Жарнама
Жаңалықтар

Дархан жүректі дарабоз

Мешін жылы мәресіне жетіп, жаңа Тауық жылымен тоғысар тұста «бір терінің пұшпағын қырық жылға жуық бірге илеген», бұқаралық ақпарат құралдарының жауапты салаларында табысты да абыройлы қызмет етіп жүрген әріптесім, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әбілхан Төлеуішов асқаралы 60 жастың белесін бағындырып отыр.

%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%c2%a6%d1%80%d0%b5%d0%ba%d1%82%c2%a6-%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b1%d0%be%d0%b7

Әбекең өмірдің мәнін жастайынан ұғынды. Әкесі Сейтім Қызылқоға ауданының Ленин атындағы кеңшардың директоры қызметінде жүріп, отыз төрт жасында өмірден озды. Төрт баламен жесір қалған анасы мен әжесінің тәрбиесінде болған Әбілхан мектепте оқуға зерек болды. Жастайынан аналарының қолғанатына айналған ағасы Әбілхат та, Әбілхан да мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсті. Әбілхат құрылыс-инженері мамандығын таңдады, оқуын бітіріп келіп, шаруашылықтың құрылыс саласында жұмыс істеді. Әбілханның бүйрегі Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне бұрды.

Еңбек жолын 1978 жылы №12 Сағыз кәсіптік-техникалық училищесінде мұғалімдіктен бастаған Әбекеңнің кейінгі қызметтері журналистикамен тығыз байланысты болды. Аудандық «Коммунизм туы» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі болып жүрген, айтары ойын ашық жеткізетін бұл жігітті әуелі кезінде әкесі Сейтім басқарған Ленин атындағы кеңшардың комсомол комитетінің хатшылығына сайлайды. Сосын араға төрт жыл салып, жастар арасындағы беделі биіктеген, қоғамдық ортада іскерлігімен, белсенділігімен көзге түскен Әбілханға аудан басшылары үлкен сенім артып, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымына тағайындайды.

Бірақ, екі жылдан соң ол өзінің әу баста таңдаған сүйікті кәсібіне қайта оралды. Балықшы аудандық «Каспий таңы», Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыройлы атқарды. Сөйтіп, қаламын ұштап, шығармашылығын шыңдаған Әбілхан бағын радио, тележурналистика саласында да сынады. Он жылдан астам уақыт облыстық телерадиокомпаниясында редактор, аға редактор, бөлім жетекшісі ретінде облыстың әлеуметтік-эконмикалық даму жетістіктері мен еліміздің Тәуелсіздік жылнамасын жазуға бір кісідей үлес қосты. Әбекеңнің радио тыңдарман мен теле көрерменнің жүрегіне жол табатын талай хабарларымен көгілдір экранның көзайымына айналғаны көптің есінде.

Әбілхан құрдасымыз 2003 жылдан бастап облыс әкімінің ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, бастықтың орынбасары, ішкі саясат департаментінде ақпараттық саясат және БАҚ мониторинг бөлімінің басшысы қызметінде жүріп, кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде мерзімді басылымдар жұмысына басшылық жасады, олардың сапалы, әрі мазмұнды шығуына ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдарын беріп отырды.

Қарымды қаламгер кітап баспасы ісімен айналысатын «Арыс», «Маржан сөз» ЖШС-нің Батыс Қазақстан облыстарындағы өкілдігіне басшылық етті. Республикалық «Алтын аймақ» газетінде атқарушы директор – бас редактор, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының кеңесшісі, өндіріс бөлімінің басшысы, әдеби редактор сынды жауапты қызметтерді абыройлы атқарды. Оның шығармашылық еңбегінің нәтижесінде қаламынан туған мұнайлы өлке спортшыларының табыстарын баяндайтын «Атырау ақиықтары», «Нар жолында жүк қалмас», «Күш атасын танымас», сондай-ақ, мұнай өнеркәсібі, мұнай-газ кен орындары, осы сала ардагерлерінің өмірі жайлы жазылған «Қара арна»: кеше және бүгін» жинақтары, ауылдық, аудандық энциклопедиялар оқырмандарға жол тартты. Өлке тарихына қатысты сериялық туындыларды шығаруда редакция алқасының мүшесі, бас редакторы болды.

