Демократиялық дамудың нақты бағдары
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуін тыңдай отырып, өз басым елдегі демократиялық үрдістердің шынайы жалғасын тапқанын қапысыз байыптадым. Меніңше, мұндай қадам жасаудағы басты мақсат – басқару жүйесінің тиімділігін барынша арттыру. Қазақстан үшін бұл реформалар ауқымы мен мәні тұрғысынан 1995 жылғы Конституцияның қабылдануымен пара-пар деп түсінемін.
Еліміз өткен 25 жыл ішінде әлем мойындаған, бәсекеге қабілетті экономикасы бар мемлекетке айналды. Міне, енді мемлекеттік басқарудың жаңа үлгілеріне көшудің уақыты келді. Өз пайымдауымша, осыған дейін Президент қызметіне әлеуметтік-экономикалық салада ұйымдастыру және бақылау функциялары артық жүктеліп келгені рас. Бұл міндеттер негізінен атқарушы билікке тән. Айталық, мемлекеттік мүлікті басқару, қаржы, кәсіпкерлік және басқа да осындай салаларды реттеп отыру.
Реформа толыққанды жүзеге асықан кезде атқарушы би-ліктің жаңа моделі Үкіметке Мемлекет басшысы белгілеген саясат аясында нақты шешімдер қабылдап, олардың орындалуына жауапкершілік жүктейді. Атап айтқанда, Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды бекіту мүмкіндігі беріліп, оны өзі жасақтап, өзі іске асыруы тиіс. Жауапкершілік жүгі осылай арттырылады.
Менің атап айтқым келгені – мұндай саяси өзгерістердің жүзеге асырылуына азаматтық қоғам белсенді қатысуы тиіс екендігі. Бұған бүгінгі таңда кеңінен мүмкіндік беріліп отыр. Бұл билік пен бұқараны жақындата түсері кәміл.
Ермекқали ЮСУПОВ,
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты: