Көшеңіз кімнің атында?
Жаңарып, жасарған Атырау шаһары бүгінде инвесторлар ғана емес, мұнда келген барша мейман мен тұрғындар үшін де тартымды аймақ саналады. Бір-біріне ұқсамайтын әсем ғимараттар мен заманауи нысандар алыстан көз тартады. Жарқыраған түнгі қаланың ажары тіптен ерекше. Өңірдегі өркенді істердің нәтижесі облыс орталығынан анық байқалады. Халық саны көбейіп, жаңа ықшамаудандар аумағы кеңейіп келеді. Десек те, мұнайлы шаһардағы көшелер мен ықшамаудандар атаулары хақында ой сараптауды жөн көрдік.
Иә, дамудың даңғыл жолына түскен қазыналы аймақта соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған жарқын жобалар жүзеге асып, тың идеялар қолға алынды. Жаңадан бой түзеген мөлтекаудандарға инфрақұрылым жүргізіліп, кейбір аулалар тақтайдай тегіс жолдармен қамтылды. Бұрын жеке сектор тұрғындары құдықтан су тасып, әбігерге түссе, қазір ыстық пен салқын су үйдегі краннан сарқырап ағып тұр. Сөйтіп, атыраулықтардың тұрмыс деңгейі айтарлықтай жақсарып келеді. Тіпті, қажет десеңіз, халық көп шоғырланатын алаңдарда уай-фай арқылы тегін интернет таратылады. Озық технологияларды енгізудің арқасында топырағы тұзды, сортаң жерде жасыл желек жайқалып, гүлдің сан алуан түрі өсті. Бұл облыс орталығының көркейіп, жаңара түсуіне өзгеше реңк берді. Алайда, қаладағы көшелер мен ықшамаудандарға атау беру жайы ойландырады. Жұлдыз-1, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Нұрсая-1, Нұрсая-2, Нұрсая-3, Тасқала-2, Тасқала-3, Ақжар-1, Ақжар-2, Ақсай-1, Ақсай-3… Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Бірақ, соның өзінде жұртты шатастырып, сергелдеңге салып жүргені қалай? Әлде айтуға ыңғайлы, мағыналы, шұрайлы атаулар «таусылып» қалғаны ма?
Әрине, бұл бір қарағанда ұсақ-түйек көрінуі мүмкін. Бірақ, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге ширек ғасырдан астам уақыт кезде өткен кезең сарқыншағының әлі де санамыздан кете қоймағаны көңілге қаяу түсіретіні анық.
− Егеменді ел атанғанымызға жиырма бес жылдан астам уақыт өтті. Алайда, кейде қаланы аралап жүрген кезде әлі де ескі атаулары жаңартылмаған немесе сандармен ғана белгіленген көшелер бар екендігі байқалады. Ал, оны әдемі атаулармен алмастырса қандай жақсы болар еді?! Өңірімізде танылмаған тұлғалар қаншама? Олардың есімдерімен көшелер аталса, балалар сол арқылы танып-білмей ме? Әркім өз тарихымен мақтануы керек қой. Мол мұрамыз бен байлығымызды өзіміз жаңғыртпасақ, бізге ешкім жасап бермейді. Ұлттық кодымызды жоғалтып алмау үшін алдымен сананы жаңғырту керек, — дейді филолог Жанар Жалғасбаева.
Ал, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен білгеніміздей, облыс орталығында жаңадан бой көтерген ықшамаудандарға ұлы тұлғалардың есімін беруге зиялы қауым өкілдерінен ұсыныс түсіп, жиын өткізілген. Айтылған ұсыныс-пікірлер толық тыңдалып, талқыға салынған. Сөйтіп, бұл тұрақты жұмыс істейтін қалалық ономастикалық комиссияға ұсынылып, сессияда қаралған. Алайда, елімізде жаппай атау беруге мораторий жарияланып, тек 518 атау сараланған.