Әбекең – ана тіліміздің жанашыры, қоғам белсендісі. Соңғы жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстағы жетекшісі ретінде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, қолданылу аясын кеңейтуге, Тәуелсіздік жылдарында елді мекен, жер-су, көше атауларын ономастикалық заңдылықтармен ретке келтіру ісіне өзінің білігі мен тәжірибесін аяған емес.

Журналистикадағы ұзақ жылғы еңбегі де елеусіз қалмады. Ол Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Әбекеңнің өңіріндегі «Мәдениет қайраткері» төсбелгісі, «Тіл жанашыры» құрмет белгісі, «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағы туған жер түлегіне көрсетілген зор құрмет деп ұғынған ләзім. Бұдан басқа облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі марапаттары аз емес.

Ол адамға жақсылық жасаудан, көмектесуден талмайтын азамат. Ауылдан Атырауға келген жерлестерінің біраз шаруасын Әбілханның көмегімен бітіріп, көтеріңкі көңілмен кетіп жатқандығына талай рет куә да болдық. Ол жанына адал дос, жақсы жора-жолдас жинады. Алматы, Астана, Ақтөбе, Маңғыстау, Орал мен Қызылорда, Арқа мен Шығыстан телефон шалып, бірге оқыған курстастарымен қуанышты бөлісіп, қайғыларына ортақтасып жатқанын да естіп жатамыз. Әбекеңнің қазақтың белгілі зиялы қауым өкілдерімен жақын араласып, сыйластықта жүретіндігін де білеміз. Ақкөңіл, ақжарқын, кең пейілі, жаны жайсаң жігіттен ақыл-кеңес сұраушылар да жетерлік.

Адам баласын алалауды білмейтін, қашан кезіксең де жарқылдап, үнемі күлімсіреп, іні-қарындастарына ағалық өнегесін, үлкендері жағына өзінің інілік ізеті мен сыпайы мінезін көрсетіп, жора-жолдастарын әзіл-қалжыңымен қағытып жүретін Әбекеңнің өзі қызмет жасайтын ортаға тез сіңісіп кететіні де осы адами қасиеттерінен-ау деймін. Оның туған ауылын, өскен ортасын, оның ақжарқын адамдарын ардақ тұтып, шамасы жеткенше мақтап, жылы сөзін айтып, жақсылықтарын жанына жалау қылып жүретін қасиеті де көптің бойынан табыла бермейді.

Өзіміз күнде көрісіп, амандық-саулық сұрасып, бір-бірімізге деген ниет-тілегімізді білдіріп жүретін сыйлас әріптесім Әбілханның шаңырағына мешін жылының соңғы айлары тым ауыр тиді.

Сонау мектеп қабырғасындағы балалық достықты, кейін шынайы махаббатқа айналдырып, жұптасып отау көтерген шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйытқысы, асыл жары – Ләззатынан қас қағымда айырылды. Ағайын-туыс, бауырларымен, жора-жолдастарымен жан серігінің қырық күндік қадесін өткізе салысымен, ардақ тұтар асқар тауындай болып кеткен, арқасүйер жалғыз ағасы Әбілхат та кенеттен көз жұмды. Бұл өмірде арқа-жарқа жүретін,  азаматтың еңсесін езіп жібергендей болды. Бірақ, шүкіршілік етер жайлар да бар. Әбекеңнің жалғыз тал гүлі – Айнамкөзі биыл Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін үздік дипломмен бітірді. Магистратураға оқуға түсті, еңбекке араласты.

— Халық «шүкіршілік етіңдер, арты жарассын» деп көңілдерін білдіріп жатыр. Ел-жұртқа ризамын. Жақсы күндерде жолығып жүруге нәсіп қылғай! — дейді Әбекең бізге жабырқау көңілін жүдеткісі келмегендей кейіппен.

Алла тағала адам баласы көтере алмайтын сынақ бермейді. Сынақпен қоса, сол қиындықты еңсеретін күш-қайратты қоса береді. Енді алдағы күндерде Әбекеңе, оның отбасына қуанышты күндерді көп қылғай деп тілейміз.

Бақытжан Жұмат

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button