Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Жыл жаңалығы: 112 – бірыңғай диспетчерлік орталық

1386271049 izmerenie davleniya

Жыл басында облыста «жедел    жәрдем»  қызметінде 112 бірыңғай диспетчерлік орталығы жұмысын бастайды. Бұл жүйенің ерекшелігі тұрғындардың шақыртуларына байланыс-ты, мәселен, жол-көлік оқиғасы орын алса, мұндай қоңырауға тек медицина мамандары ғана емес, құтқару қызметі мен полицияның да әрекет ету топтары бір мезетте жетіп үлгереді. Саладағы осы және өзге де жаңашылдықтар туралы облыстық «жедел жәрдем» стансасының директоры Ерлан Сүйеуғалиев айтып берді.

– Бұл орталықты ақпараттық жүйемен қамтуда 130 «жедел жәрдемші» және қалалық емханалар мен стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің мамандары оқытылуда. Орталық қызметі әзірге облыстық «жедел жәрдем» стансасына қарасты болады. Болашақта жеке ашу жоспарланды. Осынау бірыңғай диспетчерлік қызмет іске кіріскенде тұрғындар тарапынан шағым болмайды деп  күтілуде. Өйткені, қоңыраулар бірыңғай жүйеге түсіп, сала мамандары ұйымдасқан түрде қас пен көздің арасында науқастың жанынан табылады. Бұдан басқа, біздегі қызмет көрсету халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді, — дейді Ерлан Бердіғалиұлы. Бұл ретте сала мамандары біліктілігін шыңдап, үздіксіз оқытылуда. Симуляциялық орталықтарда қажетті құрал-жабдықтар бар. Дегенмен, оның жұмысын әлі де кеңейту алға қойылды. Биылдың өзінде жаңадан муляждар алынды. Облыс орталығындағы «жедел жәрдем» стансасының жаңа типті ғимаратын салу да жоспарланды.

Адамға шұғыл медициналық көмек көрсетуде тұрғындардың да сауатын арттыру маңызды. Осы мақсатта халық көп шоғырланған жерлерде, мәселен, ойын-сауда орталықтарында еріктілердің жұмысын ұйымдастыру қолға алынуда. «Белгілі себептермен, мәселен, көлік кептелісі кездерінде «жедел жәрдемшілер» жеткенге дейін тұрғындар арасында жүрген еріктілердің науқасқа алғашқы көмек көрсетуін жүргізуді жоспарладық. Осы мақсатта облыста еріктілер санын мыңға жеткізіп, олар арнайы оқытылып, заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен де қамтылады» дейді Е.Сүйеуғалиев.

Өткен жылы аталмыш қызмет автоматтандырылған жүйеге көшті. Санитарлық авиация қызметі де жүйелі жолға қойылып, жол бойындағы апатқа жедел жетуге мүмкіндік жасалды. Қазір санитарлық авиацияда бір ұшақ, бір тікұшақ және төрт автокөлік бар. Өткен жылы оларға 180 шақырту тіркелді. Сондай-ақ, бүгінде мамандандырылған медициналық бригадалар саны артуда. Мәселен, жуырда Атырау қаласына қарасты Дамбы елді мекеніне арнайы бригада бөлінді. Олар  сол аумаққа жақын шағымдарға жылдам жөнелтіледі. Сонымен қатар, әрбір бригадалық топ заманауи құралдармен жабдықталған. «Бізге әрбір мөлтекауданнан стансаларды ашу тиімді емес. Бұл ретте бригадалар санын көбейтіп, оларды қала маңындағы ықшамаудандардың амбулаториялық пункттеріне бөлуді қолға алудамыз. Жақында Дамбы ауылын арнайы бригадамен қамтысақ, ендігі уақытта Еркінқала, Балауса елді мекендерінде осы жұмыс ұйымдастырылады» дейді Ерлан Бердіғалиұлы.

Бүгінде шақыртулар төрт санатқа бөлінеді. Алғашқы санаттағы қоңырауларға, яғни, өте ауыр жағдайларға жету уақыты – 10 минут. ІІ шақыртуларға – ұстама, ашық, жабық жарақаттар, сынық секілді шағымдарға жету үшін 15 минут белгіленді. Ал, үшінші санатқа босанулар жатады. Оларға жету ұзақтығы 30 минут болса, IV санатқа дене температурасының көтерілуі, қан қысымының жоғарылауы секілді басқа да аурудың жеңіл түрлеріне жету мерзімі – 60 минут. Төртінші санаттағы шағымдарға өз мекен-жайындағы емхананың жанынан құрылған «жедел жәрдем» бригадалары жіберіледі.

Бүгінде көктайғақтың әсерінен жарақат алушылар саны көбеюде. Мәселен, бір күнде облыста көшеде құлау, жол-көлік оқиғасынан жарақат алғандар саны – 12. «Қазір шағымдардың біраз бөлігі созылмалы аурулардың салдарымен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуына байланысты артуда. Мәселен, былтыр 190 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның ішінде 1200 адам зардап шегіп, отызы қайғылы жағдайға душар болды. Бұл ретте әр жүргізуші жол ережелерін қатаң сақтап, адам өміріне жауапкершілікпен қарағаны абзал. Сондай-ақ, қазіргі мезгілге байланысты жіті респираторлық вирустық инфекциялар көбейді. Дегенмен, бүгінде облыста медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде адамдар арасында денсаулығына байланысты сауаттылық деңгейінің көтерілгені байқалады» дейді Ерлан Бердіғалиұлы.

P.S. Түрлі ауруларды көзбен көріп, әрбіріне әртүрлі ем-дом жасай білетін сала мамандарының еңбегі қашан да зор. Олар ауыр халдегі науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін ажалдан арашалайды. Қызметтің қиындығына қарамастан өз ісін ұдайы атқарып жүрген ақхалаттыларға біздің қоғамда жан-жақты қолдау көрсетілуі қажет. Мәселен, көшедегі мекен-жайлардың атауы мен үйдің реттік нөмірін дұрыс жазу «жедел жәрдемшілер» үшін аса маңызды. Көліктің сиренасы қосулы болса да жүргізушілердің жол бермей жататын тұстары да бар. Осындай себептердің салдарынан «жедел жәрдемнің» уақытылы келмеуі орын алатынын ұмытпай, оны ретке келтіруде әрбір адам мүдделі болса игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА



Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button