Денсаулық министрі өзіне вакцина салдырды
atr.kz/14 қыркүйек, 2020 жыл. Биыл коронавирусқа байланысты тұмауға қарсы вакцинация екі апта бұрын басталып отыр. Мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар және 60 жастан асқандар екпені тегін алады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып тұмауға қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Мен тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын салуға тырысамын. Бір рет дәл осы вакцинация кезінде респераторлық ауруға шалдығып қалдым. Негізі, жыл сайын осы №6 емханада екпе алып отырамын. Өзімді ойдағыдай сезінемін. Ауырсақ та, ауру жеңіл өтеді. Оған қоса, барлық медицина қызметкері вакцина алуға міндетті», — деді Цой журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, биыл коронавирусқа байланысты тұмауға қарсы вакцинация екі апта бұрын басталып отыр. Мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар және 60 жастан асқандар екпені тегін алады. Қалған адамдар үшін вакцина ақылы болады. Оның бағасы — 2 500-4 000 теңге.
«Балаға алты айдан бастап вакцина салына береді. Бұл екпе қауіпсіз. Біз оның сапасы мен қауіпсіздігін тексеріп шықтық. Халықаралық ұйымдардың нұсқаулары да бар. Оған қоса, бұл вакцинаны бірінші рет қолданып жатқан жоқпыз. Бұған дейін де салынды», — деп атап көрсетті Цой.