Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

АУАСЫ ЛАСТАНҒАН АТЫРАУ: оған автокөліктен шыққан лас қалдықтар да себепші

Өнеркәсіп ошақтарынан бөлек техникалық жағынан ақауы бар, түтіні будақтаған көлік құралдары да экологиялық жағдайдың нашарлауына, ауаның ластануына әсер етеді. Қоршаған орта халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін маңызды сала болғаннан кейін өңірдегі бүгінгі ахуалды қалыпты жағдайда деудің өзі орынсыз.

Атмосфера 8 есе лас

Дизель отынымен жүретін көліктер бензин мен газға қарағанда ауаға екі есе артық қалдық шығарады екен. Ал, ондай техникалар өндірісті аймақта аз емес.

Экология саласының ардагері Тілекқос Сүйесіновтің айтуынша, былтыр Исатай-Махамбет алаңының маңында ауа сапасына зерттеу жүргізілгенде қаланың ауасы қалыпты жағдайдан 8 есе лас деген қорытынды шығарыпты. Ардагер эколог мұның себебін осы аумақта көлік қозғалысының көптігімен түсіндірді. Сондай-ақ, жан-жақтағы зәулім үйлер ауаға тараған лас қалдықтың бір орынға шоғырланып қалуына себепші екен. Соған сәйкес, зерттеу қорытындылары қаланың әрбір бұрышында әрқалай көрсетеді.

Бүгінде көліктің шығарындыларында ластаушы заттардың белгіленген нормативтерге сәйкес еместігін Атырау облысы бойынша экология департаментінің өкілдері де растады. Олар облыстық полиция департаментімен бірлесіп, «Автобус», «Таза ауа» акциялары аясында профилактикалық іс-шараларды ұдайы өткізеді. Іс-шара кезінде департамент мамандары «Автотест» газталдағыш өлшеу аспабымен сынама алып, тексеру жүргізеді. Автокөлік шығарындыларындағы ластаушы заттардың көрсеткіштері СТ РК 1433-2017 құжатымен бекітілген нормативтермен салыстырылады. Норматив бойынша автокөлік шығарындысы, яғни көміртегі тотығының (CO) көрсеткіші – 3,5%-дан және көмірсутегінің (CH) көрсеткіші 1200 ppm-ден аспауы керек.

Көліктен келетін залал көп

– Өткен жылы  профилактикалық іс-шара кезінде 46 автокөлік тексерілді. Соның қорытындысымен облыстық полиция департаменті 19 жүргізушіге шығарындыларда ластаушы заттардың белгіленген нормативтерден асу фактілері бойынша республика Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 334-бабының 1-тармағына сәйкес ескертпе қолданды. Ал, 2019 жылы өткізілген осындай рейд нәтижесінде 53 автокөлік құралы тексеріліп, заң бұзушылыққа жол берген 31 жүргізушіге шығарындыларда ластаушы заттардың белгіленген нормативтерден асу фактілері бойынша әкімшілік шаралар қолданған еді. Мұндай тексерулер биыл да жалғасады, — деді департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Әділбек Екпін.

Көліктің 30%-ы ескірген

Әрине, көрсеткіштерге сүйенсек, облыстағы экологиялық ахуал аса мәз емес. Өйткені, көлік саны көбейіп келеді. Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулеттің айтуынша, облыста 156 033 көлік бар. Оның ішінде қозғалтқыш бөлшектері мүлдем ескіргеніне бірнеше жыл өтсе де, қолданыста жүргендері көп. Мысалы, ресми тіркеудегі көліктердің 30%-ының қолданылу мерзімі 10 жылдан асқан. Десек те, жергілікті жерде олардан бөлінген зиянды заттар мөлшерін бақылап, тексеретін арнайы орталықтар жоқ. Сондықтан, қала экологиясын жақсартуға бағытталған құзырлы орындармен бірлескен рейдтерді әлі де жиілету қажет.

Егер жүргізуші экологиялық стандартты бірінші рет бұзса, оған хаттама арқылы ескерту беріледі. Егер мұндай заң бұзу жыл ішінде қайталанса, міндетті түрде айыппұл салынады. Алайда, бұл ауа сапасын жақсартудың басты жолы емес. Облыста ауа бассейнін ластаушы кәсіпорындардың үштігінде «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бар. Одан басқа «Ембімұнайгаз» АҚ, «Интергаз-Орталық Азия» АҚ, «ҚазтрансОйл» АҚ сияқты мұнай-газ өндіруші және мұнай-газ тасымалдаушы кәсіпорындар да ластаушылар санатында. Жаңа экологиялық кодекс бойынша кәсіпорындар ауаға лас қалдықтарды жібермес үшін озық технологиялы сүзгілерді орнатуы тиіс. Орнатпаған жағдайда, олар үшін эмиссиялық төлемдер көлемі 2025 жылдан бастап екі есе, 2028 жылдан бастап төрт есе, 2031 жылдан бастап сегіз есе өседі. Ал, ауаны ластаушы автокөліктердің иелеріне қандай шара қолданылады? Мұның алдын алу үшін қайтпек керек?

24 ақпан күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сәлімжан Нақпаев пен Еділ Жаңбыршин Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Онда халық қалаулылары экология саласына айрықша назар аударып, біз көтеріп отырған проблеманың маңызын айқындай түскен.

Депутат мәселе көтерді

«Құрметті Роман Васильевич!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «тағы бір өзекті мәселе – экология саласы» деген болатын. Бұл – халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ, біздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде азаматтардың 48 пайызы ғана «экологиялық жағдайға көңіліміз толады» деп жауап берген – деп көрсетті Президент.Бүгінгі таңда республика бойынша атмосфералық ауаның сапасы өзекті экологиялық проблемалардың бірі болып табылады.

Мысалы, Теміртау, Жезқазған, Қарағанды, Алматы, Балқаш, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Атырау, Шымкент және Ақтөбе қалаларында ластанудың жоғары деңгейі бар. Ластану өнеркәсіп ошақтарының, жеке сектор мен автокөлік шығарындыларымен негізделген. Атап айтқанда, ірі қалаларда автокөлік шығарындылары атмосфералық ауаның ластануына айтарлықтай үлес қосады.

Автокөлік шығарындылары әртүрлі факторларға байланысты.

Мысалы:

– жанар-жағармай сапасы;

– автокөлікті пайдалану мерзімі;

– көше-жол желісінде жол қозғалысын ұйымдастыру;

– техникалық байқаудан өту сапасы мен тұрақтылығы.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында деректер бойынша 2019 жылы атмосфераға 108 мың тонна ластаушы заттар келіп түсті. Жылу көздерінің үлесіне 33,5% (ЖЭО-1 және 2) (59 мың тонна), жеке секторға 29% (23 мың тонна) және автокөлікке 32,5% (26 мың тонна) тиесілі.Сондай-ақ, Алматы қаласында атмосфераға 144 мың тонна ластаушы зат түсті. Жылу көздерінің үлесіне 34% (ЖЭО-2 және 3) (49,5 мың тонна), жеке секторға 14% (20 мың тонна) және автокөлікке 52% (74 мың тонна) тиесілі.Әсіресе, еліміздің қоғамдық автокөліктерінің жағдайы ушығып тұр.

Бүгінгі таңда елдегі қалаішілік автобус маршруттарын 311 тасымалдаушы мекеме атқарып отыр. Оларда барлығы 11 000-дай автобус бар. Олардың 50% – ескірген автокөліктер. Қоғамдық көліктердің бұлайша тозуы – тасымалдаушы мекемелердің өз күшімен сатып алу мүмкіндігінің болмауы және жергілікті атқарушы органдардың барлығы бірдей субсидия бере алмауынан болып отыр.Сол себепті біздің жолдарда шығарынды көлемі экологиялық стандарттарға сай келмейтін автобустар жүріп жатыр. Кейбір эксперттер қоғамдық көліктерді газға айналдыруды ұсынады.

Қолда бар мәліметтер бойынша соңғы үш жылда «БРК-Лизинг» АҚ арқылы 1283 бірлік, тасымалдаушылардың өз күштерімен 1679 бірлік жаңа автобустар алған. Бірақ ол өте жеткіліксіз» делінген депутаттық сауалда» дейді халық қалаулысы өз сауалында.

Бүгінде атмосфералық ауаның сапасы өзекті мәселеге айналып,  Президенттің бақылауында тұруы және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жол картасында «аймақтарда ауа бассейндерін жақсарту бойынша жол картасын жасақтау» деген нақты пункттің болуына орай депутат Премьер-Министрдің орынбасарынан еліміздің автобус паркін модернизациялау бойынша нақты жоспардың бар-жоғын да сұрады. Жоғарыдағы көрсеткіштерге қарағанда, мұның дер кезінде көтерілген мәселе екені анық.

ТҮЙІН.

Ауа сапасы өзекті деп танылған басқа аймақтарға да қатысты деректер алдағы уақытта депутаттық сауал ретінде көтерілетініне сенім кәміл. Ең бастысы, жоғары билікке өңірдегі ахуалды жеткізу үшін сең қозғалды. Енді мәселенің шешімі қалай жүзеге асады? Мұны редакция бақылауына алып, оқырман назарына ұсынып  отырады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button