Дәу жыланды балаша баптаған…
Атырау қаласының тұрғыны Салтанат Жұбаеваның цитрусты жеміс – лимон мен мандаринді будандастырып, өңір топырағына жерсіндіргенін бұған дейін газет бетінде жазған едік. Табиғатқа жаны жақын Салтанаттың өзгеге таңсық тағы бір істі қолға алғанын жуырда ғана білдік. Ол экзотикалық жануар – жыланның да тілін тауып, үйдегі досына айналдырып үлгерген.
Үйіне барсақ, өзінің жатын бөлмесіне негізгі қаңқасы ағаштан жасалған торлы қабырғасы бар сандық жәшік орнатып қойыпты. Ұзындығы үш метрден асатын Графиня есімді жылан осы жәшікте жатыр, оны үш жыл бұрын Алматы қаласынан әкеліпті. Малай елінен жеткізілген питонның арнайы құжаты да бар екен. Бастапқыда ұзындығы 2,5 метр болған Графиня бүгінде ұзарып, жуандап үш метрден асыпты. Салмағы 30 келілік жыланның негізгі қорегі қоян, көжектер көрінеді.
– Ауладағы егінді отап тастайтындықтан бұрын қоян асырамаушы едім. Енді Графиня үшін қоян, көжектерді қаладағы ескі базардан сатып әкелемін. Айына әрқайсысы 3 килограмм болатын 8 қоянды осы жәшіктің ішінде тірілей жейді. Анда-санда тауықтың балапандарын, ақ тышқан жегізіп, тағамын алмастырып отырамын. Кішкентай шөжелер өте аянышты, сондықтан оларды бауыздатып, мұздатылған күйде тоңазытқышта сақтаймын, жыланға мұзын ерітіп беремін. Азығын тірілей жұтып жейтін жануар ғой, алғашында бауыздалған балапандарды жегісі келмей менімен біраз «айқасты». Жеп үйрету үшін әдейі бір ай бойы басқа тамақ бермей қойып, ақыры үйреттім. Жылан аптасына үш-төрт рет тамақтануы тиіс. Сосын тордан шығарып жіберемін, бір күннің ішінде асын қорытып үйдің ішін айналып жүреді. Оның бір айлық азығына 40 мың теңге жұмсаймын, – дейді Салтанат.
Егер күтімі жақсы болса, екі-үш ай сайын экзотикалық жануар терісінің түсі сұрланып, көзі де өзгеріп кетеді екен. Сол кезде әр жерге сүйкеніп жүріп, ескі терісін түсіреді. Түлеген сайын бойының ұзындығы сантиметрге өсіп отырады. Денесіне қызыл май жағып, қабықтанған терісінің тезірек түсуіне көмектесемін. Оның улы тістері әу бастан-ақ алынып тасталған. Адамға қауіпсіз болса да сақтық үшін Салтанат оны тордың ішінде асырауды жөн көріпті.
– Ол үшін бөлме температурасының жылылығы аздық етеді. Сондықтан жатын жері – жәшіктің ішіне арнайы лампа жағып, жылуын арттырып отырамын. Қасына ыдысқа ауыз су құйып қоямын, шөлдегенде өзі іше береді. Оны да балаша баптаймын. Аптасына бір рет суға түсіріп, сусабынмен жуындырамын. Суды жақсы көретіні соншалық, кейде шыққысы келмей, денесін тартынып жатып алады, – дейді жыланның иесі.
Біз біле бермейтін жайт, суық тисе жыландар да кәдімгі адам секілді жөтеліп, ауырады екен.
– Бауырымен жорғалаушы бірқалыпты температураны қажет еткендіктен еденде ұзақ жүріп қалса салқын тиеді. Ең бірінші ауырып, жөтелгенде «жөтеліп жатқан кім, мысық па?» деп аң-таң қалғаным бар. Сөйтсем, жыланым ауырып қалған екен. Әбігерге түсіп, малайларға байланысқа шықтым, тілді жетік білмегендіктен бір-бірімізді дұрыс түсінісе алмадық. Атыраудан зоодәрігер табу қиын ғой, тапқан дәрігерге хабарласып апарсам, Графиняны көргенде түрі өзгеріп шыға келді. «Жыланың тым үлкен ғой, мен оны тексере алмаймын» деп шошып кетті. Сосын үйге әкеліп халықтық әдіс-тәсілмен өзім ем-дом жасап, әбден әбігерге түстім. Жөтелі басылып, кәдімгідей жақсарған соң оның ауырып қалмауын қадағалаймын, — дейді С.Жұбаева.
