Бір күн ішінде шетінеп кеткен екі бірдей сәби өліміне қатысты атыраулық дәрігерлер түсінік берді
Атырауда екі бірдей сәби бір күн ішінде көз жұмды. Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сәбилердің өлімі 29 қаңтар күні тіркелген. «Шетінеген екі айлық қыз баладан сепсис, септикомия синдромы анықталды.
Фото — mgorod.kz
Науқас менингоэнцефалиттің іріңді ауыр формасымен ауруханаға түсті. Ауруханада алты күн жатты. Екінші қыз бала да сол күні көз жұмды. Экспертиза екі жасар сәбидің өліміне сепсис пен инфекция себеп болғанын көрсетіп отыр» делінген «Мой город» порталының Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметіне сілтеме жасап таратқан хабарламасында. Айта кету керек, бұған дейін кей ақпарат құралдарында сәбилердің өліміне қызылша инфекциясы себеп болды деген мәлімет тараған болатын. Бұл ақпаратты Атырау қалалық №5 емханада өткен баспасөз-конференциясы кезінде дәрігер мамандар ресми түрде жоққа шығарды. Бұған дейін № 2 Атырау облыстық ауруханасына 191 адам қызылша дертін жұқтырдым деген күдікпен қаралған. Қазіргі таңда олардың 111-і дерттен толықтай емделіп шықса, 30 науқас әлі де ауруханада жатыр. Дерттің асқынуына аталмыш инфекцияға қарсы вакцинаны өз дәрежесінде қабылдамау жағдайы да себеп болып отыр. Дәрігер мамандар таратқан мәліметке қарағанда, ата-анасы қызылшаға қарсы екпе салдырудан бас тартқан 6 жасқа дейінгі балалардың саны 4214-ке жеткен. Жасы 30-ға дейінгі 8000 адам вакцина алудан бас тартқан. Қазіргі таңда қызылша ауруы деңгейі бойынша Атырау Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр.