Жыртылған Ту, ескірген Елтаңба…
Облыс әкімі жанындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның кезекті отырысын қорытқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев өз ойын осылай түйіндеді.
Комиссияда алдымен Қызылқоға ауданының әкімі Арман Баженов Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен насихаттаудағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Зерделеу барысында анықталған кемшіліктердің басым көпшілігі мекемелердің маңдайшасында және басшылардың жұмыс кабинеттерінде орнатылған мемлекеттік Елтаңбаның түсі өзгеріп, дақтанып кетуіне байланысты болды.
«Бұл кемшілік өнім шығарушылардың мемлекеттік Елтаңбаны сапасыз материалдан дайындағандығынан орын алып отыр. Стандартқа сай келмейтін Елтаңбалардың басым көпшілігі Атыраудағы «Ақ желкен» ЖШС арқылы сатып алынған. Ал, өнім шығарушы – Қарағанды қаласындағы «Ақ бастау kz» ЖШС. Ғимараттар сыртындағы тозған Мемлекеттік тулар жаңасына ауыстырылды және мәдениет пен білім беру ұйымдары ғимараттарындағы кемшіліктер жойылып, қалыпқа келтірілді» деп мәлімдеді аудан әкімі.
Комиссия отырысында «Облыс бойынша мемлекеттік рәміздерді қолдану барысында орын алған заң бұзушылықтар мен алынған шаралар туралы» Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Демегеновтың айтуынша, есепті мерзімде мемлекеттік рәміздерге қатысты заң бұзушылықтар орын алмаған.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев Махамбет, Қызылқоға және Жылыой аудандарындағы мемлекеттік органдар мен мекемелердегі мемлекеттік стандартқа сай емес мемлекеттік рәміздерді жою және ауыстыру бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы хабардар етті.
Іссапар барысында Жылыой ауданындағы 33 мемлекеттік органда пайдаланудағы Тулар мен Елтаңбалардың талаптарға сәйкестіктері зерттелген. Қосшағыл, Жем, Жаңа Қаратон кенті ауылдық округтері әкімі аппаратының, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі және бірнеше аудандық бөлімдері орналасқан ғимараттар алдындағы Елтаңбалар күнге күйіп қарайған. Жаңа Қаратондағы «Балдырған» балабақшасы ғимаратына ілінген Ту жыртылып, түсі өңіп кеткен. Ал, аудандық ішкі істер бөліміне қарасты құрылымдық бөлімшелер орналасқан ғимараттар маңдайшасында Елтаңба орналастырылмаған. Мониторинг барысында орын алған кемшіліктердің бірқатары жойылды. Тозығы жетіп, жыртылған мемлекеттік Тулар талапқа сай ауыстырылды.
Комиссия отырысын қорытқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев «Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігін айқындайтын басты нышандар. Сондықтан, олардың талапқа сай қолданылуына ұлтжанды, Отанын сүйетін әр азамат мүдделі болуы керек. Мемлекеттік органдар, мекемелер, құқық қорғау органдар басшылары Мемлекеттік рәміздерді қолдану мәселесіне жауапты тұлғаларды белгілеп, талап пен жауапкершілігін арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастыруды тапсырамын» деді.
Комиссия отырысын барлық аудандық әкімдіктер жанындағы Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның мүшелері онлайн режимінде көрді.
Бақытжан ЖҰМАТ