Жазда жыланды «Жеңіс» саябағындағы жасыл желекке апарып, серуендетіп алады. Ол да далаға шыққанды ұнатады. Ауа райы салқындаса арнайы ыдысына салып, сыртын міндетті түрде жылы көрпемен орайды екен. Жыланның тілін таба білген Салтанат бұл жануарлардың да өзіндік мінезі барын жасырмайды.
– Менің жыланым өте қылықты. Егер оның тамағы тоқ, көңіл-күйі жақсы болса, айтқанның бәріне көніп жүреді. Мінезін көрсетіп қоятын кездері де бар. Мәселен, тамақтанып жатқан кезде ешкім оның мазасын алмауы керек. Жәшіктің есігін ашып, жемтігін салып қана жібереміз. Желінбей қалған тамағы ұзақ жатып қалса иістеніп кетуі мүмкін, ондайда қалдықты алып тастау үшін жәшікті ашқанда кәдімгідей айбат шегіп, жемтігін бергісі келмейді. Бірде сөйтіп әкемнің қолын тістеп алғаны бар. Ол өзін жұлқылап, тиісе бергенді де суқаны сүймейді. Мәселен, тойларға билеуге барғанда кейбір той қонақтары қызықтап басын қысып, түртіп қарап мазасын алады. Сол кезде менің денемде ораулы тұрған жылан басын түрткен сайын денесімен мені қатты қыса түседі. Бір жолы сондайда өзімнің жүрегім қысылып кетті, – дейді ол.
Салтанаттың жыланға деген қызығушылығы цирк алаңындағы өнерді тамашалаудан басталған көрінеді. Ол кезде Салтанат «Хореография» мамандығының студенті еді. Атырауға келген мәскеулік көшпелі цирк бишісінің алтын түстес жыланмен билегенін көріп, кәдімгідей қызығады. Бұрын халық билерін билейтін оның ойына цирк сахнасындағы көрініс ой салып, жылан асырағысы келетінін әуелі анасына айтыпты. Бірақ ол қолдағанмен, әкесі қарсы болады.
– Сөйтіп жүргенде өзіміз тұратын алты қабатты үйдің ең жоғарысында тұрсақ та, қолтырауын сатып алдық. Анам сол үшін осы қабаттан қолдан арнайы бассейн жасап берді. Қолтырауын өсіп, үлкейген сайын шағын пәтер тарлық етті де, оны сатып жібердім. Сол уақытта да арманым жыланмен билеу еді. Сөйтіп әкемді қалай да көндіріп, 2011 жылы Малайзияға барып, алтын түстес сары жылан әкелдім. Сол уақытта қазақша күнтізбе бойынша Жылан жылы болған соң фотосессия жасаушылар, бізді тойға шақырушылар көбейіп, сұраныс артып тұрды. Асыраған алғашқы жыланым сол еді, – дейді ол.
Кейін Салтанат тұрмысқа шығарда сары жыланын басқаға сатып жібереді де, отбасымен бірнеше жыл Алматыда тұрады. Атырауға қайтадан табан тірегенде, жыланға деген қызығушылығы әлі де өшпегендіктен осы қара ала жыланды 600 мың теңгеге сатып алған.
– Жыланмен билеу – қазіргі басты кәсібім емес. Бірақ тойға шақыртулар болса, әрине, барамын. Бүгінде тойдан гөрі жастар арасында «фобиямды басқым келеді» деп фотосессияға шақырушылар кездесіп жатады. Арагідік мұндай сұраныстарға 20 минутқа 20 мың, бір сағатқа 40 мың теңгеге шығып тұрамыз. Бұдан басқа аузымнан от шығару секілді иллюзионистік әдістерді де үйренгенмін. Бұл да кейбір адамдар үшін қызық дүние, оны тамашалағысы келіп тұрады, – дейді Салтанат.
«Қалауын тапса, қар жанар» демекші, адам асқақ арманына қол жеткізуді көздесе, алмас асу жоқ. Салтанаттың айтуынша, «мақсатқа жету жолында әсіресе әйел затының алдына ештеңе де кедергі бола алмайды». Алғаш рет алтын түстес жыланға қызығушылықтан пайда болған осы хоббиін ол одан әрі кеңейтіп, келешекте кесірткелер мен павлин құстарды да сәнге айналдырып, асырағысы келеді. Жасы отыздан асқан кейіпкеріміз бұл ойын да жүзеге асыратын уақыттың келетініне әбден сенімді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