− Біз идеологиялық мәні бар есімдерді таңдадық. Бұлардың ішінде тәуелсіздігімізді айқындайтын атауларға басымдық берілді. Мысалы, Нұрсая ықшамауданындағы «АРЕС Петротехник» колледжі орналасқан №11 көше «Елорда даңғылы» деп аталды. Сондай-ақ, Атырау облысының құрылғанына – 80 жыл, елімізге еңбегі сіңген белгілі мұнайшы, танымал тұлға Таумыш Жұмағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай кейбір көшелерге есім берілді. Өйткені, дәстүрлі атаулармен қатар Қазақстан тарихында ерекше үлес қосқан жандар да елеусіз қалмауы тиіс. Осылайша, 27 көшеге атау беру мәселесі бойынша облыс әкімдігі мен мәслихатта бірлескен қаулы және шешімнің жобасы дайындалу үстінде. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, жалғаса береді, — дейді Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев.
Рас, атауды өзгерттік делік. Бірақ, халықты берілген атаумен атауға қалай үйретеміз? «Олай емес, былай дұрыс» деген бірнеше пікірталастан, сатыдан өтіп барып қабылданған жер, көше, нысан атауларын жұртшылық арасында қалай насихаттаймыз? Басқасы басқа, осыдан үш-төрт жыл бұрын бекітілген қазақша аялдама атауларының өзін тұрғындар бұрынғыша атайды. Кейде Өрлеу, Қайнар деген елді мекендерді орнымен атап жүргендерді сирек кездестіресің. Сол баяғы Тасқала-1, Тасқала-2-ден айнитын емес.
− Қазір қала бұрынғыдай емес, жаңарды, көшелер көбейді. Шаһардың кеңейгені жақсы ғой. Бірақ, кейде баратын жерімізді таба алмай, әбігерге түсетініміз қиналтады. Әсіресе, жеке секторға оңай соқпай тұр. Жуырда Жұлдыз ықшамауданынан жақын апайым үй салып, қоныстойға шақырған. Таксиге тапсырыс беріп, елді мекенге жеткенмен, үйді таба алмай біраз сергелдеңге түстік. Сөйтсек, көшелер нөмірмен ғана аталады. Оның өзінде көше басындағы бір үйдің ғана шетінде жазылып тұр. Бүгінде баратын жеріңді атау емес, жанындағы ғимарат немесе нысан арқылы іздейтін жағдайға жеттік. Ойланарлық жайт, — дейді қала тұрғыны Гүлайна Иманәлиева.
Осыдан бір-екі жыл бұрын әлеуметтік желіде «Атырауда бір ғимаратқа бару үшін қасындағы дүкенді немесе сауда орнын айтпасаң адасып қаласың» деген әзіл-шыны аралас бейнеролик тараған еді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, күні бүгінде осынау келеңсіздікті жою бағытында жұмыстар қолға алынғанмен, әзірге атау беру «жырының» соңғы нүктесі қойылмай келеді. Бұған жаңа атауларды халыққа дағдыландыру жайын да қосып қойыңыз. Жалпы, жер-су, жаңадан бой көтерген ықшамаудандардың атаулары немқұрайлы қарайтын нәрсе емес. Олар өлкеміздің, туған жеріміздің тарихынан хабар, тағылым беріп, ой салып тұратындай болуы тиіс.
Мәселен, қалаға қарасты Теңдік ауылының тұсында бір кездері «Ақтөбе Лаэти» атты қала орны болғаны туралы тың деректер бар, тарихшылар оның нақты орнын да анықтаған. Сондай шежірелі атаулар қайтадан жаңғыртылып жатса, несі айып? Ал, қазақтың болмысын, дархандығын, ерлігін паш ететін ойлы атаулар көп емес пе? Олай болса, «бірінші», «екінші», «үшінші» деп шұбырта беру кімге қажет? Жері қазыналы болмаса да, туризммен әлемге танылып отырған мемлекеттердің өзі ең алдымен тарихи тұлғаларымен, мол мұрасымен мақтанады. Соларды насихаттау арқылы танылады. Ал, біз барымызды бағаламай келеміз.
Айбөпе САБЫРОВА.