Депутаттар ауылдағы қарапайым қазақ жерсіз қалмайды деп уәде беріп отыр
Ауылдағы қарапайым қазақ пен шетелдегі 5 миллион қандасымыз да жерсіз қалмайтын сияқты. Парламентте Жер қатынастары туралы заң жобасын талқыға салған депутаттар мен белсенділер осындай уәде беріп отыр деп хабарлайды 31 арна.
Бір жыл бойы жұмыс істеген Жер туралы комиссиямен бірлесе әзірленген жаңа заң жобасы мәжіліске таныстырылды. Ауылшаруашылық вице-министрінің айтуынша, жайылымдық жерлер жұртқа 49 жылға жалға беріледі, телімді алу байқау арқылы ашық өтпек.
Алайда белсенділер ауыл жастары бос жатқан жерлерге латифундистердің кесірінен иелік ете алмайтынын айтты.
«Латифундизмге қарсы нормалар өте маңызды. Мұны бақылау үшін заң жобасына ашық кадастр ензігуміз керек. Өйткені жер жекеменшік емес», — дейді Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан.
Ал депутаттар жерді жалға беру үшін өткізілетін байқауға ауыл адамдарының қатысу жағы заңда қарастырылмағанын айтты. Тіпті, телімдерді тарату кезінде бармақ басты көз қыстыға жол бермеу үшін онлайн режимде өткізейік деген ұсыныстар да айтылды.
Сондай-ақ мемлекеттік мұқтаждық үшін жерді сатып алу кезінде берілетін өтемақы мәселесі де сөз болды. Өйткені, үкіметтің ұсынған ақшасымен келіспей, талай адам зар еңіреп далада қалған болатын.
Алайда құжатты әзірлегендер арзанға емес, нарықтық бағамен сатып алатын норма енгізіледі деген уәде беріп отыр.
«Кадастрлық бағасы емес, сол кездегі нарықтық бағамен алуға. Осы ұсынысты енгіземіз», — дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.