төлемісова қоғамдық қабылдауға төрт мүгедек баласының ем-домына аз да болса қаржылай көмек сұрай келіпті. «Жолдасым 2001 жылы бақилық болған соң балаларыма қарау міндеті өз мойныма жүктелді. 1986 жылы туған мүгедек қызымды Астанаға емдетіп келдім. Қазірде ол дәрі-дәрмектің күшімен ғана отыр. Ал, одан кейінгі баламды емдету үшін Мәскеуге барып, алдағы наурыз айында ота жасатуға келісіп қайттым. Балам №13 мектепте оқып жүріп спортпен белсенді айналысты, бірақ тағдырдың жазғаны сол болды ма, қос қолынан жарақат алып еңбекке жарамсыз болып қалды. Үйде жұмыс жасайтын адам жоқ, қолымда үш балам, екі немерем бар, бәріміз бір мекен-жайда тұрамыз. Ең кенже балам туғалы неврологиялық ауруға шалдыққан. Немерем де эпилепсиямен ауырады, талмасы ұстайды. Қандай да бір көмек көрсете алсаңыз, алдағы отаға қаражат табу жолдарын қарастырсаңыздар деген өтінішпен келіп отырмын», — деді ол. Тұрғынның өтінішімен танысқан Бақытгүл Қайыржанқызы міндетті түрде қол ұшын созатынын жеткізді. Мәжіліс депутатына басқа да өтініш-тілекпен келген азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алған соң, оған зор ризашылықтарын білдірді.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.