ДӘРІ БАҒАСЫ: тексеріс нені көрсетті?
Atr.kz / 17 шілде, 2020 жыл. Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов өңірдегі дәрі-дәрмектердің шекті бағасын сақтау және дәріханаларда алыпсатарлыққа жол бермеу жөніндегі мониторинг нәтижелеріне түсініктеме берді.
— Азаматтардың шағымы, әлеуметтік желіде Атырау қаласы тұрғындарының дәріханаларды атап, сұраныстағы дәрілік заттардың бағасының бірнеше есе көтерілгендігі туралы шағымдары тексеруге негіз болып табылды.Аймақта дәрі-дәрмектің шекті бағасының сақталуын бақылау бойынша мобильді топ 50-ге жуық дәріхананы тексерді.Тексеріс барысында дәріханаларда шекті бағадан асатын бағамен дәрі-дәрмектер сатылған деректер анықталды,- деді Сәдуақас Байғабылов.
Оның айтуынша,»Новиган Нео №20″ препараттары 600-ден 800 теңгеге дейін (шекті бағасы 583 теңге),» Аспирин Кардио 100 мг №28″ препараттары 1500 теңгеден (шекті бағасы 1271теңге) Кардиомагнил 75 мг № 100″ препараттары 1900 теңгеден (шекті бағасы 1802) сатылғаны белгілі болды.Бүгінде анықталған мұндай деректерге байланысты облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары 9 әкімшілік істі қарауда.
«Дәрілік препараттардың бағасын заңсыз көтерген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне еліміздің Әкімшілік кодексінің 426-бабына сәйкес 130-дан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.Бұдан басқа, «Ортодонт» ЖШС дәріханасында Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік препараттардың 10-ға жуық атауы анықталды.
Департаменттің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің мамандары «Вердант» косметологиялық кабинетін тексеруге қатысты. Тексеру барысында заңсыз кәсіпкерлік қызмет (лицензиясыз фармацевтикалық қызмет) және Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік препараттардың 116 атауын сату фактісі анықталды. Оның ішінде үлкен сұранысқа ие болып отырған Клексан, Азитромицин, Дексаметазон және басқа да препараттардың бар екендігі анықталды,- деді Сәдуақас Байғабылов.
Айта кету керек, аталған екі дерек бойынша Экономикалық тергеу органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА